Жаңа жылды жылы аймақта қарсы алғыңыз келе ме?

Жаңа жылды жылы аймақта қарсы алғыңыз келе ме?

Отандық турфирмалар берген ақпаратқа көз жүгіртер болсақ, соңғы жылдары Жаңа Жылды жылы аймақтарда қарсы алатын қазақстандықтар саны артып келеді екен. Расында жаңашылдықты сүйетін азаматтарымыз қардың орнында кұмның, шыршаның орнында пальманың болғанын қалайды.

Ыстық аймақта демалушылардың ең көп баратын елдерінің бірі - Египет. Мысырлықтар туристерді төмен бағадағы бағдарламалармен өзіне тартады. Перғауындар елінің негізгі бәсекелесі – Біріккен Араб Әмірлігі. Дубайда Жаңа Жылды қарсы алу Каирдегі ұсынысқа қарағанда қымбаттау болғанымен, арабтар қызмет көрсету сапасы жағынан басып озады. Соңғы жылдары Тайландқа деген сұраныс та біршама төмендепті. Оған БАҚ-тың алып-қашпа жазбалары себеп болған болса керек.

Саяхатсүйер қауым уақыт өткен сайын арзан әрі сапалы қызмет үлгісін табуға тырысып бағуда. Сондықтан дұрыс ақпарат алудың да орайы біршама қиындай түскені бар. Ағымдағы жылдың соңғы күндерін ыстық өлкелерде өткізгісі келетін азаматтарымызға ұтымды таңдауларды беруге біз де тырысып бақтық.

Жаңа Жылды Қытайда қарсы алу

Санья – Қытайдың Хайнань аралының оңтүстігінде орналасқан қала. Қытайлықтардың өздері оны «Шығыстағы Гавайя» деп атайды. Ыстық өлкенің жаңа жылдық сәні өзге елдерден өзгеше болады. Айта кетсек, мұнда дәстүрлі шыршалардың орнына жазғы жағажайдың сәнін беретін теңіздің жылы лебі болады. Мұнда түнде ұйықтағысы келмейтіндерді Дадунхай қалашығы, ал бүкіл әлемнің қарбаласын ұмытқысы келетіндерді Ялунвань қаласы күтеді. Сонымен қатар, тек макакалар өмір сүретін аралдар бар. Егер бағдарламалық жобаға жазылатын болсаңыз арнайы тапсырыспен жүретін қайықтарда теңіз толқынын сезінуге мүмкіндігіңіз болады.

Қытайдың оңтүстігіндегі туризм алдымен Қытайдың өз халқын, сосын көрші орыстарға таңсық болып келеді. Сондықтан, аталған туристік аймақта орысша жазылған нұсқауларды көп көретін боласыз. Қытайдың дәстүрлі асханасы мен теңіз тағамдары әрбір келушіні бей жай қалдырмайтыны анық.

Жаңа Жылды Испанияда қарсы алу

Испания елі Еуропаның оңтүстігінде орналасқандықтан қыстың кезінде қар жауа қоймайды. Әсіресе, Атлант мұхиты мен Жерорта теңізінің жылы ағыстары испандықтардың Жаңа Жылды жылы ауа райымен қарсы алуға жағдай жасайды. Испанияның көптеген үлкен қалалары туристердің құрметіне бөленіп үлгерген. Солардың бірі Барселона қаласы. Жаңа Жыл қарсаңында Барселона көшелері Жаңа жылдық ән-шашу мен карнавалдарға толы болады. Расында қала өзінің орта ғасырдағы кейпін сақтап қалған. Сондықтан, заманауи зәулім ғимараттардан алыста демалғысы келетіндер үшін бұл таптырмас мекен болатыны анық.

Барселонаның мерекелік сәулеті желтоқсан айының басынан байқала түседі. Бірнеше шақырымға созылатын түрлі-түсті жарықтар көшенің кешкі шырайын беретін болады. Жаңа жылдың экстерьерімен айналысатын мамандар арнайы тағайындалып, қаланың тарихын көрсететін картиналарды да жаңа жылдық нақышқа келтіреді. Испандықтардың бейнелеу өнеріне жақындығын есререр болсақ, Испания мұражайларында сақталатын әйгілі картиналар арнайы туристер үшін орталықтағы мұражайда жинақталады екен. Егер Жаңа Жылды Каталонияда қарсы алатын болсаңыз, осы мүмкіндікті жіберіп алмаңыз.

Жаңа Жылды Тайландта қарсы алу

Самуи – Сиам шығанағында орналасқан Тайландтағы үшінші үлкен арал. Ол айнала тропикалық жасылға оранған және әлемдегі ең тамаша демалыс аймақтарының бірі болып табылады. Әсіресе, Жаңа Жылдың қарсаңында Чавьенга және Ламаи жағажайларынан алыста самалдың жылы лебімен қарсы алғысы келетіндер үшін арналған туристік орталық.

Аралда Чунгмон және Маенаме дап аталатын елді мекендер бар. Тайландтың өзге де туристік аралдарынан ерекшелігі мерекелік іс-шараларға белсенді дайындалуы екен. Айта кетсек, Жаңа Жылдың көркі осы аралда бәрінен бұрын көріне түседі.

Хин Лад сарқырамасы – жергілікті тұрғындар мақтана алатын табиғи сұлулықтардың бірі. Оның айналасы қалың орман джунглимен оранған. Сарқырамаға бару үшін алдымен Нагона елді мекеніне жетіп алуға тиіссіз. Ол жерден екі шақырым солтүстікте Хин Ладты сарқырамасы орналасқан.

Кешкі салқында арнайы келген мыңдаған туристерге тай халқы үлкен масштабты фаер шоулар мен барабандағы дәстүрлі билерін ұсынады. Егер Жаңа Жыл жақындай түскендей солтүстіктің суығын сағынатын болсаңыз, сізге іші толығымен мұзбен қапталған (-7 градус) Ice Ваr Samui дәмханасы қызмет етеді.

Жаңа Жылды ОАР-да қарсы алу

Өркениеттен бұрынғы заманның айырмашылығына куә болғыңыз келсе, зулустар жеріне саяхат жасаңыз. Оңтүстік Африка Республикасы тропиктік аймақта жатқандықтан, мұнда жыл мезгілдері мүлде ауыспайды. Үнді мұхитының жағасында орын тепкен Дурбан қаласы серфинг сүйер қауымның негізгі жаттығу ортасы екенін есреке кеткен жөн. Қыстың суығынан арылып, Жаңа Жылды нағыз жазғы көңіл-күймен өткізуді мақсат етсеңіз, Кейптаун қаласына әуебилеттерін ала беріңіз.

ОАР-дың негізгі тілі – ағылшын. Тіпті тілді толық меңгермеген болсаңыз да, қиындықтардың туындай қоймайды. Себебі жергілікті тұрғындардың негізгі табыс көздерінің бірі осы туризм саласы болғандықтан, олар туристердің көңілін табуға барынша тырысады. Ал егер сіз жағажайда демалудан шаршаған болсаңыз, континентке іштей еніп, Мапуталендтегі жабайы пілдерді тамашалауыңызға болады. Одан бөлек, ежелгі тұрғындардың тау үңгірлеріне салып қалдырған петроглифтерін көру, дәстүрлі тағамнан дәмдену және шөлден оазисті іздеумен айналысуыңызға болады. Сонымен қатар, сафариге шығып, нағыз Африканың шөлейтті далаларын тамашалауға болады.

Сурет: www.mirkan.kh.ua

Ж. Өрісбай