Бельгия жеңіспен бастады

Бельгия жеңіспен бастады

"Н" тобында Бельгия мен Алжир құрамалары қызықты кездесу өткізді. Азар бастаған жігіттер кездесу барысында ұтылып жатып, ойынның аяқталуына жиырма минут қалғанда есепті теңестіріп қана қоймай, жеңіс голын соғып кетті...

Ойынның 25-минутында испандық "Валенсияның" жартылай қорғаушысы Софиан Фегули он бір метрлік айып добын сауатты орындап, командасын алға шығарған болатын. 

Бірінші жарты бөлікте бельгиялықтар алаңға иелік ете алғанмен, алайда сол күйі қауіпті сәтті ұйымдастыра алмады. Екінші жағынан алжирліктер өз айып алаңдарында ауызбіршілік танытты. 

Екінші жарты бөлікте бельгиялықтардың бас бапкері Вильмотс қосалқы құрамнан ойыншылар шығара бастады. Алдымен Насер Шадлидің орнына Дрис Мертенсті шығарды. Көп ұзамай Ромелу Лукакуді Дивок Ориги ауыстырды. 65-минутта Мұса Дембеле орнын Маруан Феллайниге босатты. Және жаттықтырушы жасаған ауыс-түйістер ойын тағдырын шешті.

Ойынның 70-минутында Маруан Феллайни қаптал бұрыштан орындалған допты қорғаушының қақпайлағанына қарамастан, қақпаға сәтті ұрған болатын. Есеп теңесті.

Арада 10 минут өткенде Дрис Мертенс командасын алға шығарды. Бұл жолы шағын денелі ойыншы қақпашымен бетпе-бет шығып, еш мүмкіндік қалдырмады. 

Алжирліктер шабуылға шыққанмен, ешнәрсе өндіре алмады. Керісінше, бельгиялықтар үшінші голды салуға жақын болды. "Манчестер Юнайтедте" маусымды сәтсіз өткізген Маруан Феллайни тағы да қапталдан орындаған допты қақпаға бағыттаған еді. Бірақ, бұл жолы қақпашы өз қақпасын голдан құтқарып қала алды. 

Енді бельгиялықтар ресейліктермен кездеседі. Ресейліктер, өз кезегінде, бүгін Оңтүстік Кореямен жолығысады.

ӘЧ-2014, H тобы, бірінші тур

Бельгия – Алжир – 2:1

Софиан Фегули, 25 (пен), Маруан Феллайни, 70, Дрис Мертенс, 80

Бельгия: Куртуа, Алдервейрелд, Ван Бюйтен, Компани, Вертонген, Витсель, Дембеле, Де Брюйне, Азар, Шадли, Лукаку.

Алжир: М'Боли, Бугерра, Гулам, Халлиш, Фегули, Меджани, Бенталеб, Судани, Таидер, Марез, Мостефа.

Дайындаған: Әкежан Дәкен

Сурет: eurosport.ru

Ө. Сансызбай