Әлемді өзгерткіңіз келсе, өзіңізден бастаңыз

Әлемді өзгерткіңіз келсе, өзіңізден бастаңыз

Адам баласы уәде беруге құмар келеді. Бірі – берген уәдесін орындаса, екіншілері – ол туралы мүлдем ұмытып кетеді. Әлемді өзгерткің келсе, өзіңнен баста демекші, өзіңізді өзгертуге тырысып көрдіңіз бе? Егер көрмеген болсаңыз, ол өзгерісті төмендегі келісімшарттың көмегімен жүзеге асырыңыз.

♥ Туған-туысқандарым мен достарымды туған күнімен құттықтауды ұмытпаймын.

♥ Өзім орындай алмайтын уәде бермеймін. Және беріп қойған уәдемді міндетті түрде орындаймын.

♥ Өзіме қажетсіз заттарды сатып алуды доғарамын. Өзімнің ұшқалақтығым мен аңдаусыздығымды басқа жерлерде көрсетемін.

♥ Достарымның қалжыңы мен ата-анамның ұрысқанына түсіністікпен қараймын. Олар мұны мені ашуландыру үшін жасап жатқан жоқ.

♥ «Мен қорқамын», «Мен ұяламын» сынды ішкі дауысымды бұдан былай тыңдамаймын.

♥ Майда-шүйдеге бола шағымданбаймын. Өмір туралы жағымсыз бір нәрсе айтқым келген кезде, өмірімнің ең бақытты сәті туралы ойланамын.

♥ Тек әдемі журналдарды ғана оқымаймын, мұнымен қатар қалың кітаптарға да мән беретін боламын.

♥ Өзім танымайтын адамдармен әлеуметтік желіде сөйлесу, «Уәде беремін», «Қыз ғұмыры» сынды телехикаялар көру сынды уақытты өлтіретін әдеттерден аулақ боламын.

♥ Күн сайын кем дегенде бір жақсылық жасаймын. Бөлмені жинастырып, ыдыс жууда жақсылыққа жатады. Әрине, бұл сіздің тікелей міндетіңіз болмаған жағдайда.

♥ Жақындарыма оларды жақсы көретіндігімді жиі айтамын. Себебі, маған қиын емес, оларға жақсы. Және ең бастысы – ертең не болатынын ешкім де білмейді.

♥ Істі кейінге қалдыруды доғарамын. Бүгін және дәл қазір орындаймын.

♥ 10 минуттан артық уақытқа кешіксем, ескертемін. Өзімді күттіріп қойғаным мәдениетсіздік болады.

♥ Өзімді осы қалпымда қабылдап, қатты жақсы көретін боламын. Әр адам өзінше сұлу. Мұнымен қатар, өзімді жақсылап күтімге аламын.

Ал Сіз уәде беруге дайынсыз ба?

Сурет: rudaki.ru

Қ. Бүйенбай