Ғ. Ұзақ: "Массагет - біздің тұңғыш баламыз"

Ғ. Ұзақ: "Массагет - біздің тұңғыш баламыз"

Массагет порталының негізін қалаушылардың бірі, Массагеттің бұрынғы контент-менеджері Ғазиза Ұзақтың лебізі. 

Сәлеметсіз бе, Ғазиза! Сұхбатымызды Massaget.kz порталының ең алғаш құрылуы мен өзіңіздің осы порталға қызметке келуіңізден бастасақ.

Бұл жобаға келмес бұрын, мен ON.KZ сайтында блог жүргізіп жүрдім. ON.KZ сайтының қызметкерлері әр ай сайын кездесулер ұйымдастырып, түрлі байқаулар өткізетін. Сондай бір бас қосулардың арасында болып, көптеген қолданушылар мен сайт қызметкерлерімен таныстым. Жаңа достар тауып, таныстарымның өрісін кеңейттім. Бұл сайтта мен қазақ және орыс тілдерінде блог жүргізген болатынмын. Мұны байқаған сайттың контент-менеджерлері мені өздеріне жақын тартып, сайт атынан әр түрлі іс-шараларға жіберіп жатты. Уақыт өте келе сайттың келешекте жаңа бағытқа бет бұратындығын естідім. Сәуір айында маған ON.KZ сайтында қызмет ету туралы ұсыныс түсті. Ол кезде мен басқа саланың тізгінін ұстап, халықаралық мекемеде жұмыс істейтін едім. Алайда, бұл ұсыныстан бас тарта алмадым. Сұхбатқа шақырылып, жұмысқа қабылдандым. 19 мамыр күні жаңа жұмысқа шықтым. Әу баста жобада 4 адам болды. Барлығымыздың алдымызда үлкен міндет тұрды. Ол - қазақ тіліндегі жаңа жобаны ашу. Осы жолда жұмыстанып, сайтта қандай айдарлар, қандай контент болатынын анықтап жаттық. Әрқайсысымыз өзімізге жақын айдарларды таңдап жаттық. Мен жаңа сайттың жоба-менеджері болдым. Өзге ресурстарға қарағанда, біздің сайт дайын жоба негізінде жазылған жоқ. Оның құрылымы, дизайны жаңадан жазылып, салынды. Оған біздің кәсіби деңгейдегі дизайнерлер мен программистер сүбелі үлес қосты. Көп уайымдадық, бірде жүрексіндік, бірде толқыдық. Бар ойымыз жобамыздың тұсауын ойдағыдай кесу, қазақ тілді ресурсты көпшілікке таныстыру болды. Желтоқсанның 16-жұлдызында жобамыз көпшілікке жол тартқанда баршамыз өмірге жаңа дүниені әкелгенімізге қуандық. Өзара «Массагет - біздің тұңғыш баламыз» деп әзілдеп жаттық. Содан бері, мінекей, бір жыл уақыт өтті. Осы уақыт ішінде қолданушыларымыздың өрісі кеңейіп, «Massaget.KZ» көпшіліктің сүйікті ресурстарының біріне айналды. 

Massaget.kz порталының сіздің өміріңізде рөлі қандай? Бұл порталға сіз не бердіңіз я не алдыңыз?

Өткен күнге көз жүгіртсем, бұл жобаға бергенімнен гөрі алғаным көп. Әлі де үйреніп келемін. Қызмет барысында көптеген жандармен таныстым, ой бөлістім, ақылдастым. Бұл жоба менің кәсіби біліктілігімді арттырды, ой-өрісімді кеңейтті, сондай-ақ, мінезіме біршама өзгеріс әкелді. Massaget.kz қайта өмір сүруге үйреткендей. Бойымдағы қабілеттерді шыңдай түсті. Күнделікті күйбең тірліктің ащы-тұщысына шыдамды болуға баулыды. Жылтырағанның барлығы алтын емес екендігін ұғындырды. Massaget.kz порталының алғашқы құрылғанынан бері жүргендіктен, мен үшін бұл жоба ерекше ыстық болып қала береді. Қалай болғанда да бұл жоба менің өміріме игі өзгерістерге алып келді.

