«Біздің назарда» – 1 жылдық нәтиже

«Біздің назарда» – 1 жылдық нәтиже
Фото: google.com

«Хабар» телеарнасы өткен жылдың күзгі маусымында бірнеше әлеуметтік жобалар ұсынған болатын. Олардың арасында «Біздің назарда» бағдарламасы да бар. Осы уақыт аралығында тоқсаннан аса хабар шығыпты, олай болса нәтижесін көрсетер уақыт келген сияқты. 

Жоба эфирге шыққан күнен бастап көрерменнің көкейінде жүрген күрмеуі көп мәселелердің түйінін шешіп, аз уақытта халықпен кері байланыс ортана білді. Ұзақтығы он бес минут, аптасына екі  рет көрсетілетін бағдарламада әлеуметтік, тұрмыстық, отбасылық мәселелер ортаға салынып,  заңсыздыққа жолығып,  қиналған халықтың мұңы тыңдалды, талай есіктің табалдырығын тоздырған отандастарымыздың жағдайы сөз болды. Тілшілер оқиға орнына барып, журналистік зерттеу жүргізеді. «Бағдарламамыздың тұсауы кесілген тұста Қарағандыда карантин болып, «Сібір жарасының» жаңа оқиғасы тіркелген болатын. Жауапты мамандардың жауапсыздығы жайлы да жалықпай айттық. Мәселенің бір шетін шертіп көріп едік, қоғам қауіпсіздігін саудаға салып отырғандардың сорақы әрекеті әшкере болды. Яғни, тауарды еш құжатсыз өткізу мүмкін екеніне көз жеткіздік. Нәтижесінде, заңды місе тұтпағандар тұтқындалды. Осындай зерттеулердің нәтижесінде қаншама заңсыздықтың жолы кесілді», дейді хабар жүргізушісі Жансая Қожахметова.

Бағдарламаның екі айдары бар. Алғашқысы - «Эксперимент» деп аталады. Мұнда тілші әртүрлі жағдайды өз басынан өткеріп, тәжірбие жасайды. Екінші айдар «Халықтық репортаж» - бұл көрермен тарапынан келетін материал. Тұрғындар  өздері көрген  оқиғаларды, заңсыз  әрекеттерді гаджеттеріне түсіріп, редакцияға жолдайды. Оқиға қай аймақта болса, сол жақтағы тілшілер жедел барып, мән жайды анықтайды. Бұл жөнінде хабар жүргізушісі Жансая Қожахметова: «Айтақшы, бір жыл ішінде 500-ге жуық «халықтық тілші» хабарласып, өз бейне-жазбаларын жіберді. Әрине, барлық түйіткілдің түйінін тарқаттық деп айта алмаймыз. Дегенмен, оң шешемін тапқан келеңсіздіктер де көп. Мәселен, Алматы облысы Қарасай ауданының тұрғыны Томирис Жұмамұратованы әжесінің қамқорлығына өтуіне, Астана қаласы іргесіндегі Қоянды ауылының тұрғындары, Моңғолиядан келген қандастарымызға елшілік арқылы құжаттарын қалпына келтуруге көмектестік, қос жанарын қара түнек қыспағынан алған Гүлбану Қожамбердиеваға 1-топ мүгедектігін алып беруге септігімізді тигізсек, алматылық тұрғынның мүгедек баласына рәсімделген несиенің заңсыздығын дәлелдеп қана қоймай, шоттарына салынған бұғаттардан босаттық. Бұдан басқа да бассыздықтарды басты назарға алып жүрміз. Журналисттік зерттеу жүргізіп, ақ-қарасын анықтауды әлі де тоқтатпаймыз» - деді.

«Әрине, «Оң қолың бергенді, сол қолың білмесін» деген тәмсілді білеміз. Мақсатымыз сауапты істі көпшілікке жариялау емес. Тек, көпшілік орайын тапсаң, шешілмейтін мәселенің жоқтығын білгенін қалаймыз» дейді жүргізуші.

Шын мәнінде «Біздің назарда» бағдарламасы телевизиялық қоғамдық қабылдауға айналды.  Бүкіл республика көлемінен әр бағдарлама сайын кем дегенде 20-30 қоңырау түседі. Соның негізінде сюжеттер, репортаждар, тақырыптар белгілі болып отырады екен. 

Айта кетейік, жобаны дүйсенбі, сейсенбі, жұма күндері сағат 12:10-да немесе мына сілтемеден көре аласыздар.

 

Г. Берік