Массагет бәйгесі. Төрт ойыннан ұпайыңды түгенде!

Массагет бәйгесі. Төрт ойыннан ұпайыңды түгенде!

Бүгін футболдан Бразилия жерінде өтіп жатқан Әлем Чемпионатындағы «С» және «D» топтарының соңғы шешуші кездесулері өтеді. Сонымен қатар, Massaget.kz порталы жариялаған болжамдар бәйгесі жалғасады.

Дүбірлі додада «Өлім тобы» саналған «D» тобының ойындары нағыз тартысқа толы болды. Ешкім күтпеген сыйды Коста-Рика жасады. Екі ойыннан кейін-ақ плей-офф жолдамасын иеленді. Бүгінгі жолы болмаған ағылшындарға қарсы кездесу де бұл құраманың тағы бір қарымын байқататын болады. Ал топтағы екінші жолдаманы Уругвай мен Италия құрамалары сарапқа салады. Ойындар Астана уақытымен сағат 22:00-де басталады. «С» тобында Колумбия осыған дейін келесі кезеңге өтіп үлгерген-ді. Хосе Пекерман командасы бүгін Жапониямен кездеседі. Сонымен бірге, үш құрамада да бір жолдаманы иеленуге мүмкіндік бар. Екінші кездесу Грекия мен Кот-д’Ивуар арасында өтеді. Бұл топтың ойындары түнгі сағат 02:00-де басталады. Ал, біз әдеттегідей ойындар алдындағы шолуға кезек береміз.

Коста-Рика Англияны да жеңе ме?


Кеше Испания құрамасы соңғы ойынын Аустралияға қарсы өткізіп, 3:0 есебімен жеңіске жетті. Ал сондай нәтижені бүгін ағылшындар жасай алар ма екен? Бірінші орнын сақтап қалуға барынша үмітті «Лос Тикостар» да аянып қалмасы белгілі.

Әлем Чемпионаты аяқталғаннан кейін Англия құрамасының бас бапкері Рой Ходжсон өз орнын босатуы мүмкін. Бүгін футбол маманы негізгі құрамның орнына таласып жүрген футболшыларды шығарғалы отыр. Ал Коста-Риканың бас бапкері Хорхе Луис Пинто негізгі құрамға аздап өзгерістер енгізді. Бүгін негізгі құрамда осыған дейінгі кездесулерде өздерін тамаша қырларымен танытқан Кэмпбелл мен Руис шықпайды деп күтілуде. Қарымта шабуылды басты назарда ұстамақ. Ағылшындар қатарынан Фрэнк Лэмпард капитан қызметінде бүгін соңғы ойынына шығуы мүмкін деген де ақпараттар тарауда.

Кездесуге шығуы мүмкін құрам

Коста-Рика: Навас — Дуарте, Гонсалес, Миллер — Акоста, Куберо, Техеда, Фрэнсис — Кальво, Баррантес — Уренья

Англия: Фостер — Джонс, Кэхилл, Смоллинг, Шоу — Уилшир, Лампард — Милнер, Баркли, Лаллана — Старридж

Уругвай - Италия: топтан қайсысы шығады?

D тобының шешуші турында қос мықты Коста-Рикамен 1/8 финалға шығуға жалғыз лайықтыны анықтайтын болады. 

"Өлім" тобы шынында да біз күтпеген жаңалықтарға толы болды. Алғашында жұртшылық Англия-Италия-Уругвай үштігінің қайсысы шеттетіліп қалар деп күткен. Бірақ, енді таңдау біреуіне ғана түсіп тұр - келесі кезеңге шығуға бір ғана команданы таңдау қажет.  

Коста-Рика көпшілік пікірінше жарысты ерте аяқтап, үйлеріне аттануы тиіс болатын. Бірақ, ағылшындар киімдерін буып-түйіп дайындап қойса, Уругвай мен Италия құрамалары топтан шығуға барларын салатын болады. 

Чезаре Пранделлидің тәлімгерлеріне тең есеппен ойнаса да жетіп жатыр, ал уругвайлықтарға сол тұста тек жеңіс ауадай қажет. 

– Командалар осыған дейін тоғыз рет кездескен. Екі жолы италияндықтар жеңсе, үш мәрте уругвайлықтар басым түскен. Төрт жолы тең есеп тіркелген. 

– Әлем Чемпионатының соңғы он ойынында CONMEBOL белдеуінің елдеріне италияндықтар бірде-бір жолы ұтылып көрмеген екен.

Өткен Әлем Чемпионатында Италия құрамасы топтық кезеңнен шыға алмаған болатын.

– Уругвай 11 Әлем Чемпионатына қатысып, топтық кездесуден үш жолы шыға алмапты. 

