Массагет бәйгесі. Жүзден жүйрік шығар сәт жақын!

Массагет бәйгесі. Жүзден жүйрік шығар сәт жақын!

Бүгін футболдан Бразилия жерінде өтіп жатқан Әлем чемпионатының ІІІ орын иегері анықталады. Сонымен қатар, massaget.kz порталы жариялаған болжамдар бәйгесінің жеңімпаздары  белгілі болуы бек мүмкін.

Жартылай финалда жолдары болмаған алаң иелері мен қызғалдақты елдің өкілдері бүгін түнде ІІІ орын жүлдесін сарапқа салады. «Селесао» өз тарихындағы ең ірі жеңілісінің ащы дәмін татып, немістерді финалға өткізсе, Луи Ван Гал шәкірттері ойын соңындағы «лотореяда»  аргентиналықтардан жеңілген-ді.

Бразилия құрамасы сапы мен ойын жүйесінде өзгеріс болатыны анық. Өйткені, өткен ойында Неймар мен Тьяго Силваның жоқтығы анық байқалды. Дантенің де тегіс жерден доптан айырылып қалған сәттерін жанкүйерлері ұмыта қойған жоқ. Қысқасы, Луиш Филипе Сколари қалай да болмасын қам көңілді халықтың көңілін жұбатуы тиіс. Сол үшін намысқа тырысары белгілі. Ал Нидерланды құрамасын да осал деп қарауға болмайды. Пенальти сериясында жіберген олқылықтарын толтыруға тырысатын болады. Өзара осыған дейін 9 рет кездескен ойындағы доп айырмасы (14-14) да тең екен. 3 рет «пентакампеондар» жеңсе, 4 кездесу тең аяқталған. 2 ойында нидерландылықтар жеңіске жетіпті.

Астана уақытымен түнгі сағат 02:00-де басталатын кездесу ІІІ орын иегерін ғана емес, «мундиальдың» үздік ойыншыларын да анықтауға септігін тигізері анық.

Кездесу алдындағы құрамалар құрамы:

Бразилия: Жулио Сезар, Дани Алвес, Давид Луис, Тьяго Силва, Марсело, Луис Густаво, Фернандиньо, Виллиан, Оскар, Халк, Жо.

Нидерланды: Ворм, де Врей, Велтман, Блинд, Янмаат, Вейналдум, Класи, Кюйт, Снейдер, ван Перси, Роббен.

Еске салайық, осыған дейін Әлем Чемпионатына орай Massaget.kz порталы болжамдар бәйгесін жариялаған болатын. Бір айға жоспарланып отырған бәйгенің ережесін осыған дейін жариялағанбыз. Енді өз болжамдарыңызды сайтқа тіркеліп (тіркелмеген болсаңыздар) жазуға мүмкіндіктеріңіз бар. Тағы бір ескеретіні, түсініксіз аттармен, осыған дейінгі есімдеріңізді өзгертіп болжамдарыңызды жариялауға тыйым салынады. Тек бүгінгі ақпаратта берілген бір ойынға ғана төмендегі "пікір жазу" деген аймаққа болжамдарыңызды жазыңыздар. Өзге әлеуметтік желілер мен өзге ақпарат соңындағы болжамдар қабылданбайтынын ескертеміз. Ал осыған дейінгі жасалған болжамдар бойынша көш бастап тұрған қатысушылармен мына сілтемеде таныса аласыздар. Сіздерге сәттілік тілейміз!

Ескерту: Болжам жасау уақыты Астана уақытымен түнгі сағат 01:00-де тоқтатылады. Сонымен қатар, ескерте кететін бір жәйт, ертеңнен бастап, толық 16 ұпайды иеленбегендер рейтингке енбейді. Базада аты-жөндері сақталып тұрады. Жарыс соңына дейін қатысушылар өтінішімен ешқандай өзгерістер енгізілмейтін болды. Осы қатысып отырған есімдеріңізді өзге қаріпке ауыстырып, өзгертуге болмайды. Ол кезде жаңа қатысушы ретінде тіркеліп кетесіздер. Және басынан ұпай жазылады. Алдағы финалдық кезеңдегі ойындар негізгі уақыт нәтижесімен есепке алынады! Алғашқы ондыққа енген қатысушыларға арнайы сыйлықтар беріледі!

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: football.sport-express.ru; Vk.com

Ө. Сансызбай