Ғани Тұрғымбеков: "Массагет қалай құрылды?"

Ғани Тұрғымбеков: "Массагет қалай құрылды?"

Массагеттің негізін қалаған ұжымның құрамында еңбек еткен Ғани Тұрғымбеков Массагет қалай құрылғанына жауап береді. 

Массагет сайтына аяқ астынан жұмысқа тұрдым дей аламын. Жалпы менің бұл саладағы қызметім Оn.kz-тен басталды. Ең алғашқы жұмыс күнім де әлі күнге дейін көз алдымда. 16 қазан еді. Бастықтың алдына бір рет кіріп-шыққаннан-ақ жұмысқа қабылдандым.

Бір айдан астам уақыт On.kz сайтында жүрдім де, кейіннен қазақ тіліндегі жаңа жобаны ашу туралы тапсырма берілді. Мен, Ғазиза, Қайыржан, Сәния, Мейіргүл бәріміз бөлініп шығып, жаңа порталдың контент-менеджері атандық. Массагет 16 желтоқсан күні, түнгі сағат 12:00-де ашылуы тиіс болатын. Сол күнді ешқашан ұмытпайтын шығармын. Қатты ауырып отырғанмын. Кетіп қалайын десем, тағы болмайды. Бастыққа дейін бәрі дәрі әкеліп жүгіріп жүріп, әйтеуір 12 болғанда мақсатымыз орындалып, "Массагет" деген сәби дүниеге келді. Сайттың «Білім» айдарына өз қолтаңбамды қалдырдым. Массагетте жүріп, көп тәжірибе жинадым, шыңдалдым, жан-жақты білім жидым.

Бүгінде Жұлдыз FM радиосының редакторымын. Радио Массагетпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуде. Өзіміздің арнайы парақшамыз да бар.

Массагет бүгінде жастар сүйіп оқитын беделді сайтқа айналды. Тіпті іздеп оқитын сайт десем, қателеспеймін. Жастар Массагет сайтымен бірге өсіп жатыр... Массагет сайтымен бірге болашаққа қадам басуда. Кез келген ұжым үшін бұдан асқан мәртебе жоқ сияқты. Сайтты 3 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Толағай табыс тілеймін! Еңбектеріңіз жана берсін!  

Сурет: vk.com

Н. Нұрмаханұлы