Ағылшын тіліндегі қызық идиомалар

Ішінде бұрқырап жатқан түрлі эмоцияларды бір сөзбен жеткізу мүмкін емес болған жағдайда көмекке идиомалар келеді. Қазақ тілінде мұндай сөздер жиынтығын тұрақты сөз тіркесі деп атаймыз. Ағылшын тілінде идиомалар күнделікті өмірде де, сөз арасында да, әдеби шығармаларда да жиі қолданылады. Бүгін ағылшын тілін үйреніп жүрген жандарға қызық идиомалар топтамасын ұсынамыз. 

Идиома — жеке сөз ретінде әртүрлі мағына беретін, бірақ тіркесе отырып бір ұғымды білдіретін сөздер топтамасы. Әр тілдің өзіне сай идиомасы бар. Оларды тура мағынасында аудару мүмкін емесс, сондықтан мәндік аналогін ұсынамыз. 

Эмоцияны жеткізу үшін

On pins and needles — тікелей аударғанда "ине мен түйреуіш үстінде". XIX ғасырда бұл идиоманы аяқ-қолдың ұйып қалуын сипаттау үшін қолданған. Ал қазіргі таңда бұл бір оқиғаны, жаңалықты тағатсыздана күтіп,  уайымдаған кезді сипаттау үшін айтылады.  Қазақта мағынасы сәл алшақтау бола да "қыл үстінде тұру" деген сөз тіркесі бар.
—  I was on pins and needles the entire time.
— Осы уақытқа дейін жанымды шүберекке түйіп отырдым.

Blow one’s top — тікелей аудармасы "биікті бұзып жару". Түсіну үшін әбден қайнап, енді біраз уақыттан соң қақпағы ұшудың алдында тұрған шәугімді елестетіп көріңіз. Бұл идиоманы ашудан "жарылғалы" тұрған адамды сипаттау үшін қолданады. 
— Just be cool, man, don’t blow your top.
— Сабыр сақта, досым, ашуланба. 

To be in the doldrums — күзелу деген мағынаны білдіреді. Бастапқыда бұл сөз тіркесін экваторға жақын орналасқан, тынық, желсіз мұхит аймағын сипаттау үшін қолданған. Мұндай аймаққа тап болған кезде теңізшілер тыныштыққа үйрене алмай, күйзеліске түскен деген болжам да бар.
— She’s been in the doldrums since her husband left.
— Күйеуі кеткеннен бері ол күйзелісте жүр.

Bent out of shape сөзбе-сөз "қисық пішін" деп аударылады. Идиома XX ғасырда ашу, реніш пен сәтсіздіктен кейінгі адам көңіл күйін сипаттау үшін қолданған. 
— Don’t get all bent out of shape over this.
— Оған бола сонша ашуланудың қажеті жоқ немесе битке өкпелеп тоныңды отқа жақпа. 

To take someone’s breath away тебірену, тынысы тарылу деген мағынада қолданылады. Мысалы алғашқы махаббатыңызбен бетпе-бет келген сәтті еске алыңыз. Идиома адам өзіне ерекше нәрсені байқаған кезде пайда болатын ыңғайсыз сезімді сипаттайды. Сонымен қатар, экстримге толы саяхат, жаңа нәрсені байқау, әсем табиғатты көрген кезде кеудені кернейтін түсіндіруге келмейтін сезім. 
— She takes my breath away.
— Оны көрген сәтте-ақ тынысым тарыла бастайды немесе оны көрген сәтте өзімді қоярға жер таппаймын.

Қарым-қатынасты сипаттау үшін

From the bottom of one’s heart  тіркесінің қазақ тілінде "шын жүректен" деген нұсқасы бар. Кейбір деректер бойынша идиома авторы Архимед: философ ми бүкіл денедегі қан айналымына жауапты болса, жүрек сезім мен эмоцияға жауап береді деп есептеген. Сондықтан шын жүректен деу арқылы шынайы эмоцияны білдіруге болады деп сенген. 
— I’m sorry from the bottom of my heart.
— Сенен шын жүректен кешірім сұраймын.

Labor of love —  тікелей баламасы "махаббат жұмысы". Мағынасы — өзге не өз ризашылығы үшін тынбай тер төгу. Алғаш идиома Иаков туралы оқиғада кездескен. Ол өз туысына 14 жыл бойы үзбей жұмыс істеген. Сондағы мақсаты оның қызын жар етіп алу болған. Бүгінде сөзді "сүйікті іс" баламасы ретінде қолданады. 
— For him, it was just a labor of love.
— Ол үшін бұл жанына жақын жұмыс болды.

Have a bone to pick with someone тікелей "біреумен кеміруге арналған сүйек" деп аударылады. Адамдар ұрысып, жанжалдасып, кейде жұдырық арқылы шешу керек мәселе болғанда қолданылады. 
— Now, I have a bone to pick with you!
— Бұл мәселені майшаммен қарау керек!

Kiss and made up "сүйісу және татуласу" деп аударылады. Үлкен жанжалдан кейін келісімге келіп, жақсы қарым-қатынасты қайта қалпына келтіру деген мағынада қолданады. 
— I’m glad you two finally kissed and made up.
— Екеуіңнің татуласқандарыңа қуаныштымын.

Жұмыста

To burn the midnight oil тіркесін бір іспен шұғылданып, түн ортасына дейін кеңседе отыруды сипаттау үшін айтады. Идиоманың авторы ретінде Фрэнсис Куорлсты көрсетеді. Ол "Emblems" (1635) атты жұмысын аяқтау үшін түн ортасында шам жағып отыруға мәжбүр болған. Бүгінде май шам қолданыстан шықса да, сөз тіркесі өзектілігін жойған жоқ.  
— I’m going to burn the midnight oil tonight.
— Бүгін түнге дейін жұмыс істеймін.

Fruits of one’s labor —  қазақ тілінде еңбегінің жемісін көру деген тіркестің ағылшынша нұсқасы. Тер төгіп, ұзақ уақыт жұмыс істегеннен кейін соның нәтижесін алған кезде қолданылады.  
— It’s a time to enjoy the fruits of your labour.
— Бейнетімнің зейнетін көретін сәт те келді.