«Kazakh TV» телеарнасына – 15 жыл!

«Kazakh TV»  телеарнасына – 15 жыл!
Фото: khabar.kz

Бүгін Қазақстанның имиджін әлемге танытуда қарқынды жұмыс істеп келе жатқан «Kazakh TV»  телеарнасының құрылғанына тура 15 жыл толды.

Еліміздің алғашқы спутниктік телеарнасы 2002 жылы «Caspionet» деген атаумен өз жұмысын бастады. Тәулік бойы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде хабар тарататын ақпаратты-танымдық арна Қазақстаннан өзге, Солтүстік және Орталық Америка, Батыс және Шығыс Еуропа, Аустралия және Солтүстік Африка, Таяу Шығыс, Азия және Оңтүстік Кавказ елдеріне тарайды. Аудиториясы шамамен 5,1 миллиард адамды құрайды.

«Kazakh TV» алғашқы күннен бастап әлемдік сахнада байтақ еліміздің беделін қалыптастыру мақсатында құрылды. Жаһан жұртшылығын Қазақ елінің экономикалық және саяси ақуалы, тереңде жатқан тарихи, дәстүрлі мәдениеті мен өнері туралы жан-жақты танытады. Әсіресе, басымдылық ұлттық бет-бейнемізді айшықтайтын бағдарламаларға берілген. Бабадан қалған асыл қазыналарымыз бен інжу-маржандарымызды көрген шет елдегі көрермен мемлекетімізбен жан-жақты танысып, толықтай мағұлмат алады. Ұлы дала туралы пікір қалыптастырады. Сол себепті арна келешекте де ақпараттық-танымдық бағыттағы сапалы дүниелер шығаруды жалғастыра бермек. Арна контенті 100 пайыз отандық туындылардан құрылады.

- Биылғы 15 жылдық жаңа маусымға арнаның дайындығы да ерекше. Көрермендерімізге алуан жанрдағы, сан түрлі бағдарламалар ұсынбақпыз. Эфирде «Күй құдіреті», «Culinary Tour» сынды танымдық-ақпараттық,«Quest.kz» сынды ойын-сауықтық жобалар көрсетіледі. Сонымен қатарәр жексенбі қазақ кино қоржынынан ең таңдаулы картиналарды тамашалай аласыздар», - дейді «Kazakh TV» арнасының Бас продюсері Айкүміс Сексенбаева.

Айта кетейік, осы уақыт аралығында «Kazakh TV» халықаралық «Со-Творение» журналистер байқауының жеңімпазы атанды. Телеарнаның екі бағдарламасы әділқазылардың басты сыйлығы және байқаудың Гран-приін иемденген болатын. «Кішігірім жұлдыздар» («Малые звезды») номинациясында Сәкен Сейфулинге арналған «Faces of history» бағдарламасы жеңсе, «Шеркара және уақытқа қарамай» («Сквозь границы и времена») номинациясында «Беймәлім Достоевский» тақырыбымен «Reflections on history» бағдарламасы үздік атанды.

Телеарнаның бағдарламаларын ресми сайты арқылы да көруге болатындығын ескертеміз.  

Г. Берік