ҰБТ. Мамандық таңдадың ба, жас түлек?

ҰБТ. Мамандық таңдадың ба, жас түлек?

Сен де бір кірпіш дүниеге,

Кетігін тап та, бар қалан!

Абай

Қазіргі таңда мектеп бітіруші түлектер Ұлттық бірыңғай тестілеуге қызу дайындалып жатыр. Барлығы да таңдау пәнін ой елегінен өткізіп, таңдап та үлгерген кезге жетті. Алдарында үлкен өмір жолы. Осы жолға шықпай тұрып, оларды үлкен таңдау күтіп тұр. Ол – мамандық таңдау.

Мамандық таңдау – өміріңдегі бір кірпішті дұрыс қалау. Жас түлек үшін болашақ мамандықты таңдау – өмірлік жолын дұрыс таңдаумен бірдей. Енді аз ғана уақыт қалған тест күні де таяп келеді. Оқушы таңдау пәнін таңдағанымен, болашақ мамандығын таңдауды кейінге шегеріп жүруі де мүмкін. Ал, шын мәнінде бұл жолғы таңдау – өзіңнің ерік-жігерің мен жүрек үніңнің астасқан шешімі болуы тиіс.

Жас түлек таңдау пәні бойынша қандай мамандықтардың барын толық білуі де, білмеуі де мүмкін. Осы ретте мектеп табалдырығында дұрыс бағыт ұсыну қолға алыну керек. Жалпы пәндердің ішінен өз әлеміңе жақынын таңдағаның абзал. Егер сен өнерге жақын болсаң, әдебиет пәнін, есепке жүйрік болсаң, физика немесе химия пәніндегі мамандықтарды, табиғатты, жан-жануарларды жаныңа жақын тартсаң, биология пәнін т.б. таңдағаның дұрыс. Психологтардың айтуынша, мамандықты таңдауда адамның психологиялық ерекшеліктері мен мамандықтың сәйкесінше сипаттамалары сай келуі керек. 


Мамандық таңдауда оқушыға өз ақыл-ойымен дұрыс шешім қабылдау үшін психолог маманның да көмегі керек. Сол психолог маман оқушының неге бейімділігін аңғарып, оған дұрыс бағыт пен жол көрсетуі тиіс. Әйтпесе, өзге тұлғалардың ақылына еріп, мамандық таңдауда қателесіп жататындар да бар. Кейде оқушылар таңдауының ақылмен емес, біреудің сөзіне ере отырып, немесе ата-анасының ықпалымен «қай жерге оқуға түсу оңай» деген көзқарастармен шешім шығарып жүргенін де байқап жүрміз. Әрине, мұның барлығын дұрыс емес деп айта алмаймыз. Оған құқығымыз да жоқ. Қай ата-ана өз баласын жамандыққа қисын? Дегенмен жаңа өмір жолына қадам басқалы отырған түлектің таңдауына шек қоюға болмайды.

Бүгінде елімізде беделді деп саналатын мамандықтарды бітіргенмен, сол салада жұмысқа тұра алмай жүрген жастар баршылық. Жоқ деп айта алмаймыз. Жалақысы көп, болашағы зор мамандық саналғаны үшін таңдау жасаудың түк те қажеті жоқ. Қазіргі таңда елімізге мұнай өндіру мен өңдеу жұмысында, химия өнеркәсібінде, технология мен ауыл шаруашылығы салаларына білікті мамандар аса қажет. Сондықтан да қазіргі мектеп бітіргелі жатқан түлектер «Қандай маман иесі болғанда елге пайдам тиеді?» деген сауалды ойларынан шығармағаны жөн.

Ұлттық бірыңғай тестілеу аяқталғаннан кейін жоғарғы оқу орындарына құжат тапсыру, сонымен бірге мамандық таңдау маусымы басталады. Әрине, бұл сәтте сіз таңдаған мамандыққа балыңыз жетпей қалуы (бетін аулақ қылсын) да мүмкін. Жеткен күннің өзінде, сізде бірнеше мамандыққа тапсыруға мүмкіндігіңіз болады. Ал сол сәтте бірнеше нұсқадағы мамандықтар таңдауы да болған дұрыс. Көбіне бітіруші түлектер мен ата-аналар тапсыратын оқу орындарына баса мән беріп, мамандықты екінші орынға қойып жатады. Дегенмен, жүрек қалауымен таңдамаған түлекке ауыр соғары анық. Сондықтан да бірінші - мамандық, екінші – жоғарғы оқу орнына мән беру қажет. Егер ұпайыңыз жетіп жатса, неге беделді оқу орындарын таңдамасқа?

Ендеше, өз ісіңнің нағыз шебері бола алатын мамандықты таңдауға әлі де кеш емес, жас түлек! Бақтарыңыз бен баптарыңыз қатар шауып, арманның асқарына өз Туларыңызды тігіңіздер!

Автор: Өмірбек Сансызбай

Сурет: icd.kaznu.kz, total.kz

Ө. Сансызбай