ӘЧ-2014.«Өлім тобынан» қай құрамалар «тірі» шығады?

ӘЧ-2014.«Өлім тобынан» қай құрамалар «тірі» шығады?

Ертең Бразилия елінде төрткүл дүние төрт жыл күткен футболдан әлем чемпионаты басталады. Бүгін біз әр топ құрамаларының мүмкіндігі мен олардың ойын жүйесіне арналған шолуымызды жалғастырамыз. Енді «D» немесе «Өлім тобы» тобы жайлы...

«Мундиальдағы» бұл топты көптеген футбол мамандары «Өлім тобы» деп атауда. Англия, Уругвай және Италия сынды құрамалар текетіресі қашан да қызық болған. Бұл жолы да тартысты болмақ. Ал «арыстандар апанына» түскен Коста-Рика ғайыптан тайып, топтық кезеңнен шығып жатса, дүбірлі доданың басты сенсациясы болары анық.

«Маэстро» жүйесін қалай ұстанады?


Уругвай құрамасы әлем чемпионатына тәжірибелі құраммен келеді. Көбісі егде тартса да, топ жаруға мүмкіндігі жоғары футболшылар. Бас бапкері Оскар Табарестің өзі кезінде ұлттық құрама жейдесін киіп, өнер көрсеткен. Ойыны жанкүйерлер көңілінен шығып, қалың көпшілік оны «маэстро» деп атап кеткен екен. Енді сол «маэстро» ойын жүйесін қалай ұстанады?

2010 жылы Оңтүстік Африкада өткен додада Уругвай керемет өнер көрсетті. Қазірдің өзінде сол құрамнан аса көп өзгерістер байқалмайды. Ұзақ уақыттан бері Оскар Табарес құрамамен жұмыс жасап келеді. Негізгі сенер тұсы – шабуыл шебі болмақ. Өйткені, Луис Суарес, Эдинсон Кавани, Эрнандес және Стуанидан көп нәтиже күтуге болады. Жоқ жерден бар жасай алады. Ал команданың әлсіз тұсы – плеймейкердің болмауы. Жартылай қорғаушылардың көбісі қорғаушыларға көмектесуге жақын ойнайтын футболшылар. Енді бұл қызметті ардагер Диего Форлан мен Лодейро атқаруы тиіс.

«Селестадан» жанкүйерлер күтпеген сый күтуде. Іріктеу кезеңінде аса мықты ойын өрнегін көрсетпесе де, 2010 жылғы «мундиальдың» жартылай финалына жеткен құрама өз құрлығында белсенеді деп болжануда. Бәлкім, рас та шығар. Алғашқы Коста-Рикамен болатын ойында құрама үш ұпаймен бірге, ірі есеппен де жеңіске жетуі тиіс. Бұл жеңіс футболшыларға жігер береді. Одан кейінгі нәтижені Оскар Табарес ұстанған жүйе шешпек...

Букмекерлік орталықтар Уругвай құрамасының топтан шығуына – 1,57 коэфициент, чемпион атануына – 26 коэфициент беріп отыр.

Италия Германиядағы жетістігін қайталай ала ма?


«Скуадра адзурраның» топтан шығу мүмкіндігі жоғары бағалануда. 2006 жылғы «мундиальда» бұл құраманың топ жаруын біреу болжағанмен, көбісі күтпеген еді. Одан кейін команда сапы ауысқанмен, италиялықтардың ойын жүйесі жанкүйерлерге таныс. Таныс болғанда да «жұмбақ» жағдайда. Көбіне Италия құрамасы топтағы алғашқы ойындарында әлсіз көрінгенмен, соңына қарай ойынын өзгерте түседі. Ал Бразилиядағы топ құраманың бұл жүйесін іске асыруына мүмкіндік бере ме екен?

Чезаре Пранделли командасын нағыз тәжірибелі, тіс қаққан ойыншылар десек болады. Ал ондай құраманың стандартты жағдайларда гол соғуға зор мүмкіндігі бар. Сондықтан да Андреа Пирло бастаған жігіттер айып соққыларымен қатар, екінші қабаттағы ойында да жеңіске жете алады. Шабуыл шебіндегі жігіттер белсенсе, өзге бөлігі сақадай-сай деуге болады. Жолы болып жатса, бұл құраманың ұзаққа шабуына мүмкіндік бар.  

