Мырзағали Айтжанов: "Азия ойындарынан алты жүлде алуды көздеп отырмыз"

Мырзағали Айтжанов: "Азия ойындарынан алты жүлде алуды көздеп отырмыз"

Бокстан Қазақстан Ұлттық құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов Азия ойындарында боксшылардың жүлде алу мүмкіндігі туралы айтып берді. Бұл туралы Қазақстан бокс федерациясының ресми сайты хабарлады.

Мырзағали Айтжановтың айтуы бойынша, боксшыларымызға Азия ойындарында алты жүлдемен және жалпыкомандалық есепте бірінші орынмен келу міндеттеліп отыр.

- Басшылық бізге осындай міндет қойды. Алты медальдің үшеуі алтын болуы тиіс. Жеңіске жету үшін дайынбыз, жігіттердің жағдайы жақсы. Соңғы оқу-жаттығу жиыны Астанада өтті. Бізге Англия құрамасы келіп, бірлесе жаттыққан болатынбыз. Техникалық-тактикалық шеберлігімізді арттыра түсіп, спррингтік кездесулер өткіздік. Қонақтармен жақсы жұмыс істедік. Инчхонда бәрі жақсы болады деп ойлаймын. Өз күшімізге сенімдіміз!, - дейді бас бапкер.

Естеріңізге сала кетейік, Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өтетін XVII Жазғы Азия ойындары бүгін өз жалауын көтередіАшылу салтанатында Қазақстан туын бокстан 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов ұстап шығады. Жалпы біздің елден Азия ойындарына спорттың 39 түрінен (барлығы 50 спорт түрі) 420 спортшы қатысады. Ашылу салтанатын «KAZsport» телеарнасы Астана уақытымен сағат 16:00-де тікелей эфирде көрсетеді.

Дайындаған: Нұржігіт Айдархан

Сурет: confederation.kz

Н. Айдархан