«Ана жүрегі» – Хабар арнасында жаңа картина

«Ана жүрегі» – Хабар арнасында жаңа картина
Фото: google.com

Қазақ киносының қоржыны тағы бір картинамен толығады. Осы күзде «Хабар» телеарнасы көрермендерін жаңа телехикаямен қуантпақ. 12 бөлімді драмада ананың балаға деген махаббаты суреттеледі.

Ана жүрегі өте нәзік және мейірімге толы. Ана баласы үшін бәріне де дайын, тіпті отқа да, суға да түсе алады. Ол біздің қамқоршымыз, ол жер бетіндегі періште. Дегенмен шамадан тыс қорғаштау мен сүйіспеншілік те зиян келтіруі мүмкін. «Хабар» арнасындағы жаңа картина осы сезімдерді баяндайды. «Ана жүрегі» деп аталатын телехикаяның мақсаты – ұлды ұяға, қызды қияға уақыты келгенде қондыру керек екенін көрсету. Көбіне ата-ана орындалмаған арманын балаға жүктеп жатады. Ал, шын мәнінде әр адамның өз арманы, мақсаты, таңдауы мен көзқарасы болуы керек.

Оқиға желісі бойынша 55 жастағы Райгүл есімді әйел Алматы қаласындағы аудандық соттардың бірінде судья болып қызмет атқарады. Жас кезінде өмірлік серігінен айрылып, жалғыз ұлын өзі тәрбиелеген. Ақылына көркі сай, дегенмен өте қатал жан. Мінезінің тік болуына жұмысы, құндақтағы сәбимен жалғыз қалуы әсер етеді. Барлық шешімді өзі қабылдап үйренген әйел, ұлы Арманның дашешесінің дегенімен жүргенін қалайды.

– Сериалдың жанры – драма. Оның үстіне сюжет шынайы оқиға желісіне құрылған. Яғни, бұл  оқиға өмірде болған. Сол себепті сценарийге негіз болды. Тек кейіпкерлердің есімдері мен белгілі  бір жайттар ғана өзгертілді. Көрерменді алдау қиын.  Экранның ар жағында отырған әр көрермен шынайылықты қалайды. Сондықтан, “Ана жүрегі” көпшіліктің көңілінен шығады деп сенеміз» – дейді картинаның режиссері Санжар Омаров.  

Ал, басты рөлді сомдаушы Лейло Бекназар – Ханинга өзінің кейіпкерінің өмірі туралы: «Райгүлұлы Арманды жалғыз өзі жеткізген. 30-ға келген ұлы анасының жолын қуып заң компаниясының негізін қалайды. Сырт көзге бақытты болып көрінетін отбасының өз қиындықтары бар. Райгүл Арман таныстырған қыздардың ешқайсысын оған тең көрмейді. Алайда, жүрекке әмір жүрсін бе?  Арман Анар есімді қызбен танысып, ессіз ғашық болады. Осы тұста оқиға шиеленісе түседі» – деп суреттеді.

Режиссердің айтуыншаолар басты рөлді сомдайтын актерлерді ұзақ әрі тыңғылықты іздеген. Сол үшін Алматыдан арнайы Астанаға да келіп кетіпті.

– Актерлер құрамы ұзақ таңдалды. Басты кейіпкер ананың рөлін сомдайтын актрисаны табу оңай болмады. Оның образына сай келетін актрисаны Алматыдан таба алмай, Астанаға баруға тура келді. Нәтижесінде, “Қалеки” театрының актрисасы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері – Лейло Бекназар – Ханингамен таныстық. Кейінірек, актерлік құрам Серік Шәріп, Олжас Тоғымбет, Жанель Мақажанмен толықты.  Ал, жас әншілер  Зируза мен Асқар Байназар үшін бұл дебют, – дейді режиссер Санжар Омаров.

Бүгінде  түсірілім жұмыстары Алматы қаласында жалғасуда. Айта кетейік, «Ана жүрегі» драмасын осы күзде «Хабар» арнасынан тамашалай аласыздар! 

Г. Берік