Неміс құрамасы жеңісін Шумахерге арнайды

Неміс құрамасы жеңісін Шумахерге арнайды

Германия футбол құрамасының шабуылшысы Лукас Подольский өз командасы Әлем Чемпионатында жеңіске жетер болса, бұл жеңісті әйгілі неміс пилоты Михаэль Шумахерге арнайтынын айтты.

«Шумахер – менің жақсы досым, оның ауруханадан шығарылып, денсаулығы жақсарғаны бізді қатты қуантты. Бұл өте жақсы жаңалық. Әрине, бұл ақпар бізге де дем берді. Жеңісімізді Шумахерге арнаймыз. Егер Әлем Чемпионатын жеңер болсақ, онда да жеңісімізді жақсы досымызға арнаймыз», - дейді Подольский.

Формула 1 жарысының жеңімпазы Михаэль Шумахер күні кеше ғана, 16 маусымда комадан шыққан болатын. Оны дәрігерлер Гренобльдегі ауруханадан реабилитациялық орталыққа ауыстырды. Шумахердің менеджері Сабину Кем оның есту және сипап сезу мүшелері дұрыс жұмыс істеп тұрғанын айтады.

Михаэль Шумахердің жанкүйерлері оны ауруханадан шығуымен құттықтап тұр

Естеріңізге сала кетсек, 2013 жылдың желтоқсан айында Францияның Альп тауының етегіндегі шипажайлардың бірінде пилот мертігіп, аса ауыр жағдайда ауруханаға түскен еді. Спортшыға бірнеше күрделі ота жасалды. Содан бері ақыл-есін білмей, Франциядағы Гренобль ауруханасында жатты.

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: lenta.ru

А. Құлтай