Грекия - Чехия. Алты минутта шешілген тағдыр

Грекия - Чехия. Алты минутта шешілген тағдыр

2-турдың алғашқы матчін өткізген Чехия алғашқы 6 минутта 2 гол салып, Грекияны жеңді.

Грекия құрамындағы жарақаттар мен дисквалификациялардың әсерінен Фернанду Сантушқа команданың құрамын негізімен өзгертуге тура келді. Осы себепті орталық қорғаушылардың жаңа жұбы  Кириякос Пападопулос пен Иоаннис Манниатис алаңға шықты. Португалдықтың әріптесі Михал Билек Ресейден оңбай жеңілгенінен кейін көп сынның астында қалса да, команда жанкүйерлерінің екі шабуылшымен ойнау туралы өтініштеріне құлақ аспады. Дегенмен Роман Губник пен Ян Резектың орнына Давид Лимберски мен Томаш Хюбшманды шығарды.

Ойынның үшінші минутында Петр Ирачек Константинос Халкиаспен бетпе-бет келіп матчағы алғашқы голды салды. Осылайша бұл гол Еуропа чемпионаты тарихындағы ең жылдам голдардың ішінде 4-сі болды.

Жағдай әрі қарай жығылғанға жұдырық дегендей хәлде өрбіді. Алғашқы голдан 3 минуттан соң оң жақтан соғылған бұрыштама допты Вацлав Пиларж түйіндеп, гректерді нокдаунға түсірді. Бірақ Грекия құрамасының проблемалары бұнымен біткен жоқ. Бірінші таймның ортасында Халкиас өзін басқа қақпашымен ауыстыруын өтінсе, үзіліске таман күмәнді болса да, офсайд деген себеппен  Контстантинос Фортунистың голы есептелмей қалды.

Екінші таймның басында гректердің беті бері қарайын деген еді. Петр Чехтың өте дөрекі қателігін пайдаланып, алаңға жаңадан шыққан Теофанис Гекас есеп айырмасын қысқартты (1:2). Бұдан кейін Сантуштың шәкірттері тіріліп, ойын тізгінін қолдарына алғандай болған еді. Чехтар өз кезегінде бар күш-жігерін қорғанысқа салды. 

Осылайша 1:2 есебімен Чехия құрамасы жеңіске жетті. Бұл жеңістің арқасында Михал Билектің шәкірттері А тобындағы екінші орынға жайғасты. Грекия өз кезегінде тізімнің ең соңынан орын алды.

Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан

сурет: sportbox.ru