ӘЧ-2014. Жартылай финалға шыққан соңғы команда анықталды

ӘЧ-2014. Жартылай финалға шыққан соңғы команда анықталды

Әлем Чемпионатында 1/4 финалда Нидерланды мен Коста-Рика құрамалары кездесіп, пенальти сериясында жеңімпаз анықталды.

Бразилияның Сальвадор қаласында «Арене Фонте-Нова» стадионында өткен ойынның негізгі уақытында есеп ашылмаған болатын. 

Алғашқы тайм қос құраманың тайталасқан, тең дәрежелі ойын өрнегімен өрбіп еді. Луи Ван Галдың шәкірттерінде гол соғатын мүмкіндіктер болған, бірақ жүзеге асыруға келгенде бір кілтипан табылып отырды.

Үзілістен кейін нидерландықтар бірнеше қауіпті шабуылдар ұйымдастыра алған-ды. Жалпысынан, кездесу бойына командалар жабық ойын үлгісін ұстанды. Коста-рика құрамасының және испандық «Леванте» клубының қақпашысы Кейлор Навас әр жолы қақпасын голдан аман сақтап, кездесу соңында ең үздік ойыншы атанды.

Қосымша уақыт бітуге таяғанда Луи ван Гал алаңға қақпашы Тим Крулды шығарған еді. Пенальти сериясында қақпашы 11 метрлік қашықтықтан орындалған екі бірдей соққыны қайтарып, Нидерланды құрамасын жартылай финалға шығарып отыр.

Нидерландықтар сапынан пенальти орындағандар: Робин ван Перси, Арьен Роббен, Уэлси Снейдер, Дирк Кюйт.

Жартылай финалда Нидерланды құрамасын Аргентина күтіп тұр.

ӘЧ-2014, 1/4 финал

Нидерланды - Коста-Рика – 0:0 пен 4:3

Нидерланды: Силлессен, Влар, де Врей, Мартинс Инди, Блинд, Снейдер, Вейналдум, ван Перси, Роббен, Кюйт, Депай.

Коста-Рика: Навас, Акоста, Гонсалес, Уманья, Диас, Гамбоа, Борхес, Боланьос, Техеда, Кэмпбелл, Руис.

Дайындаған: Әкежан Дәкен

Сурет: championat.com

Л. Лига