Алматыда тұңғыш детектив сериалдың түсірілімі басталды

Алматыда тұңғыш детектив сериалдың түсірілімі басталды
Фото: www.khabar.kz

«Хабар» Агенттігінің тапсырысы бойынша Қазақстанда алғаш рет детектив жанрындағы қазақ тілді телехикая түсірілуде. Түсірілім жұмыстары Алматы қаласында жүріп жатыр. Шындыққа негізделген картинаны көрермен осы күзде тамашалайды.

«Хабар» арнасының директоры Сандуғаш Рахымжанова: «Детектив жанры көрмермендер үшін қашан да қызық, олар хикая барысында сюжетке толықтай елітіп, логикаға сүйене отырып кейіпкерлермен бірге жұмбақтың сырын ашуға тырысады. «Тергеушілер» телехикаясы да  – осындай жобалардың бірі. Сонымен берге осы туынды арқылы көрермендер құқық қорғау жүйесінің қалай жұмыс істейтінін, түрлі жағдайларда қандай әрекеттер жасайтынын біле алады» - дейді.

Картина неміс көрермендерінің арасында 10 жылдан бері танымалдығын жоймаған неміс франшизасының негізінде түсірілуде. Қазақстандық нұсқасына халықаралық команда жұмылдырылған.

«Тергеушiлер» («Следователи») телехикаясы денсаулығы мен өмірін қатерге тігіп, қарапайым азаматтарды қорғау үшін батыл әрекеттерге баратын полицейлердің күнделікті жұмысын баяндайды.

Әр бөлімде көрермендерді қылмыскерлердің ізіне түсу, оларды әшкерелеу сынды түрлі тергеу оқиғалар күтіп тұр. Оқиға желісі бойынша аталмыш қылмыстарды аға тергеуші Кәмшат Мырзабекқызы бастаған жас та батыл тәртіп сақшыларынан ашып отырады. Басты рөлді қазақстандық белгілі актриса Гүлшарат Жұбаева сомдайды.

Кәмшаттың қарамағында төрт қызметкері бар, олардың әрқайсысы ерекше қабілетке ие: адал, табанды және әділ ІІД тергеушісі Ермек Байназар (актер Азамат Шарғынов), көңілді және тартымды жедел қызметкер Нұрлан Ақберен (актер Ербол Садырбаев), мансапқор және бикештердің сүйіктісі Асқар Еділбай (актер Нияз Шайсұлтанов), маман-криминалист – Гауһар Елжанқызы (актриса Гүлбахрам Байбосынова).

«Біздің телехикаяның басты кейіпкерлері – қазақстанда өмір сүретін қарапайым ұл-қыздар. Олар өз қызметтерін адал атқаруда. Барлық актерлеріміз тәжірибелі және түрлі картиналарға түсіп жүр. Осы сериал еліміздегі детевтив жанрына жол ашады деп үміттенеміз», - дейді «Adam Media Plus» компаниясының бас продюсерi Динара Адам.

Г. Берік