Жерұйық – Қазақстанның киелі жерлеріне саяхат

Жерұйық – Қазақстанның киелі жерлеріне саяхат
Фото: khabar.kz

Елбасымыз Н.Назарбаев: «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласында туған жердің маңызы мен мәніне айрықша тоқталған еді. «...Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де, жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды» деген еді Президент. Сол себепті «Хабар 24» телеарнасында туған жеріміз - Қазақстанды тереңірек таныту мақсатында «Жерұйық» бағдарламасы жарық көріп жатыр.

Еліміздің табиғи кереметтері, киелі жерлері, емдік-шипалы демалыс орындары, архитектуралық ескерткіштері және өзге де көз тамсандыратын аймақтарын көрерменге паш ету –  жобаның басты мақсаты. 2017 жылдың наурыз айынан бастап жарыққа шыққан аталмыш бағдарламаның түсірілім тобы бүгінде ұлан-байтақ даламыздың түкпір-түкпіріне сапарлап, белгілі туристік жерлері мен ел аузындағы аңыз-әфсаналарға арқау болған киелі нысандарды халыққа таныстырып келеді. «Алтайдан Еділге дейін алып жатқан қазақ даласының әр аймағы ғажап кереметтерге толы. Асан қайғы «шұрайлы қоныс, нұрлы өлке – Жерұйықты» бөтен елден іздемей, қазақ топырағын аралаған. Сондықтан біздің ұжым да Жерұйықты өз мемлекетіміздің аумағынан іздейді. Осы уақыт аралығында біз батыс пен шығыс, оңтүстік пен солтүстіктегі киелі мекендерімізге барып, көрерменді көптеген қызықты мәліметтермен таныстырдық» - дейді бағдарламаның жүргізушісі Әмина Хамит.  

«Жерұйық» жобасының шығармашылық ұжымы алғашқы бағдарламаны Астана қаласын таныстырумен бастап, осы уақытқа дейін Көкшетау, Тараз, Оңтүстік Қазақстандағы Түркістан, Отырар, Сарыағаш, Сайрам-Өгем, Батыстағы Бозжыра, Бекет Ата, Форт-Шевенко сынды талай мекенге саяхат жасады. Бұл жөнінде бағдарламаның жүргізушісі Әмина Хамит: «Әрбір қазақтың жүрегін елжіретіп, рухын алаулататын бірден-бір аймақ – ол қазақ тарихының куәсі болған Ұлытау өңірі. Біз хабарымыздың бірнеше санын сол жаққа арнадық. Сапарымыз Теректі әулие кешенінен бастау алып, Сарыарқаның ең көне таулы аймағына дейін жалғасты. Саяхат барысында тасқа қашалып салынған суреттерді тамашалап, әйгілі жыраудың құрметіне тұрғызылған ескерткіштің ең алғашқы куәгері атандық» – дейді.

Сонымен қатар, түсірілім тобы маусым айында Қазақ Ұлттық Географиялық Қоғамының ұйымдастыруымен өткізілген «Қазақстанның киелі жерлеріне саяхат» атты экспедицияның мүшелері атанып, көптеген өңірдің сырын ақтарды. Алдағы уақытта да талайды тамсандырған атамекеніміздің көрікті жерлеріне саяхат жасап, халыққа дархан даламыздың көз тойдырар кереметтерін паш ете бермек. Олай болса, апта сайын «Хабар 24» арнасынан немесе мына сілтеме арқылы «Жерұйық» хабарын тамашалаңыздар.

Г. Берік