Шет елдік журналистер шеберлік сыныбын өткізді

Шет елдік журналистер шеберлік сыныбын өткізді
Фото: Хабар агенттігі

16 қыркүйек күні Қазмедиа орталығында танымал түрік тележүргізушісі Зафер Кираз бен белгілі ресейлік журналист Алексей Пивоваров шеберлік сыныбын өткізді. «Хабар 24» арнасының 5 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған шараға журналистика мамандығының студенттері мен кәсіби журналистер қатысты.

Олар бүгінгі күннің дикторы қандай болуы керек, ақпарат таратуда неге баса мән берілуі тиіс, әлеуметтік медианың телевидениеге ықпалы және оны тиімді пайдаланудың жолдары жайлы ой бөліседі. Сонымен қатар Түркия мен Ресейдегі тележурналистиканың даму бағыттары, кәсіби тележүргізуші болу үшін қандай қасиеттерге ие болу керек сынды студенттердің сауалдарына жауап беріп, пікір алмасты.   

Зафер Кираз – Түрік елінің танымал журналисі, «TRT Haber» арнасының тележүргізушісі. 33 жылдан бері ақпарат құралдарында еңбек етіп келеді. Бүгінгі таңда «TRT Haber» арнасында қорытынды жаңалықтардың жүргізушісі қызметін атқарады. Бұл оның авторлық жобасы, сол себепті ол әр шығарылымына ерекше дайындықпен келеді.

«Ақпараттың өзектілігі бір бөлек, оны халыққа түсінікті тілде жеткізе білу де үлкен өнер. Эфирде шынайы болмысыммен көрінуім үшін телесуфлердің көмегіне жүгінбей, ақпаратты өз ойыммен еркін жеткізуге тырысамын», – дейді Зафер Кираз.

Алексей Пивоваров – Ресей мемлекетінің ең танымал журналистерінің бірі, медиаменеджер, телерадиожүргізуші. 2016 жылдан бері RTVi арнасының Бас продюсері қызметін атқарып келеді. 14 жасынан бастап тілшілік қызметке араласқан Пивоваров ұзақ жылдардағы тынымсыз еңбегі және телевизия саласына қосқан үлесі үшін «Отан алдындағы ерен еңбегі үшін» («За заслуги перед Отечеством») II дәрежелі медалімен, GQ журналының «Теледидардағы тұлға» номинациясы бойынша «Жыл адамы -2010» жалпыұлттық сыйлығымен марапатталған.

Айта кетейік, «Хабар» Агенттігі журналистердің тәжірбие алмасуы үшін үнемі кездесулер мен шеберлік сыныптарын ұйымдастырады. Агенттік құрамындағы 50 аса маман Болашақ стипендиясының иегерлері, көптеген қызметкерлер шет елдерде тәжірбие жинақтаған. Сонымен қатар еліміздегі Жоғары оқу орындарындағы журналистика мамандығының студенттерімен журналистік шеберлік аясында оқу-тәжірбие алмасу дәрістері өткізіліп тұрады. 

О. Сансызбай