ӘЧ-2014. «В» тобынан қай құрамалар шығады?

ӘЧ-2014. «В» тобынан қай құрамалар шығады?

Сегіз күннен кейін футболдан Бразилияда төрт жылда бір келетін әлем чемпионаты басталады. Бүгін біз әр топ құрамаларының мүмкіндігі мен олардың ойын жүйесіне арналған шолуымызды жалғастырамыз. Енді «В» тобы жайлы...

2010 жылы Оңтүстік Африкада өткен әлем чемпионатының финалында кездескен Испания мен Нидерланды құрамаларының жолы бұл «мундиальда» «В» тобында түйісті. Олардан өзге бұл топқа түсу «бақыты» Чили мен Аустралия құрамаларына бұйырды.

«Жеңілмейтін Армада» жеңіле ме?


Испания 2008 жылдан бері дүбірлі додаларда чемпиондықты бермей келеді. Тек өткен жылы ғана Конфедерация кубогынде Бразилиядан жеңілді. «Қызыл фурия» мықты болса да (мүмкін олай емес шығар), әзірге тағы чемпион атанады деп қарайтын футбол мамандары аз. Тіпті, топтан шығу да оңай болмайды деп санауда. Нидерландыны терезесі тең өнер көрсете алатын, Чилиді жаңа бетбұрыс жасап келе жатқан құрама ретінде бағалауда. Десе де Висенте дель Боске шәкірттері бірінші орынға таласуы тиіс. Екінші орын алып қалар болса, «А» тобының бірінші орын алған құрамасымен кездеседі. Ал «А» тобында бірінші орынды Бразилия бермесі белгілі... Бір қызығы, Конфедерация кубогын иеленген құрама әлем чемпионатын әлі жеңіп көрмепті...


Бас бапкер қақпа күзету ісін Икерге сеніп тапсырары анық. Алайда, Пепе Рейна да маусымды сәтті өткізді. Екі ойыншы үшін де соңғы әлем чемпионаттары болуы мүмкін. Ал Де Хеаның болашағы алда. Құраманың көбісі каталондық «Барселона» ойыншылары. Бәлкім, бапкердің өз ойлағаны болар. Мадридтік «Реалдан» Икер Касильяс, Серхио Рамос пен Хави Алонсоны ғана шақырды. Ал Илляраменди, Карвахаль және Иско тізімге енбей қалды. Бұл жігіттер талантты болғанмен, әлі жас. Осы «мундиаль» мәресіне жеткеннен кейін, ұлттық құрамадағы спорттық мансабын аяқтайтын футболшылардың орнын басары анық.

«Қызыл фурия» қорғанысы да, шабуыл шебіне көмегін тигізер орталық алаңда өнер көрсететін футболшылар да осал емес. Оң жақ қаптал қорғанысын мығым ұстап келген Альваро Арбелоа шақырту алмады. Қорғаушы бұл маусымды сәтсіз өткізді десек те болады. Жарақаты да өз әсерін тигізбей қоймады. Ал бұл орындағы қызметті Хуанфран ойдағыдай атқарып жүр. Егер бұл футболшы жарақат алар болса, бұл орынға лондондық «Челси» қорғаушысы Аспиликуэта орналасуы бек мүмкін.

Висенте дель Боске шабуыл шебіне Диего Костаны шақырды. Чемпиондар лигасының финалында жарақаты маза бермей кездесуді жалғастыра алмаған шабуылшы толық сауығып кетуі екіталай. Бірақ, бапкер тәуекелге барды. Педро мен Хуан Мата да назардан тыс қалмады. Ал Давид Вилья маусымды сәтті өткізсе, бапкер Фернандо Торресті алуда ұлттық құрамада өзін көрсете алатын шабуылшы екенін ескерсе керек-ті.

Расында да Испанияның топ жаруға мүмкіндігі бар. Өйткені осы додадан кейін ұлттық құрамадан кететін ойыншылар көп. Соңғы әлем чемпионаттарына келіп отыр. Одан кейін құраманы «ұлы өзгеріс» күтіп тұр...

 «Алқызылдар» ауылына ерте қайтуы мүмкін


«В» тобында екі еуропалық команда фаворит саналғанмен, Луи ван Гал жаттықтыратын Нидерланды құрамасының топтан шықпай қалу қаупі бар. Өйткені, Чилиді де естен шығармаған жөн.

Іріктеу кезеңінде «қызғалдақты елдің» өкілдері бір деммен 10 ойынның 9-нда жеңіске жетті. Бір рет қана тең ойнады. Бірақ, топта терезесі тең қарсыластың жоғы о бастан белгілі еді. Енді «мундиальдың» топтық кезеңі құрамаға оңай түскен жоқ.

Нидерланды құрамасы үшін алғашқы Испаниямен өтетін кездесу маңызды. Бір өз ойын жүйесін тапса, ұзаққа шабары белгілі. Бірақ, яғни «бірақ» дейтін тұсы көптеу...

Бас бапкер Луи ван Гал тығырықтан жол таба білетін маман. Осы додадан кейін тұңғиыққа батқан «Манчестер Юнайтедті» құтқаруға тер төкпек. Ал Бразилияға алып келген командасы да үмітін ақтауға ұмтылмақ. Бапкердің бас ауыртар тұсы – қақпашы мәселесі. Қазіргі таңда құрамада тәжірибелі әрі танымал қақпашы жоқ. Негізгі құрамға «Аякс» қақпашысы Яспер Силлессенді шығармақ. Бес ойында ғана «алқызылдар» жейдесін киген 25 жастағы қақпашы өзін көрсетер ме екен, әлде қобалжи ма екен? Бұл жағы белгісіз...

