Массагет ұжымының жаңажылдық отырысы

Массагет ұжымының жаңажылдық отырысы

Жылдағы дәстүрді жалғастырып Массагет ұжымы биыл да жаңажылдық отырыс ұйымдастырды. Күнделікті қарбалас жұмыстан босап, өтіп бара жатқан жылды қорытындылап, келер жылға жоспар құрып, түрлі ойын ойнап өткізген осынау көңілді кешімізден дайындаған арнайы фоторепортажымыз бар еді. Назар салыңыздар!

Отырысымыз жұма күніне түскендіктен, мерекелік кешке ұжым жігіттері толық жұмыс уақытын өтегеннен кейін ғана баруға рұқсат етілді. Дегенмен біз оқырмандардың жанына жағатын мақала жазып отырғанда, бұл күні жұмыстан босатылған ұжымымыздың қыздары біздің асқазанға жағатын тамақ дайындап жатқан болатын. Жұмыстан келсек, мынадай дастархан жайылып тұр екен.

Біз негізі бәрі осылай болатынын күткенбіз. Себебі, ұжым қыздары ешқашан бізді аш қалдырған емес.

Асхана басшысы менің Құдай қосқан қосағым Жазира Байдалы болды.

Оның құзырына бәрін реттестіріп, жұмысты қыздарға үлестіру және жұмыс барысын қадағалау кірді.
 
Мысалы, Гүлжанар Жарқынбекқызы палау әзірлеп, салат араластыру, ыдыс дайындау жұмыстарымен айналысты.

Ал дастарханды әрлеп, ыдыс-аяқты орын-орнына қоюды Әсел Асанова өз мойнына алды.

Ақтоты Жапатова да жұмыссыз қалмады. Ол торт дайындады. Бұл торттың қалай дайындалатынын массагет мәзірінен көре аласыздар.

Бауырсақты дәмді етіп пісіру Нұржамал Үсеноваға тапсырылды. Нұржамалдың бауырсақтары құпия рецептімен жасалатындықтан, оны әзірге массагет мәзіріне сала қойған жоқпыз.

Барлық жұмысты қыздар істеп қойғанына ыңғайсызданған Жасұлан Исақаев оларға көмек қолын созды.
 
Ал Өмірбек Сансызбаев қайда жүрсе де жұмысты ойлап жүретін әріптестеріміздің бірі. Мына сәтте ол алда жазатын мақаласына тақырып ойластырып отырған сыңайлы.
 
Осындайда порталымыздың барлық құрылғыға бейімделгені қандай жақсы дейсің.
 
"Хочу к Меладзе" шоуының финалисі Әлібек Әлмадиев — ұжымымыздың мүшесіне айналып үлгерген жандардың бірі. Оның Шамшаддин Омаровпен бірлесе орындаған "Біргеміз" атты әнінің жазылуына Массагет ұжымының тікелей қатысы бар.
 
Еркебұлан Қайрахан бауырымыз Массагеттен ресми түрде кетсе де, бейресми кездесулерден қалмауға тырысады.
 
Қыздар дайындықты жалғастырып жатыр.
 
Нұрбол Нұрмаханұлы қыздардың тапсырмасы бойынша дүкенге барып келген еді. Ол келісімен Жасұлан екеуі дастархан басына келіп жайғасты.
 
Біз дастархан басына отырған сәтте келген Бауыржан Жақсымбет бәрімізді мақтап жүреді екен.

Гүлжанар мен Ақтоты ойын ойластырып тұр.

Шай алыңыздар! Шай ішіп отырып әңгіме айтқанға не жетсін, шіркін!

Торт та дәмді шығыпты.

Үйдің тамағы қашан да дәмді ғой. Дүкеннен ала салайық, дәмханаға бара салайық демей, барлық тағамды өз қолдарымен жасап, жігіттерді тойдырып, кешіміздің қызықты өтуіне септігін тигізген ұжым қыздарына алғысымыз шексіз!

Отырыс барысында қолайлы сәт туып, жігіттер ризашылығын ән арқылы жеткізді.

Әнді орындаған, әлбетте Әлібек Әлмадиев. Айта кетерлігі, бұл ән әлі жарыққа шыққан жоқ. Тұсауы осы күні кесілді десек те болады.
 
Әннен кейін де кешіміз аяқталған жоқ. Тағы да қыздар қауымы дайындаған түрлі ойын ойнап, көңіліміз көтеріліп, сергіп қалдық.
 
Келесі күні тағы бір қызықты отырыс болды. Бірақ ол мүлде басқа әңгіме...
Y. Almabek