Жаңа Жыл—2016. Шыршаны қалай безендіреміз?

Жаңа Жыл—2016. Шыршаны қалай безендіреміз?
Фото: blogtime.kz, yvision.kz

Отбасылық саналатын Жаңа Жыл мерекесіне де санаулы күн қалды. Сіз үшін бұл мерекенің айтарлықтай маңызы болмаса да, кезекті мерекелердің бірі ретінде әр күнді өз деңгейінде көңілді өткізген жөн. Ал жаңа жылды шыршасыз елестету мүмкін емес. Себебі жаңа жыл атмосферасын қалыптастыруда шырша бірінші кезекте тұрады. Оны безендіру үшін артық шығындалудың да қажеті жоқ. Қолда бар заттарды қолданып, жоқтан бар жасауға болады. Алайда бұл тұста сіздің ұшқыр қиялыңыз үлкен рөл ойнайды.  

Ең бірінші шыршаны безендіру – үйдегі балаларға ерекше көңіл-күй сыйлағанмен бірдей. Сол себепті шыршаны безендіргенде, балалармен бірге безендірген жөн. Алайда барлық бөлмені безендірудің қажеті жоқ. Тек жаңа жылды қарсы алатын бөлме ерекше болса болғаны.

Жаңа Жыл — тек болашаққа жоспар құрып, алдағы күндерге мақсат қоятын кез емес, ескі жылды есіркеп, тәтті естеліктерді еске түсіруге де таптырмас сәт. Ол үшін өткен жылда түскен ең жақсы суреттерді басып шығарып, әртүрлі пішінге келтіріп, қабырғаға жабыстыруға болады. 

Шыршаны қалауыңыз бен арманыңызға орай безендіруге болады. Сіз үшін ең бастысы махаббат болса, шыршаға жүрек пішіндес ойыншықтар іліңіз. Жаңа пәтер сатып алғыңыз келетін болса, үй пішініндегі ойыншықтар ілуге болады. Қаржылық жағдайыңыз жақсарғанын қаласаңыз, шыршаны ақшамен безендіруге де болады.

Жай ғана ойыншықтармен сәндеймін десеңіз, мына жайтты есте ұстаңыз. Шыршаға арналған ойыншық барлығы бір түсте болғаны абзал. Көп дегенде екі түрлі түсті ойыншық жеткілікті. Қызыл және алтын түстес ойыншықтар өте керемет үйлесім таппақ.

Журнал қиындылары, тоңазытқышқа жапсыратын магнит, ашық түсті қағаздар, бүршіктер стикерлер – осылардың барлығы шырша жасауға құрама бөлшек ретінде қолдануға жарап тұр немесе қабырғаға сурет салыңыз. Қағаздан жасаған қар түйіршігі бейнесіндегі сәндік бұйымдарды, шыршаға ілуге арналған шар пішініндегі ойыншықтарды тек қана есік, терезе жақтауларына емес, өзіңіз қолайлы деп тапқан кез келген жерге ілуге болады.

Терезеге шырша, қар іспеттес ою-өрнектер мен Аяз ата салуға болады. Ватман қағазынан дайын қырқып алуға болатын ою-өрнектер де табылады. Ол қағазды гуашь пен акварель бояуымен бояңыз.  

Батыста жаңа жылдық шұлықтармен үйде пештің алдын безендіріп қоятын үрдісін қайталауға болады. Бұл шұлықтардың дайынын алып бүлдіршіндеріңіздің есімдерін жазыңыз. Үйіңізде алауошақ болмаса, бөлменің кез келген жеріне іліп қойыңыз.  Ең бастысы, Жаңа Жыл кешінде балаларыңызға арнап алған сыйлықтарды шұлықтың ішіне салуды естен шығармаңыз.

Ал шыршаға ойыншықты үйдегі бар заттардан жасауға болады дедік. Мысалы, балмұздақ таяқшаларын бояп, бетіне жылтырақтар сеуіп, кішкене түймелерді желіммен жабыстыруға болады.

Түрлі-түсті қағаздардан да әдемі ойыншықтар жасауға болады.

Ұсақ моншақтардан да түрлі ойыншық жасауға болады. Мұндай ойыншық, тіпті, шыршаңызды ерекше ете түседі.

Лента мен түрлі-түсті моншақтардан шырша ойыншығын жасауға болады.

Түрлі-түсті түймелерден де шырша ойыншығын жасай аласыз.

Қолдан шырша тігіп, бетін кішкентай түйме мен моншақтармен сәндеуге болады.

Үйде күйіп қалған, жарамсыз лампадан да ойыншық жасай аласыз.

Қатты қағаздың бетіне әртүрлі жануарларды салып, түрлі-түсті бояумен боясаңыз болғаны, әдемі ойыншық шыға келеді.

Қолдан тігілген ойыншықтар қарапайым болып көрінбес үшін, түрлі-түсті маталарды пайдаланған дұрыс. Әдемі етіп тігілген ойыншық шыршаңызға әдемі жараса кетеді. Одан өз қалауыңыз бойынша шырша, гүл, қолғап, шұлық секілді ойыншықтар тіге аласыз. Сән үшін ою-өрнекті пайдалансаңыз да болады. 

Шыршаға келер жылы келе жатқан мешін жылының ойыншығын да ілуді ұмытпаңыз.

Н. Үсенова