Германия - Италия. Ежелгі қарсылас

Германия - Италия. Ежелгі қарсылас

Кешегі ойыннан да бір қызық ойын болғалы тұр. Бүгін бүкіл әлем болып аспан жерге түскендей күй кешеріміз анық. Айдай әлемге атақ-даңқы таралған қос мықты тізе қағыстырады. Кімнің мықты екені бәрімізге аян. Бәріміз де біліп отырмыз. Бірақ, доп домалақ болған соң, алаңдағы ойын тағдыры кез келген сәтте ауып кетуі мүмкін. 

Сонымен Варшавада өтетін ойында кімнің асығы алшысынан түсуі мүмкін. Әрине, Германия құрамасы. Немістер осы турнирге командалық ойынмен келді. Оның үстіне дәл қазіргі таңда "неміс машинасы" көрсетіп жүрген ойын өрнегі талайдың таңдайын қақтыруда. Құрамында Швайнштайгер бастаған, Озил қостаған  Германия құрамасы өз бабында. Енді тек чемпиондық тәжді қайта киюге бір қадамды анық басса болды. Сонда барып қана Йоахим Лев баптаған немістер әділетті түрде жеңімпаз атанар еді.

Сонымен Варшавада өтетін ойында кімнің айы оңынан туады екен. Әрине, Италия құрамасы. Бүгінгі таңда «Скуадра адзурралықтар» өздеріне керек жүрісті, яғни ойын өрнегін алыстан тануда. Сол үшін де болар ешкім құрықтай алмай жүрген испандықтарды да бірінші ойында құрықтады. Сол үшін де болар ширек финалға дейінгі жолда жаңылмай келді. Супер Мариосы бар итальяндықтар бүгін де финалға бастайтын тура жолдан таймақ емес. 

Ең бастысы көрермендер жақсы ойын өрнегін көрсе болды. Онсыз да Германия құрамасы шабуылда бірінші нөмірде ойнайтын команда. Жо-жоқ, итальяндықтарды шетке ысырып тұрғам жоқ. Бірақ, аталған команданың уақыттың көп бөлігін қорғанысқа жұмсайтынын мойындарсыз?! Қысқасы, қай қарсыластың болмасын чемпиондық тәжден дәмесі зор. 

DEMOSCOPE қоғамдық пікірді саралайтын эксперсс-мониторинг бюросы сауалнама жүргізді. Қазіргі таңда Еуро-2012 турнирін қазақстандықтардың ойынша Германия құрамасы жеңіп алуға тиіс (40,77%). Ал одан кейінгі кезекте 29%-бен Испания құрамасы. Одан кейінгі қалған 16,78%-ды итальяндықтар иеленген.

Ойынның басталуы: Астана уақытымен 00:45-те


Стадион: Польша, Варшава – Ұлттық стадион

Бас төреші: Стефан Ланнуа

Италия: Буффон (В), Бальцаретти, Бардзальи, Бонуччи, Абате, Ночерино, Пирло, Маркизио, Монтоливо, Кассано, Балотелли.

Германия: Нойер (В), Лам, Бадштубер, Хуммельс, Бендер, Швайнштайгер, Хедира, Подольски, Озил, Ройс, Гомес.

Сурет:eurosport.ru

Дайындаған: Фараби Бақыт

Л. Лига