«Хабар» телеарнасында жаңа туынды

«Хабар» телеарнасында жаңа туынды
Фото: Хабар агенттігі

«Хабар» телеарнасы көрермендерін тағы бір туындымен қуантпақ. Жаңа маусымнан бастап бірнеше әлеуметтік және комедиялық телехикаялар ұсынған арна бұл жолы әйел адамдардың басынан өткен қызықтарын баяндайтын «Сырластар» картинасын әзірлеуде.

Бүгінде шығармашылық топ қызу жұмыс жасап жатыр. Түсірілім жұмыстары Алматы қаласында өтуде. Туындының режиссері Еділхан Төлешев. Ол екі жыл Францияда білім алып, кино түсіру өнерін үйреніп, комедия жанрының қыр-сырын меңгерген. «Режиссер ретінде бұл – менің алғашқы жұмысым. Тәжірибелі актерлер шақыртылды. Түсіру тобы да ұйымшыл. Түсіру жұмыстары сәтті болады деген сенімдемін» - дейді режиссер.

яыч

Оқиға перзентханада бір күнде босанған үш әйелдің танысуынан басталады. Кейін олар достасып, жиі кездесіп тұрады. Кейіпкерлердің әрқайсысының өз тағдыры, қуанышы мен мұңы бар. Өзара сырласып, шер тарқату үшін апта сайын белгілі бір жерде бас қосады. Режиссер Еділхан Төлешовтің айтуынша телехикая әйел басындағы күнделікті күйбең тірлікті көрсетеді. «Үш әйелдің өмірі арқылы сан алуан тақырыптарды қозғаймыз. Кейде бұл мәселелер маңызды емес болып көрінуі мүмкін, ал, кейбіреуі ауқымды. Жалпы, бұл картина қыздар, аналарға арналған. Балалы болған соң өмір тоқтап қалды деп ойлаудың қажеті жоқ, бұл кезеңнің де өз қызықтары бар екенін көрсетеміз» - дейді режиссер.

фйцыв

Отбасындағы жұбайлар жыры, ене мен келін, ана мен бала арасындағы қатынасты әдемі қазақы қалжыңмен көрсететін комедия 12 бөлімнен тұрады. Туындыға жас актерлермен қатар өз ісінің майталмандары да шақыртылған. «Біз кішкентай күнімізден аналарымыздың қабағына, «әй» деген сөзіне тоқтап өскен балалармыз ғой. Мысалы мен өмірде мұндай қатаң кісі емеспін. Балым рөлі олай емес, бұл кісі қатаңдау. Жіберген қателікті, дұрыс істелінбеген нәрсені кешіре алмайды. «Әй» деп қаттырақ айтып қоятын кісі» - дейді ененің рөлін сомдайтын ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, актриса Тынышкүл Сұлтанбердиева.

Айта кетейік,  жаңа фильмді «Хабар» арнасының көрермендері келесі жылдың ақпан айында тамашалайды.

Т. Есқали