Қазақстандықтар Мейвезер – МакГрегор жекпе-жегін тікелей эфирде көре алады

Қазақстандықтар Мейвезер – МакГрегор жекпе-жегін тікелей эфирде көре алады
Фото: khabar.kz

Қазақстандық спортсүйер қауым әйгілі америкалық боксшы Флойд Мейвезер мен ирландиялық аралас жекпе-жек шебері Конор МакГрегордың жекпе-жегін тікелей эфирде көре алатын болды. Лас-Вегаста өтетін бокс кешін "Хабар" арнасы көрсетеді.

Жұдырықтасу Лас-Вегас қаласындағы «T-Mobile» аренасында өтеді. Кеште боксшылар 69,8 кг салмақ дәрежесінде жеңілдетілген қолғаптармен ағылшын ережесіне сай жұдырықтасады. Айта кетейік, осы жігіттердің құрметіне арнайы WBC белбеуі жасалды. Белбеу қолтырауынның терісінен, 3360 бриллиант, 600 жақұт және 300 зүмірет (изумруд), сонымен қатар 1,5 келі таза 24 қарат алтыннан жасалған. Сондықтан  «Money Belt» («Ақшалы белбеу») деген атауға ие болды. 

Кіші Флойд Мэйвезер – америкалық боксшы, 5 салмақ дәрежесі бойынша әлемнің экс-чемпионы, кәсіпқой бокс тарихындағы ең бай спортшылардың бірі. Лақап аты -  «Pretty  Boy» (Әдемі жігіт).

«Мен өз ісімнің, Конор – өз ісінің үздігі. Жүздеген қарсыластарыммен кездестім, бірақ олардың ешқайсысы мені жыға алмады. Бұл ақыл, IQ және сабырлық деп аталады. Конор бар күшін салады, сондықтан оңай болмайды. Дегенмен Пакьяода да, «Канело» Альваресте де және Шейна Мослиде жойқын соққы болды, бірақ сол соққыларға қарсы тұрған менің жағым да мықты» - деді баспасөз-конференциясы барысында кіші Мэйвезер.

Конор МакГрегор – 29 жастағы ММА бойынша ирландиялық спортшы, жеңіл салмақта UFC чемпионы. Лақап аты – «The Notorious».  

«Мен сабырлы және салқынқандымын. Өз ісіммен айналысуға дайынмын. Денім сау, дайындығым жақсы және аяушылық білдірмеймін. Менің ойымша оны бірінші раундта-ақ нокаутқа жіберемін. Бұл мен үшін қарапайым күн, қарапайым-жекпе-жек», - деп ой бөлісті Конор МакГрегор.

Жекпе-жекті 27 тамыз күні Астана уақытымен сағат 08-ден бастап тамашалай аласыздар! Бокс тарихындағы ең табысты кездесуді өткізіп алмаңыздар!

Айта кетейік, Флойд Мейвезер кәсіпқой бокста жеңілмеген спортшы ретінде ғана емес, әлемдегі ең бай тұлға ретінде де танымал. Оның жұдырықтасу стилі біреуге ұнамағанмен, оның атақ-дәрежелері жетіп артылады. Ал Конор МакГрегор ше? Ол да спортсүйер қауымды, әсіресе жастарды мойындатып үлгерген майталман. Аралас жекпе-жекте екі бірдей салмақта (жеңіл және жартылай жеңіл салмақта) әлем чемпионы атанған алғашқы спортшы. Оның октагондағы қимылы мен жеңіске деген жігері, табандылығы мен айла-тәсілдері UFC жанкүйерлерінің көңілінен шығып келеді. Сол арқылы танылды. Не де болса екеуінің арасындағы жекпе-жек тартысқа толы болары анық.

Ө. Сансызбай