«Мырзатай Жолдасбеков-80 жас. Алтын арқау» «Хабар» арнасында

«Мырзатай Жолдасбеков-80 жас. Алтын арқау» «Хабар» арнасында

23 мамыр күні «Қазмедиаорталығы» киноконцерт залында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбековтің 80 жасқа толуына орай түсірілген «Мырзатай Жолдасбеков-80 жас. Алтын арқау» деректі фильмінің алдын ала көрсетілімі өткізіледі. Шараға мәдениет, саясат және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері мен журналистер қатысады. 

Ғалым, жазушы, филология ғылымының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбекұлы 1937 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде филология мамандығы бойынша білім алады. Қызмет жолын қарапайым оқытушылықтан бастап, кейін декан, ректорлық қызметтер атқарған. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары, 1993-1996 жылдары Қазақстан Республикасының Иран Ислам Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі болды.

М.Жолдасбековтің алғышқы ғылыми еңбектері халық ақындарына арналды. Ғалым өлең жолдарын жинап ғана қоймай, олардың маңызы мен мәнін таныта білді. Жоғары оқу орнын бітірген соң, Түрік қағанаты кезіндегі Орхон-Енисей жазба ескерткіштерін қазақ ғалымдары арасында алғашқылардың бірі болып жаңаша зерделеп, қазақ тіліндегі аудармасын жасады. Оның шығармалары қытай, түрік, иран және басқада тілдерге аударылған.

Ғылым, білімнен өзге кино, музыка және музей салаларындағы еңбектері де ерен. Ғалым «Халықтар достығы», «Құрмет», «Парасат», «Барыс» ордендерімен марапатталған.

Шара 23 мамыр күні сағат 19:00-де «Қазмедиаорталығы» Киноконцерт залында (Астана қаласы, Д.Қонаев, 4) өтеді.

Деректі фильм «Хабар» арнасының эфирінде 27 мамыр күні 16:30-да көрсетіледі.

Г. Берік