Массагет бәйгесі. Бұйырған кетпейді!

Массагет бәйгесі. Бұйырған кетпейді!

Бүгін футболдан Бразилия жерінде өтіп жатқан Әлем чемпионатының 1/8 финалындағы кездесулер басталады. Сонымен қатар, Massaget.kz порталы жариялаған болжамдар бәйгесі жалғасады. 

«А» тобынан бірінші орынмен шыққан Луиш Филипе Сколари шәкірттері бүгін чилиліктермен 1/4 финалының жолдамасын сарапқа салады. Өз алаңында намысқа тырысатын бразилиялықтарды ескі қарсыласы есіркей қоймасы тағы бар. Бұл тартысты кездесу Астана уақытымен 22:00-де басталады.

«С» тобында Колумбия көш бастады. Бүгін Астана уақытымен түнгі сағат 02:00-де Оңтүстік Америкалық екінші екі құраманың ширек финал жолдамасына таласын тамашалайтын боламыз. "Өлім тобынан" "тірі" шыққан уругвайлықтар да оңай шағылар жаңғақ емес екені белгілі. Ал, біз әдеттегідей ойындар алдындағы шолуға кезек береміз.

Бразилия vs Чили

Әлем чемпионаты алдында мамандар Бразилия құрамасын «А» тобының ғана емес, әлем чемпионатының басты фавориті санаған болатын. Алаң иелері топтық кезеңнен қиындықсыз өтті. Олар алғашқы ойында Хорватия құрамасын ұтса (3:1), екінші турда мексикалықтармен тең (0:0) ойнады. Ал, соңғы турда Камерун құрамасын тас-талқан етіп жеңді (1:4). Осылайша жеті ұпайды қанжығаға байлаған Луиш Филипе Сколари шәкірттері, өз тобының көшбасшысы атанды. Бразилиялық футболшылар бүгінгі ойынға тас-түйін дайын отыр. Неймар бастаған ойыншылар өз жерінде өтіп жатқан біріншілікте намысқа тырысары анық. Ойын алдында бас бапкер Луиш Филипе Сколари өз мәлімдемесінде: «Егер маған таңдау берсе, мен Чили құрамасымен емес, нидерландылықтармен кездесуді қалар едім. Чилиліктер Оңтүстік Америкадағы мықты құрамалардың бірі. Олар бізге қарсы қалай ойнау керек екенін біледі. Чилиге қарсы ойынға аздаған өзгерістермен шығуды жоспарлап отырмын. Мен Чили құрамасының өз тобынан шығарына еш күмәнданған емеспін. Тіпті, Әлем чемпионаты басталмай тұрып-ақ дәл осылай ойлаған едім», - деді.

Чили құрамасы екінші турда-ақ плей-офф кезеңіне жолдама алып қойған еді. Алғашқы турда олар Аустралия құрамасын 3:1 есебімен жеңсе, артынша Әлем чемпиондарын үйіне қайтарған болатын. Тек соңғы турдағы ғана "өз тобының көшбасшысын анықтаған" Нидерландыға қарсы ойында 2:0 есебімен есе жіберді. Чилиліктер азулы Испанияның өзін 0:2 есебімен жеңіп, бұл біріншілікке тегін келмегендерін дәлелдеді. Чили құрамасының бас бапкері Хорхе Сампаоли Испанияға қарсы өткізген ойын алдында: «Егер бүгін біз жеңіске жетсек Испанияны үйіне қайтарамыз, әрі турнирдегі басты тапсырманы толықтай орындаймыз», - деген еді. Бас бапкерді тапсырмасы толықтай орындалды. Алайда Санчес бастаған серке ойыншылар әлі де жарысты жалғастыра түсуді қалайды. Бүгінгі ойынға қорғаушы Гари Медель қатыса алмаса, жарақат алып қалған жартылай қорғаушы Артур Видаль қайта оралады деп күтілуде.

Бразилия мен Чили құрамасы өзара 74 рет кездесу өткізген. Оның 52-сінде бразиялиялықтар жеңіске жетке, 7 рет чилиліктер басым түскен, 15 кездесу тең аяқталған. Доп айырмашылығы - 167:61. Әлем чемпионаты аясында өткізген соңғы үш кездесуде де Бразилия құрамасы жеңіске жеткен.

Бразилия (шығуы мүмкін құрам): Жулио Сезар – Марсело, Тиаго Силва, Давид Луис, Дани Алвес – Луис Густаво, Фернандиньо, Оскар – Фред, Халк, Неймар.

Чили (шығуы мүмкін құрам): Клаудио Браво – Гонсало Хара, Эугенио Мена, Гари Медель, Франсиско Сильва, Маурицио Исла – Марсело Диас, Шарлес Арангис, Артуро Видаль – Эдуардо Варгас, Алексис Санчес.

