Инчхон-2014. Бүгін Азия ойындарының ашылу салтанаты өтеді

Инчхон-2014. Бүгін Азия ойындарының ашылу салтанаты өтеді

Бүгін Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында XVII Жазғы Азия ойындарының ашылу салтанаты өтеді. Дүбірлі дода 19-шы қыркүйектен 4-ші қазанға дейін созылады. 

Ашылу салтанатында Қазақстан туын бокстан 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов ұстап шығады. Жалпы, біздің елден Азия ойындарына спорттың 39 түрінен (барлығы 50 спорт түрі) 420 спортшы қатысады.

Азия ойындарына Азияның Олимпиадалық кеңесіне мүше 45 мемлекеттен 12 мың адам қатысады. Бұл спортшылар 439 медаль жиынтығын сарапқа салады.

Бұған дейін Азия ойындарында жеңімпаз және жүлдегер атанған спортшыларға берілетін мемлекеттік сыйақы мөлшері белгілі болған еді. Азия чемпионы атанған спортшы 10 мың доллар көлемінде сыйақы алса, екінші орын алған спортшыға 5 мың доллар беріледі. Ал, үшінші орынға ие болған спортшылар тиісінше 3 мың АҚШ долларына қол жеткізеді. Сондай-ақ олардың жеке бапкерлеріне берілетін мемлекеттік сыйақы мөлшері: І орын – 5 мың доллар; ІІ орын – 3 мың доллар; ІІІ орын – 2 мың долларын құрайды.

Қазақстан Азия ойындарында 1994 жылдан бері қатысып келеді. Осы уақытқа дейін Қазақстан жалпыкомандалық есепте үш рет 4-ші, екі рет 5-ші орында аяқтаған. Спорт және дене шынықтыру агенттігі таратқан ақпарат бойынша, алдағы Азия ойындары барысында Қазақстан спортшыларының алдына жалпыкомандалық есепте 4-орынды иелену міндеті қойылып отыр. 2010 жылы Қытайдың Гуанчжоу қаласында өткен Азия ойындарында отандастарымыз 18 алтын, 23 күміс, 38 қола жүлдеге ие болып, жалпы командалық есепте 5-орыннан көрінген болатын.

Естеріңізге сала кетсек, ашылу салтанатын «KAZsport» телеарнасы Астана уақытымен сағат 16:00-де тікелей эфирде көрсетеді.

Дайындаған: Нұржігіт Айдархан

Сурет: kazsport.kaztrk.kz

Н. Айдархан