Отбасымен бірге отырып тамашалауға болатын жаңа жылдық фильмдер

Отбасымен бірге отырып тамашалауға болатын жаңа жылдық фильмдер
Фото: Около

Ақпараттық заманның дәуірінде кез келген мерекені белгілі бір мультимедиялық туындымен байланыстырмасақ, мерекені қабылдауға деген көңіл-күйіміз ойдағыдай болмай жатады. Оның үстіне, Жаңа жыл болсын, Рождество болсын барлығы да отбасылық мерекелер емес пе! Әсіресе, балалар қауымы жаңа жыл мерекесін ертегі, ғажайыптар әлемі деп қабылдайтындықтан, осынау қиял шаттығын шад-шадымен шағында кешу үшін әсем де әсерлі мультфильмдер, анимациялық фильмдер мен көркем фильмдердің әсері мол. Үлкен жастағы адамдар жыл сайын көруден жалықпайтын, әр көрген сайын жаңа күйге бөленетін өзінің сүйікті туындыларын тағат таппай күтеді. Жаңа жылды сезінуге, мерекені мәнді қарсы алуға әрі уақытты қызықты да танымды өткізуге көмектесетін фильмдер топтамасына кезек берейік.

Үйде – жалғыз 1/2 («Один дома 1/2»)
Жаңа жылдың айнымас, ажырамас классикасына айналған «Үйде – жалғыз» көркем туындысы қаншама ұрпақтың санасында мәңгі жатталып қалды десеңізші. Бұл танымал франшиза соңғы 25 жыл бойы кез келген телеарнадан көрсететін тұрақты телеөнімге айналды. Фильмнің сюжеті көпбалалы Маккалистер отбасының Мерекені қарсы алуға Еуропаға, кейінгі бөлімінде Флорида қаласына аттануымен, алайда Кевин есімді сегіз жасар кенже баласын ұмытып кетумен байланысты. Онсыз да отбасы мүшелері үшін қадірі сақтала қоймаған сотқар кенжеміз үйде жалғыз қалғанына, басқа қалаға байқаусызда ұшып кеткендігіне қатты қуанады. Мерекені өзі ғана қарсы алуға бел буған кейіпкеріміз мейрам күндерін барынша қызықты өткізуге тырысып бағады... Алайда мереке күндері қожайындары жоқ үйлерді тонаумен айналысатын қандықол ұрылардың назарына түсіп қалған қаһарманымыз өз «территориясын» қорғауға көшеді...
Комедияға толы сюжеттер кез келген балаға, тіпті, ата-анаға күлкі сыйлары хақ. Отбасын сүюге, ата-анасын қадірлеуге, туыстарын жақсы көруге, кешірімшіл әрі қамқор, қайырымды болуға үйрететін, өз меншігін қорғауға, зұлымдықпен күресуге үндейтін аталмыш фильм кез келген балаға адамгершіліктің, қадірдің, күресудің не екенін ұғындырары сөзсіз.

101 далматинец (1996 жыл)
Бұл «қара қожалақ» иттер туралы білмейтін адам жоқ болар, сірә. Түсімен ғана емес, санымен де ерекшеленетін бұл үй хайуандары кімді болса да қызықтыратыны сөзсіз. Мерекеде өз-өзіне сыйлық (үлбір тон) жасауды шешкен Круэлла Дэ Вил есімді мыстан кейіпкеріміз бір вагон далматин-күшіктерді ұрлап әкетеді. Алайда сұраусыз дүние қайдан болсын. Әрі түкке татымайтын тон үшін 100 хайуанның обалына қалуға бола ма?! Болмайды, әрине... Одан әрі ақылды күшіктердің қашуы мен оның қожайындарының құтқару операциясы басталып кетеді...

Шыршалар («Елки», 2010)
Талантты отандасымыз Тимур Бекмамбетов түсірген ресейлік «Шыршалар» фильмі де заманауи классикаға айналып үлгерді. Алайда көпсериялы комедияға айналған аталмыш фильмнің тек алғашқы фильмін ғана көрген дұрыс. Жаңа жылдық комедияның оқиға барысы Ресейдің 11 қаласында қатар өрбиді: Калининград, Қазан, Пермь, Уфа, Баулы (Бавлы), Екатеринбург, Красноярск, Якутск, Новосибирск, Санкт-Петербург және Мәскеу. Фильмнің кейіпкерлері – такси жүргізушісі пен поп әншісі, кәсіпкер мен актер, сноубордшы мен шаңғышы, студент пен пенсионер, әйел директор мен өрт сөндіруші, ұрлықшы мен полицей қызметкері, гастарбайтер мен Ресей президенті. Кейіпкерлеріміз ғажайып мерекенің қарсаңында өте бір «қырсық» та бір түрлі ыңғайсыз, қолайсыз жағдайларға тап болады... Оларды тек ғажайып мерекенің ғажап сиқры ғана құтқаратындай...

34 көшедегі ғажайып («Чудо на 34-й улице», 1994)
Көркем фильмде әкесі жоқ, алайда үлкен үйде үлкен жанұясымен, ата-анасымен өмір сүруді қалайтын Сьюзан есімді кішкентай қыздың жаңа жыл кезіндегі оқиғасы баяндалады. Кейіпкеріміздің арман-қалауы, тілегі болғанымен, Аяз Атаға сенбейтін еді. Өйткені анасы бірде Аяз Атаның болмайтындығын, оның жалған, ойдан шығарылған кейіпкер екендігін айтып салған болатын. Осы бір мерекеде кішкентай қыз тұрып жатқан қалада қайдан келгені белгісіз, сыртқы түрі Аяз Атаға қатты ұқсайтын бейтаныс адам пайда болады... Бұл бейтаныс кейіпкердің алдында кішкентай қыздың сенімін өзіне қайтару, ғажайыпқа сену керектігін дәлелдеу мақсаты тұрады. Қамқор да ақкөңіл, қайырымды да адал Аяз Атаның рөлі, көңіл толқытар оқиға кез келген отбасы мүшесін баурап алады, әсерлі көңіл-күй сыйлайды.

М. Ақан