Колумбия vs Уругвай

Колумбия құрамасы топтық кезеңде үздік нәтиже көрсеттті. Олар үш ойында да жеңіске жетіп, плей-офф кезеңіне бірінші орынмен өтті. Хосе Пекерман шәкірттері алғашқы ойында-ақ гректердің қақпасына жауапсыз үш доп соғып,  қауһарының қаншалықты екенін бір көрсетіп қойды. Келесі ойындарда Кот-д'Ивуар (2:1) мен Жапония (4:1) футболшыларынан басым түсті. Колумбия құрамасы осыған дейін үш әлем чемпионатына қатысқан. Ең жоғарғы нәтижесі – 1/8 финал. Көбіне жолы бола бермейтін құрама. Олар үшін биылғы «мундиаль» да жағымды жаңалықпен бастала қоймаған еді. Құраманың нағыз көшбасшысы саналатын Радамель Фалькао жарақатынан толық айығып, қатарға қосыла алмады. Алайда колумбиялық ұжым Фалькаосыз да тамаша өнер көрсетіп келеді. Енді олар бүгін «D» тобынан екінші орын алған Уругвай құрамасымен 1/4 финалының жолдамасын сарапқа салады. Уругвайлықтар үшін Әлем чемпионатының алғашқы ойыны сәтсіз басталды. Бірінші турда Коста-Рика құрамасымен кездескен Оскар Табарестің командасы 1:3 есебімен есе жіберген болатын. Алайда есін тез жинаған футболшылар екінші кездесуде атағы дардай ағылшын футболшыларын қапы қалдырды (2:1). Плей-офф жолдамасы үшін күрескен соңғы кездесуде алғашқы кездесуде Англияны ұтып,  коста-рикалықтарға ұпай жоғалтқан Италия құрамасынан айласын асырды. Осылайша жан берісіп-жан алысқан «Өлім тобынан» екінші орын алған уругвайлықтар келесі кезең жолдамасын жеңіп алды. Бүгінгі ойынға Уругвай құрамасының үздік ойыншысы Луис Суарес қатыса алмайды. Ол үшінші турдағы Италияға қарсы ойында спортқа тән емес мінез-құлық танытқаны үшін жазаға тарталған болатын. Италиялық қорғаушы Джорджо Кьеллиниді тістеп алған Луис Суарес ұлттық құрама сапында тоғыз ойынға шеттетілді.

Бұл екі құрама өзара 44 рет кездесу өткізген. Оның 18-де уругвайлықтар басым түссе, 13 кездесу колумбиялықтардың пайдасына шешілген, 13 ойын тең аяқталған. Екі ұжым арасындағы Әлем чемпионаты аясында өткізген жалғыз ойында (1962 жылғы Әлем чемпионаты) Уругвай құрамасы жеңіске жеткен.  

Колумбия (шығуы мүмкін құрам): Давид Оспина – Марио Йепес, Кристиан Сапата, Пабло Армеро, Камило Цунига – Абель Агилар, Карлос Санчес, Хуан Куадрадо, Джеймс Родригес – Джексон Мартинес, Теофило Гутьеррес.

Уругвай (шығуы мүмкін құрам): Фернандо Муслера – Диего Годин, Мартин Касерес, Макси Перейра, Альваро Перейра – Кристиан Родригес, Альваро Гонсалес, Эгидио Аревало, Николас Лодейро – Эдинсон Кавани, Кристиан Стуани.


Еске салайық, осыған дейін Әлем Чемпионатына орай Massaget.kz порталы болжамдар бәйгесін жариялаған болатын. Бір айға жоспарланып отырған бәйгенің ережесін осыған дейін жариялағанбыз. Енді өз болжамдарыңызды сайтқа тіркеліп (тіркелмеген болсаңыздар) жазуға мүмкіндіктеріңіз бар. Тағы бір ескеретіні, түсініксіз аттармен, осыған дейінгі есімдеріңізді өзгертіп болжамдарыңызды жариялауға тыйым салынады. Тек бүгінгі ақпаратта берілген екі ойынға ғана төмендегі "пікір жазу" деген аймаққа болжамдарыңызды жазыңыздар. Өзге әлеуметтік желілер мен өзге ақпарат соңындағы болжамдар қабылданбайтынын ескертеміз. Ал осыған дейінгі жасалған болжамдар бойынша көш бастап тұрған қатысушылармен мына сілтемеде таныса аласыздар. Сіздерге сәттілік тілейміз!

Ескерту: Болжам жасау уақыты Астана уақытымен кешкі сағат 22:00-де тоқтатылады. Сонымен қатар, ескерте кететін бір жәйт, ертеңнен бастап, толық 15 ұпайды иеленбегендер рейтингке енбейді. Базада аты-жөндері сақталып тұрады. Жарыс соңына дейін қатысушылар өтінішімен ешқандай өзгерістер енгізілмейтін болды. Осы қатысып отырған есімдеріңізді өзге қаріпке ауыстырып, өзгертуге болмайды. Ол кезде жаңа қатысушы ретінде тіркеліп кетесіздер. Және басынан ұпай жазылады. Екі ойынды бір қатарда жазуларыңызды өтінеміз! Алдағы финалдық кезеңдегі ойындар негізгі уақыт нәтижесімен есепке алынады!Қатысыңыздар! Жеңімпаз атаныңыздар!

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: isport.com; vseprosport.ru; fifa.com; Vk.com

Ө. Сансызбай