Дзагоевтың голы Ресейді жеңіске жеткізе алмады

Дзагоевтың голы Ресейді жеңіске жеткізе алмады

Польша - Ресей - 1:1 (0:1) 

Голдар: Дзагоев 37 (0:1). Блащиковски 57 (1:1). 

Польша: Тытонь, Василевски, Пищек, Бёниш, Перкис, Обраньяк (Брожек, 90), Дудка (Мержиевски, 73), Блащиковски, Муравски, Полански (Матущик, 85), Левандовски

Ресей: Малафеев, Анюков, Березуцкий, Игнашевич, Жирков, Дзагоев (Измайлов, 79), Денисов, Зырянов, Широков, Кержаков (Павлюченко, 70), Аршавин

Ескертулер: Левандовски, Полански, Денисов, Дзагоев.

Варшава, 13 маусым. Бүкіл Польша халқына сәтті күн. Себебі А тобының фавориті Ресей мен Польша құрамалары арасында өткен топтық кезеңнің екінші турындағы ойын 1:1 есебімен аяқталды және Польша футболшыларының әлі де ширекфиналға жолдама алу мүмкіндіктері бар.

Бірінші тайм:

Алғашқы қауіпті сәттердің бірі ресейліктердің қақпасы алдында болды. Людовик Обраньяк айып соққыдан Вячеслав Малафеевтің қақпасына әуелете жіберген допты Себастьян Бениш баспен ұрды, алайда Ресей құрамасының қақпашысы команданы құтқарып алды. Ойынның 18-минутында поляк футболшыларының әдемі комбинациясынан соң, Полански гол соққан еді, бірақ поляк футболшысы офсайдта қалып қойғандықтан, гол саналмады. 

Дегенмен, осы ойында есепті бірінші болып Дик Адвокат шәкірттері ашты. Ойынның 37-минутында Андрей Аршавин көтерген допты Алан Дзагоев басымен қақпаға бағыттады - Тытонь тіпті әрекет ете алмай өз орнында қалды. Дзогаевтың осы Еуро-2012-дегі үшінші голы және жартылай қорғаушы осы чемпионатта әзірше үздік бомбардир саналады. 

Екінші тайм:

Екінші таймның басында Левандовски Ресей құрамасының айып алаңында Малафеевті алдап өтіп, допты бос қақпаға бағыттамақ болған, алайда Ресей қақпашысы соққыны қайтара білді. Бұдан соң ресейліктер де бірнеше шабуыл жасап, ойын есебін еселендіруге жақсы мүмкіндіктер туғызды, бірақ, соңғы пастар адресаттарына жете алмады.  

57-минутта Адвокат шәкірттерінің жасаған шабуылы еш нәтиже таппай (Аршавин дәл пас бере алмай), керісінше, поляк футболшылары қарымта шабуылға шығып, Якуб Блащаковски ұрған әдемі соққыдан соң, таблодағы есеп теңесті. 

Осы тең ойыннан кейін, ресейліктер 4 ұпаймен әлі де топ көшбасшысы есебінде қалды, ал поляк футболшылары 2 ұпаймен 3-орында. Дегенмен поляктардың әлі де чемпионатты жалғастыруға мүмкіндіктері бар. Өз кезегінде гректерді ұтқан чехтар 2-орында болса, Еуро-2004 чемпионы Грекия құрамасы 1 ұпаймен топ соңында келеді. 

Келесі турда Ресей құрамасы Грекия футболшыларына қарсы ойнаса, Польша мен Чехия құрамалары өз арасында кездесу өткізеді. 

Дайындаған: Ғани Тұрғынбеков

Сурет: eurosport.ru

Ж. FM