Хат жаздым Аяз атаға...

Хат жаздым Аяз атаға...
Фото: www.pinterest.com

Көптен бері қолыма қалам алуды ойлап, не жазарымды білмей жүр едім. Бүгін, бойымды тіктеп, бар күш-жігерімді жинап сүйікті Аяз атаға хат жазуға отырдым. 

Құрметті, Аяз ата! Қалыңыз қалай? Сізді жыл бойы күтіп келемін. Жылына, онда да тек қыста келетіндіктен, осы мезгілді асыға күтемін. Қыс түссе қуанышым ұлғая түседі. Биыл біз үшін жақсы жыл болды. Бұрын үйде жалғыз едім, қазір кішкентай інілі болдым. Енді жалғыз ойнамаймын. Інімді ойнатқан сондай қызық. Сізден көп нәрсе сұрасам, бәрін әкеліп бермейтініңізді білемін. Өйткені, сыйлық күтетін менен де басқа балалар бар ғой. Олар да сіздің қолыңыздан сыйлық алғанды жақсы көреді. Сіз келеді деп, әкем екеуміз үйге шырша құрып, әдемілеп безендіріп қойдық. Шыршаның не екенін түсінбесе де, жанған шамдарына қарап інім мәз боп жүр.

Құрметті, Аяз ата! Жаңа жылға маған сиқырлы шана әкеп беріңізші. Інімді отырғызып ап, бүкіл жерді шарлағым келеді. Сосын, барша балаларға да сондай шана сыйлаңызшы. Бәріміз қыдырсақ қандай жақсы. Аяз ата, өткенде көрші ағаның баласы Айдостың шаңғысы сынып қалды. Сол кезде оның жылағанын көріп, жүрегім ауырды. Сіз бәрінің көңілін табасыз ғой, сізден өтінемін, оған дәл сондай шаңғы әкеліңізші.

Құрметті, Аяз ата! Сізден жыл сайын жаңа нәрсе сұраймын. Сіз келетін күн де жақындап қалды. Алты бұғы жетектеген сиқырлы шанаңызға отырып, алыс жолдан шаршап келе жатқан шығарсыз. Анам шай дайындап қояды. Әкем, інім, анам бәріміз дастархан жайып, сізді күтеміз. Біздің үйдегі шыршаны айналып ән айтамыз. Ар жағын сіз келген соң айтамын, Аяз ата. Тезірек келіңізші...

Сағынышпен: сізді асыға күтетін Дастан

Ж. Жұмағұлов