Инчхон-2014. Үш боксшымыз жартылай финалға өтті

Инчхон-2014. Үш боксшымыз жартылай финалға өтті

Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өтіп жатқан Азия ойындарының оныншы күнінде қазақстандық төрт боксшы қарсыластарын жеңіп, келесі кезеңге жолдама алды.

75 келіде бақ сынаған Жәнібек Әлімханұлы тайпейлік Янь Ю Тинді екінші раундта нокаутқа жіберіп, алғашқы жекпе-жегін мерзімінен бұрын аяқтады. Енді ертең жерлесіміз осы салмақта рейтинг көшін бастап тұрған ирандық боксшы Саджад Мехрабимен жартылай финал жолдамасын сарапқа салады.

52 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Ілияс Сүлейменов шаршы алаң қожайыны – Оңтүстік Корея боксшысы Сангдон Чоны жеңіп, жартылай финалға өтті. Есеп – 2:1 (28:27, 29:26, 27:28).

Ілияс Сүлейменов бұған дейін екі жекпе-жек өткізген болатын. Алғашқы айналымда ол таиландтық Чатчай Батдиді жеңсе, екінші айналымда үндістандық Хулио Брианы қапы қалдырды.

69 келіде сынға түскен команда капитаны Данияр Елеусінов ширек финалда моңғолиялық Ваямба Тувшунбатпен кездесіп, 3:0 (29:27, 30:26, 29:27) есебімен жеңіске жетті. Данияр бұған дейін тайпейлік Ченг Сумен кездесіп, 3:0 (30:24, 30:26, 30:25) есебімен сенімді түрде жеңіске жеткен болатын.

81 келіде шаршы алаңға көтерілген Әділбек Ниязымбетов ширек финалда қытайлық боксшыны Жанг Аолинді жеңіп, жартылай финалға шықты. Ол енді ирандық Эхсан Розбаханимен кездеседі. Ирандық боксшы қазақстандық «Астана Арланс» командасында өнер көрсетеді.

Естеріңізге сала кетсек, бұдан бұрын ширек финалға Біржан Жақып (49 келі), Қайрат Ерәлиев (56 келі), Әділбек Ниязымбетов (81 келі), Антон Пинчук (91 келіге дейін) және әйелдер арасынан Жайна Шекербекова (51 келі) жолдама алған болатын.

Бүгін Азия ойындарының оныншы күні өтуде. Қазіргі таңда Қазақстан қоржынында 15 алтын, 16 күміс, 22 қола жүлде бар. Жерлестеріміз жалпыкомандалық есепте төртінші орында келеді.

Дайындаған: Нұржігіт Айдархан

Сурет: Vesti.kz

Н. Айдархан