Италия құрамасы жолдастық кездесулерде аса белсене бермейді. Мәселен, 2012 жылы Еуропа чемпионатының алдындағы жолдастық кездесулері тәуір болған жоқ. Бірақ, додада финалға дейін жетті. Бұл әлем чемпионаты алдындағы кездесулерін де сәтті өткізген жоқ. Тіпті, Люксембургпен тең ойнады. Алайда осыған қарап, құраманы әлсіз деп бағалауға болмайды. Өйткені, «Скуадра адзурра» бар күшін «мундиальға» сақтап отыр.

Құраманың топтан шығу мүмкіндігі 1,36 коэффициентпен бағалануда. Топтан бірінші орын алуы – 2,62, чемпион атануына – 26 коэффициент ұсынылуда.

Англия айды аспанға шығара ма?


Ағылшындардың ірі додаларда жолы болмай келеді. Бұл топта да Рой Ходжсон шәкірттерінің плей-оффқа шығуы күмәнді саналуда. Десе де Англия құрамасы бес қаруын сайлап келіп отыр.

Негізгі қақпашы Джо Харт жайлы көбірек әңгіме қозғауға болады. Талантты қақпашы болса да, кей сәттерде күтпеген қателік жіберіп қоятынын жанкүйерлер жақсы біледі. Бір сәтті ойнап кетсе, ойнап кетеді. Көп дүние Рой Ходжсон ұсынған жүйеге байланысты болмақ. Ал бас бапкердің ойын жүйесі 4-3-3 болуы бек мүмкін. Джон Терридің де құрамаға қосылмауын ағылшын жанкүйерлері үшін жақсылыққа балауға келмейді. Өйткені, «Челси» ойыншысы секілді футболшы құрамада жоқ. Тео Уолкотты да осы қатарға жатқызуға болады. Орталық алаң бөлігінде команда Стивен Джерард пен Фрэнк Лэмпардқа сенім артады. Капитан мен вице-капитан құраманы алға сүйреуге ұмтылары анық. Шабуыл шебінде Рунидің ойынын жоғары бағалауға болады. Дэнни Уэлбекті көп жанкүйерлер бармағанын да қалаған еді. Бірақ, бас бапкер оны назарынан тыс қалдырмады. Мүмкін, үлкен пайдасы тиер...

Сонымен, ағылшын құрамасының топтан шығу мүмкіндігі 1,57 коэффициентпен бағалануда. Егер топтан шығып жатса, «С» тобындағы құрамаларды ескерер болса, 1/4 финалға өтуіне жағдай жасары белгілі. Ал ағылшындардың екінші рет әлем чемпионы атағын жеңіп алу болжамы – 26 коэфициентпен бағалануда.

«Тикостар» тек келді ме?


Коста-Рика құрамасына жеребе жолдас болмады. Нағыз «арыстандар апанына» түсті. Топтың ұпай таратушы құрамасы саналуда. Бір ұпайдың өзін иелену Хорхе Пинто шәкірттеріне жетістік болмақ. Тіпті құрама гол соқса да жанкүйерлері шексіз қуанары анық. «Жақсы қақпашы – жарты команда» демекші, құраманы «Леванте» сапында өнер көрсететін қақпашы Кейлор Навас көп сәтте құтқаруы мүмкін деп болжануда. Коста-Рика ғайыптан тайып, топтық кезеңнен шығып жатса, дүбірлі доданың басты сенсациясы болары анық.

1/8 финалда «D» тобынан бірінші орын алған құрама «C» тобының екінші орын алған құрамасымен, керісінше «C» тобының көшін бастаған құрамамен «D» тобынан екінші орын алған құрама кездеседі. Осыған дейін таныстырып өткен «С» тобында Колумбия, Грекия, Кот-д’Ивуар және Жапония құрамалары бар.

«D» тобының ойын кестесі:

14 маусым

01: 00 Уругвай — Коста-Рика

15 маусым

04:00 Англия — Италия

19 маусым

01:00 Уругвай — Англия

20 маусым

22:00 Италия — Коста-Рика

24 маусым

22:00 Италия — Уругвай

22:00 Коста-Рика – Англия

Ойындар Астана уақытымен көрсетілді

 Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: footballtop.ru.goal.net.ua

Ө. Сансызбай