Іріктеу кезеңінде команданы алға сүйреген римдік «Ромада» өнер көрсететін Кевин Стротман ауыр жарақаттан кейін Бразилияға келе алмады. Бұл құрамадағы нағыз ойыншы «жоғалту» болды. Енді жастарға сенім артылмақ. Яғни, Нидерланды құрамасы «мундиальдың» - ең «жас» командасы. Сонда да бас бапкер тәжірибелі капитан Робин ван Перси, Арьен Роббен және Уэсли Снейдерге сенім артуда. 5-3-2 ойын жүйесін ұстанар болса, екінші шабуылшы қызметін Роббен атқаратын болады. Кезінде «Ливерпульде» жасындай жарқылдаған Дирк Кюйт та бұл орынға шығуға дәмелі.

2010 жылғы Әлем чемпионатының финалында ойнаған құраманың топтан шығу мүмкіндігіне букмекерлік орталықтар 1,67 коэфициент ұсынуда. Топтан бірінші орын алуға – 3,25, чемпион атануға – 29 коэфициент беруде.

Чили «тосын сый» жасауға дайын


Аргентиналық бапкер Хорхе Сампаоли жаттықтыратын Чили құрамасын осал деп қарауға болмайды. ФИФА рейтингінің 13-ші сатысында келе жатқан чилиліктер іріктеу кезеңін сәтсіз бастаса да, соңынан бар күш-жігерінің арқасында жолдаманы жеңіп алды. Негізінен негізгі құрамның көп футболшылары Еуропа ареналарында өнер көрсетіп жүргендер. Жолдастық кездесулерде де жаңа қырымен көзге түсуде. Бапкер дұрыс жүйе ұстанып, футболшыларды рухтандыра білсе, команданың «тосын сый» жасауға мүмкіндігі бар.

Құрама қақпасын осы маусымда «Реал Сосьедадта» сәтті маусымын өткізген Клаудио Браво қорғайды. Еуропаның ірі чемпионаттарында өнер көрсететін Гари Медель («Кардифф»), Маурисио Исла, Артур Видаль ( «Ювентус»), Алексис Санчес («Барселона»), Эдуардо Варгас («Валенсия») және Жан Босежур («Уиган») сынды футболшыларына сенім артады.

Бас бапкер орталық алаңда ойнайтын ойыншыларға абай болуы тиіс. Өйткені, құраманың әлсіз тұсы – орталық жартылай қорғаушылар. Ал шабуыл шебінің ойынын жоғары бағалауға болады. Өйткені, бапкер ұстанымы бойынша команда тек шабуылда ойнауы тиіс. Ал оның қандай нәтиже берерін кездесулер көрсете жатар...

Құраманың топтан шығу мүмкіндігі 1,8 коэфициентпен бағалануда. Топтан бірінші орын алуы – 5, чемпион атануына – 41 коэфициент ұсынылуда.

Алғашқы Аустралияға қарсы өтетін ойын құрама үшін маңызды. Сонымен қатар, қолдау білдіретін жанкүйерлері мен климат жағдайы да құрамаға көмек болуы әбден мүмкін.

Аустралия - аутсайдер


Бұл топта шығу көрсеткіші ең төмен құрама – Аустралия. Тек аталған елдің жанкүйерлері ғана құрамамыз топтан шығады деп үміттеніп отырған болар. Ал өзге футбол мамандары Энджи Пестекоглу шәкірттерінің соңғы орында қалатынына шүбә келтірмейді. Сондықтан да «соккерузға» айды аспанға шығару керек болып тұр...

Аустралия құрамасында көбіне жергілікті футболшылар өнер көрсетеді. Көбісі жастар да екен. Оларға өзін көрсетіп қалуға мүмкіндік туып отыр. Сол үшін белсенері анық. Бірақ, тәжірибелі, егде тартқан футболшылар құрамамен қоштасты. Жастардың деңгейі әлі төмендеу. Топтан үшінші орын алса да нәтиже болары белгілі. Төртінші әлем чемпионатына қатысып отырған команда «ұпай таратушы» құрама атануы да мүмкін...

1/8 финалда «В» тобынан бірінші орын алған құрама «А» тобының екінші орын алған құрамасымен, керісінше «А» тобының көшін бастаған құрамамен «В» тобынан екінші орын алған құрама кездеседі. «А» тобында Бразилия, Хорватия, Мексика және Камерун  құрамалары бар. Екі топ үздіктерінің тартысы қызықты болмақ.

«В» тобының ойын кестесі:

13 маусым

01:00 Испания — Нидерланды

14 маусым

04:00 Чили — Аустралия

18 маусым

22:00 Аустралия — Нидерланды

01:00 Испания — Чили

23 маусым

22:00 Аустралия — Испания

22:00 Нидерланды — Чили

Автор: Өмірбек Сансызбай

Сурет: sports.ru, footballtop.ru, goal.net.ua

ӘЧ-2014. «А» тобынан қай құрамалар шығады?

Ө. Сансызбай