Испания Оңтүстік Кореяны айқын басымдылықпен ұтты

Испания Оңтүстік Кореяны айқын басымдылықпен ұтты

Испания құрамасы: Рейна (Касильяс, 80), Монреаль, Альбиоль, Рамос (Домингес, 58), Арбелоа, Беньят, Касорла (Лопес, 58), Алонсо (Бруно, 65), Сильва, Торрес (Негредо, 58), Мата (Сольдадо, 58).

Оңтүстік Корея құрамасы: Ким Чжин-Хьон, Чой Хьо-Чжин, Ли Чжунг-Су, Чо Йонг-Хьюнг, Квак Те-Хви,  Ку Чжа-Чол (Ким Чжа-Сун, 74), Нам Те-Хе (Ким Чи-Ву, 63), Сон Хьюнг-Мин (Пак Хюн-Бем, 58), Ким До-Хун (О Бом-Сок, 82), Ём Ки-Хун (Ким Бо-Кьюнг, 46), Чжи Донг-Вон (Ли Донг-Гук, 58).

Голдар: Торрес, 12 – 1:0, Ким До-Хун, 43 – 1:1, Алонсо, 52 – 2:1 (пенальтиден), Касорла, 58 – 3:1, Негредо, 79 – 4:1.

Сары қағаз: Чо Йонг-Хьюнг, 52.

Төреші: Ален Бьери (Швейцария).

Еуро-2012 ойынына дайындық есебінде Испания құрамасы Оңтүстік Кореямен жолдастық кездесу өткізді. 

Мамандар болжағандай, ойын "қызыл фуриялықтардың" қолында болды. Олар осы басымдылықты ескеріп, сәт сайын қарсы қақпаға толассыз шабуылдарды үдете берді. Сондай сәттердің бірінде кореялықтар қарымта шабуылға көшуге тырысты. Алайда, бұл қадамдары сәтсіз аяқталып жатты. Керісінше, кезекті шабуылдардың бірінде Торрес екі бірдей қорғаушыны алдаймын деп жүріп, ойламаған жерден доп Алонсоның аяғына тиеді. Тіс қаққан ойыншы қарап тұрсын ба? Бірден шірене теуіп келіп жібереді. Бірақ, қақпашы қайтарады. Ал ендігі бір кездерде "қызыл фуриялықтар" шабуылды әуеден ұйымдастырғанды дұрыс көреді. Сөйтіп жүріп жалғыз қалған сәттердің бірінде доп Торрестің басына келіп, ойындағы есеп ашылады. 1-0! 

Ойын осылайша өз қалыбынан жаңылмай, бір жақ команданың басымдығымен өтіп жатты. Кореялықтар да қарымта шабуылдарға шығуға тырысып, барларын салып бақты. Сондай бір алма-кезек шабуылдардың бірінде Ким До-Хун адасып келген допты бір орнында тұрған күйі шірене тебеді. Доп дәл барып тоғыздыққа қадалады. Гол! 

Екінші ойын бөлігіне Торрес бастаған ойыншылар ерекше қуат алып шығады. Допты қарсыластарға бермей, шабуыл үстіне шабуыл дегендей қыса түседі. Нәтижесі жаман болмай шығады. 52 минуттарда қорғаушылардың бірі допқа байқамай жанасып кетіп, айып добы (пенальти) белгіленеді. Алонсо мүлт кетпейді. Сөйтіп испандықтардың қарқыны күшейе түседі. Қосалқы құрамнан шыққан ойыншылар тың серпін беруге тырысады. 58 минутта Касорла мен 79 минуттарда Негредо көзге түсіп, жалпы есеп санын 4-1-ге жеткізеді. 

Испания құрамасының дайындығы жаман емес. Бұған дейін Сербиямен кездесіп, жолдастық ойында 2-0 есебімен басым түскен еді. 

Естеріңізге сала кетсек, бұдан да басқа жолдастық кездесулер болып өтті. Голландия Словакия құрамасын 2-0 есебімен ұтса, келесі ойында Швейцария құрамасы Румынияға есе жіберді (1-0). Ал Швеция Исландия құрамасынан 3-2 есебімен басым түсіп, Әзербайжан мен Андорра құрамалары арасындағы ойын өзара тең нәтижемен аяқталды.

Сурет: eurosport.ru

Л. Лига