Серік Сәпиев: "Азия ойындарындағы басты қарсыласымыз - Өзбекстан құрамасы"

Серік Сәпиев: "Азия ойындарындағы басты қарсыласымыз - Өзбекстан құрамасы"

Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев Азия ойындарында сынға түсетін қазақстандық боксшылардың мүмкіндігі туралы өз ойын білдірді. Бұл туралы Қазақстан бокс федерациясының ресми сайты хабарлады.

Серік Сәпиев қазақстандық боксшылардың командалық есепте топ жаратынына сенім білдірді. Ол Әділбек Ниязымбетов, Иван Дычко, Данияр Елеусіновтер сынды жігіттердің бірі алтын алуы тиіс деп есептейді.

- Құрамадағы өзге де жігіттердің Инчхоннан жеңіспен оралуына мол мүмкіндік бар. Алайда, мен атап өткен алғашқы үш жігітке сексен пайыз сенімдімін. Менің болжамым дәл келмей, біздегі алтын саны бұдан да көп болады деп үміттенемін (күлді). Азия ойындарындағы басты қарсыластарымызға келер болсақ, әрине, ол Өзбекстан құрамасы. Олардың боксшылары әрқашанда қарымды. Үндістан мен Қытайға да атүсті қарамаған жөн. Жекелей салмақтарда олардың жақсы боксшылары бар. Айдар Әмірзақовқа келер болсақ, оның ұлттық құрамада жүргеніне көп болды. Қазақстан біріншілігінің жүлдегері. Жақсы боксшы. Құрлық ойындарына екі рет қатысқан соң, көп жағдайда адами фактордың рөл ойнайтынын байқадым. Сонымен қатар, төрешілер де сырт қалмайды, әділетсіздік те болып жатады. Азия ойындарына екі жүз пайыз сенімділікпен аттану керек. Қазіргі біздің жігіттерде сенім бар (күлді). 3 қазан күні жеңісті тойлаймыз деп ойлаймын, - дейді Олимпиада чемпионы.

Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ыбырайымов та қазақстандық боксшылардың ең кем дегенде үш алтын алуы керек екенін айтқан болатын. Ал, бокстан Қазақстан Ұлттық құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов боксшыларымызға Азия ойындарында алты жүлдемен және жалпыкомандалық есепте бірінші орынмен келу міндеттелігенін мәлімдеді

Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өтетін XVII Жазғы Азия ойындарына 10 боксшымыз қатысады. Бокстан Қазақстан Ұлттық құрамасының Азия ойындарындағы кестесі белгілі болып қойды.

Естеріңізге сала кетейік, Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өтетін XVII Жазғы Азия ойындары бүгін өз жалауын көтередіЖалпы біздің елден Азия ойындарына спорттың 39 түрінен (барлығы 50 спорт түрі) 420 спортшы қатысады. Ашылу салтанатын «KAZsport» телеарнасы Астана уақытымен сағат 16:00-де тікелей эфирде көрсетеді.

Дайындаған: Нұржігіт Айдархан

Сурет: news.nur.kz

Н. Айдархан