Англия 1 - 2 Италия

Англия 1 - 2  Италия

«Өлім тобындағы» Италия мен Англия кездесуі де тартысты өтті. Әлем чемпионаты тарихындағы алғашқы ойынында екі гол жіберіп көрмеген ағылшындар статистикасына өзгеріс енді.

Ә дегеннен-ақ екі құрама да бір-біріне атой сала шабуылды бастады. Әсіресе ағылшындар белсенділігі байқалды. Уақыт өте келе «скуадра адзурра» ойындағы доп ұстау мен шабуылдағы басымдыққа ие бола бастады. 35 минутта Маркизио ұрымтал сәтті тамаша пайдаланып, алыстан соққы бағыттады. Жойқын соққы Джо Харт қорғаған қақпа төрінен бір-ақ табылды. Алайда араға 2 минут сала ағылшындар таразы басын теңестірді. Рунидің керемет пасынан кейін Даниэль Старридж гол авторы атанды. Соғылған голға ерекше ынтасымен қуанған Англия құрамасының физиотерапевті Гари Левин жарақат алды. Тайм аяқталар тұста Марио Балотеллидің құйтырқы соққысын қорғаушы Джагелка голға айналдырмады.

Екінші таймды да Рой Ходжсон шәкірттері тәуір бастады. Бірнеше қауіпті сәттер ұйымдастырды. Бірақ, нәтиже шығара алмады. 50 минутта Кандреваның әуелете асырған пасына «Супер Марио» бірінші жетіп, есепте тағы италиялықтарды алға шығарды. Одан кейінгі сәттерде есепке өзгеріс енгізуге екі құрамада да мүмкіндік болды. Алайда, жүзеге аспады.

Еске салайық, осыған дейін «Өлім тобының» аутсайдері саналған Коста-Рика бірінші кездесулер қорытындысында көш бастап тұр.

Автор: Өмірбек Сансызбай

Сурет: vk.com

Ө. Сансызбай