ҰБТ. Жаңа қаладағы алғашқы қиындықтар

ҰБТ. Жаңа қаладағы алғашқы қиындықтар

Студент атану – мектеп табалдырығынан салмақты өмірдің табалдырығына қарай беттеу. Бұл өмір "жаңа" деген ұғым арқылы басталады. Жаңа қала, жаңа орта, жаңа достар, жаңа тәртіп... "Жаңа өмірді" қалай бастайсыз? Ең алдымен, жолда кездескен алғашқы қиындықтарға төтеп беру қажет. Бәрін жеңіп, артқа тастағанда ғана нағыз студент атана аласыз. Ол қандай қиындықтар дейсіз бе? Танысыңыз.

Жалқаулық

Қалаға оқу деп келіп, өзін-өзі жоғалтып алатын "балмұздақтардың" қатары көп. Негізгі мақсатыңыз – жоғарғы білім алып, жақсы маман болуға талаптану болсын. Осыдан айнымаңыз. Әрине, мұнда сені қадағалап отыратын үлкендердің болмауы мүмкін. Бірақ ақылыңыз бен сабырыңызды өзіңізге қадағалаушы етіп қойыңыз. "Әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ" таңнан кешке дейін ұйықтап жататын студенттерді де көрдік. "Бастысы түсіп алдым ғой, әйтеуір, бір диплом алсам болды" деп университет есігін қақпайтын студенттер де кездесті жолымызда. Тағы айтамын, мақсатыңызға берік болыңыз. Артыңызда үкілеген үміт күтіп отырған ата-анаңызды, келешегіңізді, болашақ балаларыңызды ұмытпаңыз. Ізденбесеңіз, талпынбасаңыз, жаңа қалада ешкім сізге білім бермейді.

Бұзық достар

Бөтен қалаға аяқ басқаннан-ақ таныстықтар басталады. Тіпті, есімдерді ұмыта бастайсыз. Бірінің киімі, бірінің ақшасы, бірінің түрі қызықтыра бастайды. Аузыңызға ие болуды осы жерден бастау керек. Кез келгенге сырыңызды айтып, ағыңыздан жарылмаңыз. Ол – ертең дұшпаныңызға айналуы мүмкін. Сонымен, сізге орта керек. Ата-анадан алысқа шығып көрмеген бала адамдарды дұрыс ажырата алады дей алмаймыз. Ең бірінші, олардың киіміне назар аударыңыз. "Есі дұрыс қыз етегін қымтап ұстайды" деген бар, жігіттің де киім таңдауда мәдениеті көрініп тұрады. Екінші сөзіне қараңыз. Екі сөзінің бірі "қырам, жоям" болған адамнан не қайыр? Үшінші, қызығушылықтарына назар аударыңыз. Аузында темекі, ішетіні сыра, баратыны клуб болса, ол сізге керек адам емес. Достарды кітапханадан іздеңіз. Мақсаты бірлер ғана шынайы дос бола алады.

Желілік маркетинг

Оң-солыңызды біле бастағаннан кейін көшеде, қоғамдық көлікте сізге жұмыс ұсынатындар көбейе бастайды. Жатақхана есігін қағатындар саны артады. Бәрінің де уәдесі – ақшаға қарық қылу. Ал сізге ақша керек. "Олардың айтқанының бәрі өтірік" деуден аулақпыз. Ақша табасыз. Бірақ, ол үшін көп нәрседен айырылу керек, көп уақыт керек. Мұндай компаниялардың басты  мақсаты – сіздің бай болып әлемді төңкеретіндей қалыпқа түскендігіңіз емес, өздерінің өнімдерін өткізу. Өтірікке де шомыласыз, өзгені де алдауға мәжбүр боласыз. Қысқасы, жатсаңыз да, тұрсаңыз да ойлайтыныңыз – ақша, адамды қақпанға түсіру. Нәтижесінде, рухани азасыз, тура жолдан адасып кетуіңіз де мүмкін. Оны түсінгенде бәрі кеш болады. Ал сіздің мақсатыңыз – білім іздеу емес пе? Сапалы білім иесі болсаңыз, ақшаны әлі-ақ табасыз. 

Түрлі секталар

Сіз қызуқандысыз. Бәрін көргіңіз, білгіңіз келіп тұрады. Көшеде жолыққан біреу қолыңызға кітап ұстатты делік. Ұстатты да, қайдағы жоқ әулиелер туралы әңгімені бастап кетті. Сізді қиындықтан құтқаратындығын айтып бір орынға шақырды. Еріп кете бермеңіз. Алматы секілді үлкен мегаполисте түрлі секталық ұйымдар бар. Әрбірінің мақсаты әртүрлі. Кімнің ақ, кімнің қара екенін білу үшін сізге білім керек. Білім арқылы туралы жолды табасыз.

Ұрылар

Жаңа қалаға келіп қалтасы қағылмаған студент кемде-кем. Өз басым, 2 рет әмиянымды, 2 рет ұялы телефонымды ұрлаттым. Төлқұжатымды да қайта жасатуға тура келді. Базарға немесе адамдар көп жүретін ортаға барарда барлық ақшаңыз бен құжаттарыңызды әмиянға салып шықпаңыз. Ең қауіпсіз деген жердің өзінен алатын адам алады. Сөмкеңізді әрдайым қымтап ұстап, алдыңызға шығарып жүруге тырысыңыз. Қалтаңызға ұялы телефон, ақша салмаңыз. Ноутбук, фотоаппарат сынды бағалы заттар қолыңызда бар болса, түнде жалғыз жүрмеуге тырысыңыз. Және заттарыңызды ұмытып қалдырмауға тырысып бағыңыз.

Тазалық

Бәрі де осы сәттен басталады. Сіздің киіну, сөйлеу, жүріс-тұрыс, күлкіңіз алғашқы курстарда қалыптасады. Жаңа қалаға келгеннен-ақ тазалыққа көңіл бөліңіз. Таза, ұқыпты, жинақы болсаңыз да, алғаш танысқан адамдарыңыз сіз туралы оң пікір қалыптастырады. Және бұл бүкіл өміріңізге қажет. Бөлмеңізді, киімдеріңізді, заттарыңызды барынша таза ұстауға тырысыңыз.

Жалғызсырау

Алыстағы ата-ананы, бауырды, туған-туыс, дос-жаранды сағынасыз. Ол – заңдылық. Бірақ, сағыныш үшін бәрін құрбан етуге болмайды. Біздің арамызда жаңа қаланың тәртібіне бағынбай, оқуды тастап кеткендер болды. Одан кейінгі өкінішті айтпай-ақ қояйық. Демалыс кезінде оларға барып тұратыныңызды, төрт жылдың көзді ашып-жұмғанша өтіп кететінін ойлаңыз. Сіздің алғашқы бағаларыңызды естігенде, жетістіктеріңізге куә болғанда ата-анаңыздың қалай қуанатынын елестетіңіз. Үйді сағындым, көңіл-күйім төмен екен деп барлық нәрседен қалып, бөлмеде жата бермеңіз. Студенттік шақтың ең, ең қызықты сәттері осы бірінші курста өтеді. 

Әрине, басында жатырқау, қобалжу, қорқыныш болады. Уақыт өте келе бәріне де үйренесіз. Бастысы – болашаққа деген нық сенім, айқын мақсат болсын!

Автор: Айгерім Сматуллаева

Сурет: vk.com, Ақмарал Иманғалиеваның вк-дағы жеке парақшасынан