«Өз үйім» телехикасының сценарийі әншілер үшін жазылған

«Өз үйім» телехикасының сценарийі әншілер үшін жазылған
Фото: Хабар агенттігі

«Хабар» арнасында эстрада жұлдыздарының қатысуымен «Өз үйім» телехикасы көрерменге жол тартады. Туындыда Қанат пен Айткүл Құдайбергеновтер, Жанболат пен Жәзира, Бүркіт пен Аиша және Арман Қоңыров пен Аша Матай басты рөлдерді ойнайды.

Бұл картинаның түсірілімі жүріп жатқанын осыған дейін де жазған едік. Бүгінде түсірілім толықтай аяқталып, монтаждау жұмыстары басталды. Режиссердің айтуынша әншілердің қатысуымен телехикая түсіру идеясы бұрыннан болған. «Жалпы көрерменге жұлдыздардың жеке өмірі қашан да қызық қой. Сол себепті олардың қалауын ескеріп шоу бизнес өкілдерінің күнделікті тіршілігін көрсетуді жөн көрдік. Екінші жағынан қазақтың кино қоржынында жанұядағы мәселелерге қатысты туындылар көп, ал аталмыш телехикаяның ерекшелігі де көпшілікке әндері арқылы жақсы таныс адамдардың отбасылық жағдайлары сөз болады»,– дейді режиссері Әнуар Матжанов.

Сценарийді алғаш жазған кезде авторлар киноға қай жұлдызды жұптарды шақыратындығын нақты біліп, мәтінін соларға арнайы жазған. Яғни, Қанат Құдайбергенов қатал әке болса, Айткүл Құдайбергенованы отанасы, шаңырақтың тұтқасы кейіпінде көрсетуді мақсат еткен. Үш ұлы мен келіндерді ойнайтын адамдар да еш іріктеусіз басынан-ақ анықталған. Кейіпкерлердің мінезі мен іс-әрекетіне байланысты әншілердің кімді сомдайтыны таңдалған. Бұл жөнінде режиссер Әнуар Матжанов: «Әншілердің уақыттары тығыз, түсірілімдері көп, актерлік мамандыққа қатысы жоқ болғандықтан, бастапқыда аздап қиналдық. Дегенмен қазір олар өз образдарына еніп, жақсара түсті. Қызықты сәттер өте көп, кейбір тұстарында өздері импровизация жасап жібереді. Сондықтан қойылған міндеттерін жоғары деңгейде орындады»,– дейді.

Сонымен қатар киноға Абай Бегей, Рамазан Стамғазиев, Заир Бегалы, Медеу Арынбаев, Әділ Сламхан, Ақжол Мейірбеков сынды шоу бизнес өкілдері де шақырылған.

Естеріңізге сала кетейік, бұл қазақтың үлкен қарашаңырағындағы оқиғаларды суреттейтін картина. Оқиға желісі бойынша үш ұлымен бір үйде тұратын отағасы әскери адам болған. Әр сөзі қатып қалған заң, міндетті түрде орындалуы керек. Ал, аналары өмір бойы дәрігерлік қызмет атқарған. Қазір зейнеткер, сондықтан үй шаруасымен айналысады. Ал келіндердің бар арманы өз шаңырағының отын тұтату. Әдемі әзіл мен қазақы қалжыңға құрылған фильмді «Хабар» арнасынан тамашалайсыздар.

@. @assel_assanova