Инчхон-2014. Ескекшілеріміз ерледі

Инчхон-2014. Ескекшілеріміз ерледі

Инчхонда өтіп жатқан ХVІІ Азия ойындарының оныншы күнінде ескек есушілер үш алтын, екі күміс, екі қола жүлдеге ие болды.

1000 метр қашықтықта байдарка-төрттік бәсекесінде Қазақстан ерлер құрамасы (Илья Голендов, Даулет Сұлтанбеков, Андрей Ергучов, Александр Емельянов) Азия ойындарының чемпионы атанды. Олар Қытай мен Өзбекстан спортшыларын артқа тастады.

1000 метрге екілік қайықпен жарысуда Евгений Алексеев пен Алексей Дергунов Азия ойындарының чемпионы атанды. Бұл сында Иран және Қытай спортшылары екінші және үшінші орындарды өзара бөлісті.

Ал, ағайынды Михаил және Тимофей Емельяновтар 1000 метр қашықтықта каноэде ескек есуден қоржынымызға тағы бір алтын жүлдені салды. Олардың нәтижесі - 3:44.936. Бұл сында екінші орын қытайлық Пенг Фей Женг пен Ри Вэй Вангқа бұйырса, үшінші орынды өзбекстандық Серік Мирбеков пен Герасим Кошнев еншіледі.

500 метр қашықтықта каноэде ескек есуден қазақстандық Наталья Сергеева күміс жүлдеге ие болды. Ол жеңімпаз атанған қытайлық Ю Жоудан 0,7 секундқа қалып қойды. Қола жүлде Оңтүстік Корея спортшысы Сун Джа Лиға бұйырды.

1000 метрге жекелей жарыста Сергей Емельянов күміс жүлдені жеңіп алды. Ол Өзбекстан спортшысына жол берді. Қола жүлдені қытайлық Лонгкуй Ван еншіледі.

1000 метрге байдарка есу бәсекесінде қазақстандық Юрий Березинцев қола жүлдеге қол жеткізді.

500 метр қашықтықта әйелдер арасында байдарка-төрттік бәсекесінде ел құрамасы спортшылары  қола жүлені еншіледі. Ел құрамында сынға түскен Екатерина Калтенбергер, Кристина Абсинская, Зоя Ананченко мен Ирина Подойникова төрттігі мәреге үшінші келді. Бұл сында Қытай спортшылары бірінші келсе, екінші орын Оңтүстік Корея қыздарына бұйырды.

Бүгін Азия ойындарының оныншы күні өтуде. Қазіргі таңда Қазақстан қоржынында 12 алтын, 13 күміс, 22 қола жүлде бар. Жерлестеріміз жалпыкомандалық есепте төртінші орында келеді.

Дайындаған: Нұржігіт Айдархан

Сурет: Vesti.kz

Н. Айдархан