Күй құдіреті

Күй құдіреті
Фото: Хабар агенттігі

«Kazakh TV» арнасы жаңа маусымын жаңа жобалармен бастады. Сан ғасырлық тарихымыз бен мыңдаған жылдар сақталған дәстүрлеріміз туралы бағдарламалардың қатары «Күй құдіреті» хабарымен толықты.

«Туғанда дүние есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең». Абай атамыздың бұл өлең жолдары қазақ халқының тыныс-тіршілігінде музыканың қаншалықты маңызды екенін айқын көрсетіп тұрғандай. Сондай-ақ ақын Қадір Мырза әлі: «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра!» деп, қазақ халқын, дархан даланың терең тарихын танығың келсе қасиетті қара домбыраның күй шежіресіне жүгін деген. «Kazakh TV» арнасының «Күй құдіреті» бағдарламасы ұлттық аспабымыздан төгілген күй күмбірі, оның авторының шығармашылық жолы туралы баяндайды.

«Ұлттық музыка –қазақ халқының ғасырлар бойғы жинақтаған музыкалық естеліктері, мәдени мұрасы. Көрермен біздің жобада Құрманғазы, Тәттімбет, Дина Нұрпейісова, Қали Жантілеуов, Жаппас Қамамбаев және басқа дәстүрлі музыканттар туралы біліп, аталмыш композиторлардың таңдаулы күйлерінің тарихымен танысады. Мақсатымыз азаматтарды ұлттық музыкаға жақындата түсу, біз білмейтін қырлары мен маңызына тоқталу. Күйші-ақындардың шығармашылық өмірі жайлы білімдерін тереңдету» - дейді «Kazakh TV» арнасының Бас продюсері Айкүміс Сексенбаева.

Күйде халықымыздың  мұңы мен зары, қуыныш мен қайғысы, аңсаған арманы, іздеген мұраты бейнеленген. Бұрын күйді орындамас бұрын күйші оның мазмұнын түсіндіріп, «Ал енді домбыраның қайлай айтатынын тыңдаңыздар» дейтін. Бүгінгі таңда күйлердің кіріспне сөздері жоғалып, тек әуен орындайтын болды. Ал күйдің тілін түсінер болсақ, бүкіл дала тарихын түсінер едік дейді шығармашылық ұжым.

Бағдарламаның алғашқы бөлімі атақты Дина Нұрпейісованың «Бұлбұл» күйі туралы болады. Көпшілік біле бермес Дина апамыздың бұл туындысы бұл-бұл дауысты қыздың тағдырынан сыр шертеді. Өмірде әбден әділетсіздікке ұшыраған нәзік жанды арудыңкәусар бұлақтай таза да сыңғыр даусы болған. Оның әнін естіген жанның құлақ құрышы қанып, тыңдаушыныңжаны тербелген. Осы бір мұңды хикаяны күймен жеткізген Дина Нұрпейісованың шығармашылығы әлі күнге дейін толықтай зерттелмеген. Сол себепті қызықты фактілер мен біз білмейтін деректер жетерлік.

«Бұлбұл» күйін Дина апамыздың өз орындауында тыңдағандар бұлбұл құсының сайрауын естігендей болады. Мұндай шеберлік тек сол кісіге ғана тән. Дина Нұрпейісованың туындыны шығарған кезде құстың табиғи дауысын бергісі келген деседі. Күй сонысымен құнды. Сондай-ақ шығармада адамның сезімі, ойы мен үміті жатыр. Жоба көрерменге мазмұнының бай, мәнінің тереңдігімен қызықты болады деп ойлаймын»,- дейді Айкүміс Сексенбаева. 

Айта кетейік, жоба қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде қазан айынан бастап «Kazakh TV» арнасынан және телеарнаның kazakh-tv.kz ресми сайтынан көрсетіледі. 

Г. Берік