Ерлан Рысқали: "Әміредей әнші боламын дейтін шәкіртім көп"

Ерлан Рысқали: "Әміредей әнші боламын дейтін шәкіртім көп"

Дәстүрлі ән орындаушысы Ерлан Рысқали Массагеттің бір жылдығымен құттықтайды. 

- Ерлан аға, жақында Алматы қаласында жеке концерт бердіңіз. Кеш ойдағыдай өтті ме? Пікірлер қандай?

- Кеш туралы жақсы пікірлер естіп жатамын. Лебізін білдірушілер көп. Өз ойымша, әрине, кешті бұдан да жан-жақты етіп, арнасын, бағытын тереңдетуге болатын еді. Айналып келіп тірелетіні қаражат мәселесі ғой. Жамбыл атындағы филармонияның директоры Мұхтар Жамашұлы Өтеуов деген ағамыз бен Базарбек Атығаев көмектесіп, концерттің өтуіне көмегін тигізді. Сосын қолдау білдірген бұқаралық ақпарат көздері: "Қазақстан" арнасы, "Алматы" телеарнасы, "Алаш айнасы" газеттерінің қолдауымен шама-шарқымыз келгенінше кеш өткіздік. Жалпы дәстүрлі өнерді өресі биік адам тыңдайды. Сондықтан да, тыңдаушыларымызды көбейту үшін әнмен қауыштыру мақсатында әннің тарихы, жалпы ақпараты беріліп отырды. Негізгі мақсатымыз осы еді.

- Концертіңізде жастар жағы басым болды. Бұл дәстүрлі өнеріміздегі жаңа леп деп айта алар ма едіңіз?

- Шүкір, қазіргі кезде дәстүрлі өнеріміз бұрынғыға қарағанда қарыштап дамып келеді. "Мен жастарға сенемін" деген Мағжан ұлттың болашағы жастар екенін түсініп, біліп айтып кеткен. Яғни біздің өнер жастардың қолында, кейінгі буынның иелігінде. Жалпы әннің дамуына келсек, қазақта әр әнші өзінің ұстаз тұтқан адамының мектебінде болды. Бұл дала мектебінің қалыптасқан заңдылығы еді. Ал кәдімгі дәстүрлі өнерден сабақ беретін оқу орны кеңес өкіметінің тұсында бізде біреу-ақ болды. Оны қазақтың ән өнерінің академигі деп айтсақ та болады - Жүсіпбек Елебеков ашып, Ғарифолла Құрманғалиев екеуі ұстаздық еткен. Ән үйретуді мамандық деп таныған кезең де осы болған. Одан кейін жезтаңдай әнші Жәнібек Кәрменов, Әмина Нұғымановалар бастаған лек келді. Бұл топ Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының ішінен халық әні кафедрасын ашты. Яғни олар жоғары білім беруге ұмтылды. Одан кейін Астанадағы музыка университетіміз ашылды. Оның ішінен дәстүрлі ән өнері өзінше бір кафедра болып ашылды. Бүгінде Қайрат Байбосынов ағамыз сол жерде тізгін ұстап отыр. Ал Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясының ішінен тізгінін Рамазан Стамғазиев ағамыз ұстап отырған "Дәстүрлі музыкалық өнер" кафедрасының ашылғанына биыл 5 жыл толады. Алдында Ержан Қосбармақов, Ақан Әбдуәлі деген ағаларымыз басшылық еткен болатын. Мәселен Өскемен қаласында дәстүрлі ән мектебі ашылып жатыр. Бұл нұр үстіне нұр. Айтпаев Жанат Қызылжар өңірінде дәстүрлі әнімізді дәріптеуде. Қостанайда қазақ әнінің дәнін егіп жүрген Талғат Молдағалиев деген азамат ән сыныбын ашып, сабақ беруде. Демек бұл дәстүрлі әннің кәсіби деңгейде дамуының белгісі. Мемлекетіміз де бұған арнайы көңіл бөліп, жағдай жасап отыр.

- Өзіңіздің ұстаздарыңыз жайлы айтсаңыз, шәкірттеріңіз көп пе? 

- Әнші болуыма бірден бір себепкер - 5 жасымда ән өнеріне баулыған әкем Рысқали. Ал кәсіби деңгейде білім беріп, өнердің қыры мен сырына көзімді ашқан Санақ Әбеуов болды. Одан кейін Бекболат Тілеуханов болды.      

Ал шәкірттерімнің барлығынан да керемет әнші шығады деп айтуға болмайды. Оны болашақ көрсетеді. "Әміредей әнші" боламын деп, биікке ұмтылып, еңбек етіп жатқан адамның, әрине жұлдызы жанады. Жасұлан Мұсағалиев, Жақсыгелді Маясаров, Біржан Бәзілжанов секілді шәкірттерім бар. Оларға көп ізденіс пен еңбек керек.

- Ұлттық домбыра неліктен брендке айнала алмай келеді?

- Ол үшін арнайы хабарлар ашылуы керек. Дәстүрлі әндер туралы жазылған мақала, ғылыми еңбектеріміз жеткілікті болуы шарт. Қазақ жерінде қазақтың ұлттық өнері бірінші орында тұруы керек. Кез келген іс-шара, мәдени шаралар міндетті түрде домбырамен ашылуы керек. Домбырамен жабылуы да керек. Сонда ғана әніміз де, күйіміз де, домбырамыз да құлаштап, қарыштап дамып, ұлттық брендке айналады.

Шәкірттерімен бірге...

- "Ғаламтор мен дәстүр" деген тақырыпта пәлсапа айтып көрсеңіз...

- Біз жаңалықтан қорықпауымыз керек. Кім аударса да, "ғаламтор" деген сөз өте сәтті екен. Ғаламтор шынында, әлемді қамтитын тор. Мәселен, ғаламторға қазақтың бір дәстүрлі әнін енгізіп қойса, сол қазақтың әні әлемге таралады деген сөз. Ғаламтор - ұлттық өнеріміздің насихатын жүргізудің ең тиімді құралы және бұдан қашуға болмайды. Дәстүрдің озығы да, тозығы да болады. Озығы осы - ғаламтор екеніне дау жоқ. Таяқтың екі ұшы болады ғой, сондықтан әркім ғаламторда пайдалы іс жасауы керек.

Әңгімелескен: Ардақ Құлтай 

А. Құлтай