Еркебұлан Қайрахан: Массагет сайты неліктен өзгерді?

Еркебұлан Қайрахан: Массагет сайты неліктен өзгерді?

Екі ай бұрын Массагет сайты жаңа, бейімделгіш нұсқаға ауысып, дизайнын өзгертті. Сайттың редакторы Еркебұлан Қайрахан ұжымның неліктен бейімделгіш нұсқаны таңдағаны туралы айтып берді.

– Сайттың бейнесі неліктен өзгерді?

– Сайттың дизайны аздап өзгерсе де, құрылымы фундаментальді түрде өзгерген жоқ. Сайттағы модульдер мен блоктардың орналасу принципі сол қалпында қалды. Қосымша мүмкіндіктер қосылып, сайт ыңғайлы бола түсті. Қазір сайтты қарапайым телефон арқылы да кіріп оқуға болады.

– Сайтты қарапайым телефон арқылы да кіріп оқуға болады дедіңіз. Жалпы, интернетке телефон арқылы кіретіндердің саны қанша?

– Әлем бойынша 2013 жылы шағын құрылғылар интернетке кірушілердің үштен бір бөлігін құрады. Болжам бойынша, 2018 жылы бұл көрсеткіш 57 пайызға дейін көбейеді. Сондықтан,болашақ шағын құрылғыларда.

Бұның себебі, қазір мобильді құрылғылар нарығы қарқынды дамып келе жатыр. Оған мобильді интернет нарығындағы күшейіп жатқан бәсекелестікті қосыңыз. Сондықтан, біз осы сегментті де қамтып, сайт қолданушыларының санын көбейтуді ойладық.

Қазір сайтқа қандай құрылғымен кірсеңіз де сайт экранның көлеміне бейімделіп тұрады. Смартфонмен кірсеңіз де, планшет, ноутбук, тіпті, теледидармен кірсеңіз де сайттағы әрбір блок экранның ауданына қарай орын ауыстырып, көзге көрінетін ыңғайлы жерде тұрады.

– Бұрын телефондар мен смартфондарға арналып бөлек мобильді нұсқа жасалатын еді. Бұл технология қайдан келді?

Бұған дейін әлемдегі барлық интернет-компаниялар шағын құрылғыларға арнап бөлек сайт жасайтын. Бұл шамамен 2010 жылдарға дейін жалғасып келді. Шамамен сол жылдары сайтты экранға бейімделгіш етіп беттеу технологиясы ойлап табылды. Міне содан бері компаниялар шағын құрылғылар мен компьютерлерге арнап бір ғана сайт жасаумен-ақ шектеле алатын болды.

Бұл түсінікті Итан Макот есімді маман дүниеге әкелді. Бұл туралы ол өзінің 2010 жылы жариялаған мақаласында толық түсіндіреді. Мақаладан кейін оның осы технология туралы жазылған кітабы шықты.

Бұдан соң Джеффри Зельдман, Аарон Густафсон секілді мамандар бұл түсінікті одан әрі кеңітіп кітаптар жазып шықты.

– Түсінікті. Сайттың дизайнының неліктен өзгергенін айттыңыз. Ал мақалалар модуліндегі айдарлар неліктен өзгерді?

Біз периодты түрде сайттың жұмысы, даму бағыты туралы анализ жасап отырамыз. Біздің статистика бойынша сайтқа кіретіндердің көбі оқушы, студент ұл-қыздар. Әр сегменттің қалауы әртүрлі. Сондықтан, әр сегменттің контентін жеке айдарларға топтастыруды ұйғардық. Бұл әрбір оқырман үшін пайдалы әрі ыңғайлы деп ойлаймыз.

Бұған дейін сайттың мақалалар бөлімі 9 айдардан тұратын. Қазір негізгі айдарлардың саны төртеуге қысқарды.

Атап айтқанда "Бозбала", "Бойжеткен" және "Алтын ұя" айдарлары ашылды. Сәйкес айдарларда ұлдар мен қыз балалар өздерін толғандыратын сұрақтарға жауап тауып, қызықты ақпаратқа қанығады. Ал "Алтын ұя" айдарында оқушыларға арналған контент жиналады. Онда қызықты психологиялық мақалалардан бөлек, үй тапсырмаларын орындауға көмекші мақалаларды да табуға болады.

Төртінші ашылған "Лайфстайл" айдарында қос сегменттің де қалауын қанағаттандыратын контент жарияланады. Бұндағы мақалалар жасы 20-25 тен асқан оқырмандарға да қызық болады.

Одан бөлек қосымша 2 айдар бар. Бірінде, Массагет редакциясы жүзеге асырған арнайы жобалар сақталады. Бірі "Жұлдыз ФМ" радиосына арналып ашылды. Қазір бұл айдарды Жұлдыз ФМ радиосының редакциясы жүргізіп жатыр.

– "Блогтар" айдарында "Махаббат", "Поэзия", "Ой толғау" секілді айдарлардың ашылуы туралы не айтасыз?

Бұл – блогтар айдарындағы басты өзгеріс. Бұлар – тақырыптық топтар. Соның арқасында қолданушылар блогтарын тақырыбына сәйкес айдарларда сақтай алады.

Бұл – өте ыңғайлы. Мысалы, махаббат туралы оқығысы келген адам сәйкес топқа кіріп тек сол тақырыптағы жазбаларды оқиды. Болашақта қолданушылар тарапынан сұраныс болып жатса, басқа да топтар ашамыз. Және топтардың функционалын да кеңітуіміз керек.

– Сайтта "Massaget TV" деген модуль ашылды. Бұл дәстүрлі телеарналарға бәсекелес болу деген сөз бе?

Ресми мәлімет бойынша осыдан өткен жылы Қазақстандағы интернет аудиториясы 10 миллионға жуық адам болды. Қазір бұл сан 12 миллионға жетті. Интернет провайдерлер осы қарқынмен жұмыс істей беретін болса, бұл сан өспесе кемімейді.

Осының себебінен дәстүрлі телеарналардың аудиториясы азайып, жұрт интернетке ығысып жатыр.Халық өзі қалаған нәрсені көп күтпей сол сәтте немесе қолы босаған кезде бірден көргісі келеді. Ал бұл мүмкіндікті тек интернет бере алады. Массагет ТВ жобасының қосылуы – осы сегментті қамтудың амалы. Модульдің ашылғанына көп болмаса да, оқырмандардың сүйікті бөліміне айналып үлгерді. Бұл – ұжымға қосылған Ернар Алмабек, Бауыржан Жақсымбет деген азаматтардың еңбектерінің жемісі.

Қазір ұжымның басқа да мүшелері камераға түсіруді, монтаж жасауды үйреніп жатыр. Бұл – Массагет ТВ-ның потенциалды қуаты өте жоғары дегенді білдіреді. Біз бұдан әрі дамығымыз келеді. Қазір онлайн трансляциялар, вебинарлар жасап көріп жүрміз. Тәжірибе жиналғасын оқиға орнынан сапалы онлайн трансляция жүргізетін халге де жетеміз.

– Әңгімеңізге рахмет!

Ж. Исакаев