«Хабар» арнасының күзгі маусымдағы жаңа жобалары

«Хабар» арнасының күзгі маусымдағы жаңа жобалары
Фото: GetBg.net

Күзгі маусымда «Хабар» телеарнасында бірнеше түрлі жанрдағы жобалар халық назарына ұсынылады. Олар: «Кто возьмет миллион?» интеллектуалдық шоуы, «Биле, Қазақстан!» би сайысының екінші маусымы, «Жұлдызды жекпе-жек» музыкалық және «Алтын бесік» релити-шоулары.

16 қыркүйек күні сағат 22.00-де «Хабар» арнасында бүкіл әлемге танымал «Кто возьмет миллион?» шоуының қазақстандық нұсқасы эфирге шығады. Бағдарламаны Серік Акишев жүргізеді. «Who wants to be a millionaire?» халықаралық франшизасы алғаш рет эфирге 1998 жылы шықты, бүгінде 100 аса мемлекет жобаны шығаруға лицензия алған. Ойын ережелері дәстүрлі нұсқада қалған. Кез келген қазақстандық шоуға қатысып, бағын сынай алады. Қатысам деушілер толық ақпаратты khabar.kz және milliontv.kz сайттарынан біле алады.

17 қыркүйек күні сағат 22.00-де арна эфирінде «Биле, Қазақстан» жобасының екінші маусымы басталады. Жобаны – танымал актриса Айсұлу Әзімбаева жүргізеді. Қазылар алқасында – танымал биші, «Танцуют все», «Танцы на ТНТ» жобаларының финалисі Алиса Доценко, балет әртісі Досжан Табылды, әнші әрі актер Дастан Оразбеков бар.

Жобаның іріктеу кезеңі осы жылдың маусым айында Астана, Алматы және Шымкент қалаларында өтті. Қатысушылардың арасында Қазақстан, Ресей, Қырғызстан және Ураина азаматтары бар.

«Биле, Қазақстан!» – «So You Think You Can Dance» би жобасының қазақстандық франшизасы. Жоба алғаш рет 2005 жылы Америка құрама штаттарында «So You Think You Can Dance» деген атаумен көрсетіліп, бүгінгі күні 10-нан астам «Эмми» премиясын алған. Бізден өзге әлемнің 37-ден астам мемлекетінде (Қытай, Австралия, Ұлыбритания, Украина және т.б.) ұйымдастырылады.

16 қыркүйек күні сағат 19.15-те «Жұлдызды жекпе-жек» жобасы көрерменге жол тартады. Бұл қазақстандық эстрада жұлдыздары арасында ұйымдастырылған музыкалық жекпе-жек. Онда Қайрат Нұртас, Төреғали Төрәлі, Дильназ Ахмадиева, Нұржан Керменбаев және көптеген әншілеріміз өнер көрсетеді. Жобаның модераторы – Мейрамбек Беспаев. Қатысушылар бірінші кезеңде өз репертуарларынан, екінші кезеңде қарсыласының әнін салса, ал үшінші кезеңде Мейрамбек Беспаевтың тапсырмасын орындайды.

17 қыркүйек күні сағат 16.30-да арна эфирінен «Алтын бесік» реалити шоуы жарық көреді. Бағдарламаның басты кейіпкерлері ауылдан шыққан белгілі тұлғалар. Танымал кәсіпкерлер, эстрада мен спорт жұлдыздары, қоғам қайраткерлері, мәдениет және өнер майталмандары туып-өскен кең байтақ даласын, əсем табиғатын, көне кесенелер, мұражайлар, ескерткіштер мен маңызды тарихи оқиғалар орын алған жерлерді аралап, олар туралы әңгімелеп, таныстырады.

@. @assel_assanova