С тобы. Жапония - Колумбия кездесуі

Getty Images

Жапондықтар келесі кезеңге өтуге тырысып көреді. Әлі де болса мүмкіндіктер қарастырылуда. Бірақ, топтағы  бұл кездесу ең мықтыға қарсы өтетінін ескерсек, онда қиын екенін мойындамай тұра алмаспыз.

Жапония құрамасы бұл мундиальда көпшілікті таңғалдырып отыр. Испандар мен ағылшындарды бір бөлек алғанда, "күншығыс елінің" өкілдерінен көп үміт күтілгені анық. Басталмай жатып ивуарлықтарға ұтылып, гректермен тең ойнайды деп кім ойлаған. Қалай дегенмен де,  Дзаккеронидің тәлімгерлері мұндай топтан шығуы тиіс еді.

Жапондардың өткен ойынында шабуылда тапқырлық жетіспеген болатын. Өз кезегінде нәтижелілікті төмендетіп жіберіп еді. Кейсуке Хонда соққан жалғыз гол бар.

Колумбиялықтардың бас бапкері Пекерман өз командасына ырза шығар, алғашқы екі ойында құрамасы сенімді жеңіске қол жеткізген-ді. Енді бүгінгі ойында жаттықтырушы команданың көшбасшыларына демалыс береді деп күтілуде. 

Колумбиялықтарға бірінші орыннан сырғу өте қиын болады. Себебі, бұл құраманы Италия-Уругвай күтіп тұр.

Шығуы мүмкін құрам.

Жапония: Кавашима - Учида, Йосида, Конно, Нагатомо - Хасебе, Ямагучи - Кагава, Окадзаки, Хонда – Осако.

Колумбия: Оспина – Суньига, Сапата, Вальдес, Армеро – Гуарин, Санчес – Куадрадо, Кинтеро, Рамос – Мартинес.

Грекия - Кот-д'Ивуар


Грекия мен Кот-д'Ивуар құрамалары арасындағы кездесу қатар өтіп жатқан ойынға тәуелді болады. Колумбия жапондар қақпасына бір-екі гол соғып, жеңісті уыстан шығармайтындарын білдірсе, онда бұл жақта нағыз шайқас орын алары анық. Бұл тұста ивуарлықтарды тең есеп те қанағаттандырады. Ал гректерге жеңіс қажет.

Бұл топтағы кездесулерді соғылған голдар саны шешеді. Гректердің жағдайы мәз емес екені анық, ал ивуарлықтар бірінші кезекте Дрогбаға арқа сүйемейтіні анық. Аталған футбол жұлдызы алаңға шыққанда, әр жолы ивуарлықтар қақпаларына гол жіберіп алып отырған.

Қос құрама да Бразилиядағы мундиальға дейін кездеспеген екен. Ал бұл кездесуде эквадордық бас қазы Карлос Вера төрелік ететін болады. 

Шығуы мүмкін құрам:

Грекия: Карнезис, Торосидис, Манолас, Папастатопулос, Олебас, Манятис, Фетфацидис, Циолис, Самарас, Коне, Митроглу

Кот-д'Ивуар: Барри, Акпа-Акпро, Бока, Аурье, Бамба, Бони, Тиоте, Яя Туре, Серей Ди, Жервиньо, Калу


Еске салайық, осыған дейін Әлем Чемпионатына орай Massaget.kz порталы болжамдар бәйгесін жариялаған болатын. Бір айға жоспарланып отырған бәйгенің ережесін осыған дейін жариялағанбыз. Енді өз болжамдарыңызды сайтқа тіркеліп (тіркелмеген болсаңыздар) жазуға мүмкіндіктеріңіз бар. Тағы бір ескеретіні, түсініксіз аттармен, осыған дейінгі есімдеріңізді өзгертіп болжамдарыңызды жариялауға тыйым салынады. Тек бүгінгі ақпаратта берілген төрт ойынға ғана төмендегі "пікір жазу" деген аймаққа болжамдарыңызды жазыңыздар. Өзге әлеуметтік желілер мен өзге ақпарат соңындағы болжамдар қабылданбайтынын ескертеміз. Ал осыған дейінгі жасалған болжамдар бойынша көш бастап тұрған қатысушылармен мына сілтемеде таныса аласыздар. Сіздерге сәттілік тілейміз!

Ескерту: Болжам жасау уақыты Астана уақытымен кешкі сағат 22:00-де тоқтатылады. Сонымен қатар, ескерте кететін бір жәйт, ертеңнен бастап, толық 10 ұпайды иеленбегендер рейтингке енбейді. Базада аты-жөндері сақталып тұрады. Осы қатысып отырған есімдеріңізді өзге қаріпке ауыстырып, өзгертуге болмайды. Ол кезде жаңа қатысушы ретінде тіркеліп кетесіздер. Және басынан ұпай жазылады. Төрт ойынды бір қатарда жазуларыңызды өтінеміз! Қатысыңыздар! Жеңімпаз атаныңыздар!

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: isport.com; vseprosport.ru

Ө. Сансызбай