Қой жылы туылған өнер және өмір майталмандары

Қой жылы туылған өнер және өмір майталмандары

Жұлдызы жанған бұл жандардың жылы биыл! Биыл – жыл санауы бойынша Қой жылы. Әр мүшел сайын танымал дана әрі дара тұлғалар өмір есігін ашып жатыр. Еліміздің тарихына өз есімдерін жазып жүрген жандардың бір сыпырасы осы Қой жылы дүниеге келіпті. Бұл жылы да танымал адамдардың жолын қуатын бөбектер дүниеге көптеп келсін! Ендеше, осындай ниетпен, Қой жылы туған тұлғалармен таныс болыңыздар!


  Қажым Жұмалиев (1907-1968 жж.) Ғалым, филология ғылымдарының профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Қазақстан Ғылым академиясының академигі. 1923 – 25 жылы Орынбор ересектер мектебінде, Шымкент ауыл шаруашылық техникумында оқыған. 1932 жылы ҚазПИ-ді (қазіргі АлМУ) бітірген.                                                                                                                                                                              
  Мәулен Балақайұлы Балақаев (1907-1995 жж.) Қазақ тілтанушысы, көрнекті ғалым. Ол 1907 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Шаға ауылында дүниеге келген. Абай атындағы педагогикалық институтты бітірген. Ұлы Отан соғысына қатысқан. М.Балақаев 150-ден астам ғылыми жұмыс, 20-дан астам кітап пен монографияның авторы. Ғылыми мүдде ауқымы: қазақ тілі грамматикасы, орфография, терминология, сөйлеу мәдениеті, стилистика.
  Нүркен Әбдіров (1919-1942 жж.) Әскери ұшкыш-штурмовик, сержант, Кеңес Одағының Батыры. Әбдіров Нұркен 1919 жылы Қарқаралы өңірінде бұрынғы 5-ші ауыл, қазіргі Нұркен атындағы шаруашылық аумағында шаруаның отбасында дүниеге келген.  Оқуды тәмамдағаннан кейін ол 267 әуе дивизиясының 808-ші шабуылшы полкы құрамында майданға аттанды.
  Әмина Ерғожақызы Өмірзақова (1919-2006 жж.) театр және кино актрисасы, Қазақстанның Халық әртісі. Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданы Қарауыл ауылында дүниеге келген. 1938 – 1940 жылдары Шымкент облыстық драма театрының, 1940 – 1942 жылдары қазіргі Қазақ мемлекеттік академия драма театрының труппасында, ал 1942 – 1949жылдары “Қазақфильм” студиясында қызмет атқарды.
 

Мұқағали Сүлейменұлы Мақатаев (1931-1976 жж.) Қазақтың лирик, мұзбалақ ақын, ақиық ақыны. Ол Алматы облысы, қазіргі Райымбек (бұрынғы Нарынқол) ауданының Қарасаз ауылында дүниеге келген. Балалық шағы соғыспен қатар өткендіктен, ақын тағдырдың ащы дәмін ерте жастан тартады. Поэзиясының қайнар көзі, шабыт тұғыры туған елі, өскен жері, Отан тағдыры, замана тынысы, замандастарының арман аңсары.

                                                                                                              Оралхан Бөкей (1943-1993 жж.) Жазушы-драматург, журналист, Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасы Жастар сыйлығының лауреаты, Н.Островский атындағы Бүкілодақтық әдеби сыйлықтың лауреаты. Ол, Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданы Шыңғыстай ауылында дүниеге келген.

 

  Еділ Сейілханұлы Құсайынов 1955 жылы 24 наурызда Алматы қаласында туған. Композитор, оқытушы. Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының композиторлық факультетін бітірген (1980)

   Медеу Уәлиханұлы Арынбаев 1967 жылы 5 наурызда Сарыағаш ауданы, Дарбаза бекетінде дүниеге келген. Әнші, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты.
    Берік Айтжанов 1979 жылы 11 наурызда Қызылорда облысында дүниеге келген. Қазақстанның кино және театр әртісі.
    Тұрсынбек Қабатов 1979 жылы 10 қазанда туған. Қазақстандық танымал әртіс, КВН-ның жарқын жұлдызы, елімізге танымал сықақшы «Астана қаласы көңілді тапқырлар театрының» директоры.
    Данияр Маратұлы Елеусінов 1991 жылы 13 наурызда Березино ауылы, Казталовка ауданы, Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Қазақстандық әуесқой-боксшы, Азиада-2010 жеңімпазы, 2013 жылғы Алматы қаласында өткен Әуесқой бокстан 69 кг салмақта әлем чемпионы, халықаралық спорт шебері.


Еліміздің бағына жаратылған жандармен мақтанайық! Жаңа жылдарыңызбен!


Сурет: artlib.ru
Е. Жұмабайұлы