Давид Вилья Еуропа чемпионатына қатыспайтын болды

Давид Вилья Еуропа чемпионатына қатыспайтын болды

"Барселона" командасының ойыншысы Давид Вилья жарақатына байланысты 2012 жылғы Еуропа чемпионатын алаң сыртында өткізетін болады. Бұл туралы Испания футбол қауымдастығы хабарлады. 

Сөйтіп Вилья ұлттық құраманың тізіміне іліне алмады. Ол физикалық тұрғыдан толықтай айығып шықпағанын мәлімдеді. Естеріңізде болса, командалар арасындағы клубтық чемпионатта катарлық "Аль-Садд" командасына қарсы өткізген жартылай финалда сол аяғының жіліншік сүйегін сындырып алған болатын. (15 желтоқсанда өткен сол ойын 4:0 есебімен Барселонаның пайдасына шешілген еді).

Әйтсе де, Еуропа чемпионатына дейін Вилья құлан-таза айығып шығады деген үміт те жоқ емес еді. Себебі, өздеріңіз білесіздер, "Барселона" командасының 8 ойыншысы ұлттық құрамада ойнайды. Хави мен Инеста бастаған жартылай қорғаушылар Виьлямен жақсы түсінісіп ойнаушы еді. Оның үстіне аталған шабуылшы голды да жиі соғуымен әр ойынды өз мойнына алуға тырысатын. 

Енді не болады дейсіздер ғой? Не  көп Испанияның құрамында "сен тұр-мен тебейін"- деген шабуылшылар көп. Енді олар негізгі сапта барларын салып, жақсы ойындарымен көрініп қалуға тырысады. 

"Барселона" командасы чемпиондар лигасының жартылай финалында шешуші ойында Лондонның "Челси" командасына қарсы ойынды 1:1 нәтижесімен тең аяқтап, ақтық финалға өте алмай қалған болатын.

Сурет: sports.ru

Л. Лига