Фалькао ақыры мундиальға бара алмайтын болды

Фалькао ақыры мундиальға бара алмайтын болды

«Монако» футбол клубы мен Колумбия ұлттық құрамасының шабуылшысы Радамель Фалькао санаулы күндерден кейін Бразилияда өтетін футболдан төртжылдықтың үлкен тойына ақыры қатыса алмайтын болды.  

Естеріңізге сала кетсек, Фалькао Франция Кубогы жолында "Монт д’Ор Азерг" клубымен болған матчта тізесінен жарақат алып, біраз уақытқа ойындардан сырт қалған еді. Алайда сұрмерген әлем біріншілігіне дейін жарақатынан жазылып, қатарға қосылады деп үміттенгендер көп болатын. Ол тіпті жақында Колумбия құрамасымен бірге жаттығу жұмыстарын да жүргізе бастаған еді.

Дегенмен L’Equipe басылымы жазғандай, Фалькао жарақатынан толық айыға алмағандығы себепті ұттық құрама қатарына ілінбейтіні белгілі болып отыр. Осы себепке байланысты команданың бас бапкері Хосе Пекерман Фалькаоны Бразилия жеріндегі мундиальға баратын құрама сапына қосқан жоқ.  

Айта кетейік, Радамель Фалькао оңтүстікамерикалық топ арасында әлем чемпионатына жолдама үшін өткен іріктеу кезеңінде 13 матчқа қатысып, тоғыз рет мергендігімен көзге түсті.  

Колумбиялықтар әлем чемпионатының топтық кезеңінде Грекия, Кот д'Ивуар және Жапония құрама командаларымен плей-оффқа берілер жолдаманы сарапқа салады. Сонымен Колумбия құрама командасының ресми бекітіліген толық құрамы төмендегідей болды:

Қақпа торын күзететіндер: Давид Оспина ("Ницца"), Фарид Мондрагон ("Депортиво Кали"), Камило Варгас ("Индепендьенте").

Қорғаушылар: Хуан Суньига ("Наполи"), Пабло Армеро ("Вест Хэм"), Кристиан Сапата ("Милан"), Марио Йепес ("Аталанта"), Карлос Вальдес ("Сан-Лоренцо"), Сантьяго Ариас (ПСВ), Эдер Альварес Баланта ("Ривер Плейт").

Жартылай қорғаушылар: Хамес Родригес ("Монако"), Абель Агилар ("Тулуза"), Карлос Санчес ("Эльче"), Фреди Гуарин ("Интер"), Хуан Фернандо Кинтеро ("Порту"), Альдо Рамирес ("Морелия"), Эдвин Валенсия ("Флуминенсе"), Макнелли Торрес ("Аль-Шабаб"), Алекс Мехия ("Атлетико Насьонал"), Виктор Ибарбо ("Кальяри"), Элкин Сото ("Майнц"), Хуан Гильермо Куадрадо ("Фиорентина").

Шабуылшылар: Джексон Мартинес ("Порту"), Теофило Гутьеррес ("Ривер Плейт"), Карлос Бакка ("Севилья"), Адриан Рамос ("Герта"/"Боруссия" Д).

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: smotrisport.tv

Б. Қосмағамбет