Қызмет бабымен шетелге барып келдіңіз. Іс-сапарыңыз туралы айта отырсаңыз...

Қызмет бабымен екі мәрте Еуропада болып қайттым. Алғашқы рет Чехия астанасы Прага қаласында ТМД елдерінің қатысуымен өткен «Samsung CIS Forum 2012» іс-шарасына қатыстым. Биылғы іс-шараның басты ерекшеліктерінің бірі форумға журналистермен қатар, блоггерлер қауымы қатысуға шақырылды. Шақырылған блоггерлердің арасында мен де болдым. Біз үш күн ішінде шараға қатысып, Прага қаласының көрікті мекендерін араладық. Ал тамыз айында Венгрия елінде өткен Түркі халықтарының құрылтайына бардым. Екі апта ішінде Мадияр елінің салт-дәстүрі мен тыныс-тіршілігімен таныстық. Іс-сапарларым қызықтар мен есте қаларлық қуанышты сәттерге толы болды, ол туралы кеңінен блогтарымда тоқталып кеткенмін.

Massaget.kz порталында өзіңізге ерекше ұнайтын айдар бар ма?

Әлбетте, бар. Ол «Мәдениет» бөлімі. Біріншіден, бұл айдарды жоба енді құрылып жатқан кезде өзім сұрап алғанмын. Екіншіден, өнер десе, ішкен асын жерге қойып, бүйрегі бұрып тұратын жанның бірімін. 

Дегенмен, соңғы кездері сізді қолданушылар жоғалтып алған сияқты

Иә, біраз алыстап кеткен жайым бар. Бұрынғыдай тұрақты мақала жазып жүргенім шамалы. Оның өз себебі бар. Менің қызметім жоғарылап, қазіргі таңда СТВ арнасына ауыстым. Бүгінде осы арнаның қазақ бөлімінде продюсер болып қызмет етемін. Ара-тұра уақыт тауып, Massaget.kz порталына мақала жазып, белсенділік танытып жүрмін. 

Ғазиза, Massaget.kz порталында қызмет еткен кезіңізде есіңізде ерекше қалған қызықты оқиғаны айтып беріңізші...

Оййй, ондай сәттер көп болды. Оның барлығын айтып берсем, менен тағы бір сұхбат алу керек шығар (күлді). Менің ойымша, қызықты оқиғалар «Алаш айнасы» газетінде қызмет ететін әріптестеріміз бен белсенді қолданушыларымыздың қатысуымен өтті. Әсіресе, алаштық қыз-жігіттердің «Айна ТВ» жобасы бізді қызықтар мен қуанышты сәттерге бөледі. Ең ерекше қалған сәт Жарқын Түсіпбекұлы мен Нұрзия Атайқызына байланысты. Бұл екі жан өзара қалжыңдасып, бір-бірін алдап жүрді. Соңғы рет Жарқын ағамызды Нұрзия алдаған болатын. Сол себептен, Жарқын аға одан «өш алуды» жоспарлар жүрді. Бірде Нұрзия келе жатқан сайлауға қатысты жазба жариялады. Содан алаштықтар өзара келісіп, оған «Саяси мәселені қозғама», «Сайт ережесіне қарсы келдің» деген сынды пікірлерін білдіріп жатты. Сол кезде ортаға мен түстім. Нұрзияға телефон соғып, даусымды көтеріп: «Нұрзияш, барлығын бүлдірдің, неліктен бұл тақырыпты қозғадың?!» деп сөйлей бастадым. Нұрзияш болса, ағынан жарылып, артық ойы болмағаны туралы айтып, ақталып жатты. Екеуміздің әңгімемізді мен тағы диктафонға жазып алдым. Кейін кеңсеге Жарқын ағаны шақыртып алып, әңгімемізді тыңдаттым. Жарқын ағам балаша мәз болып, маған ризашылығын білдіріп жатты. Бір кезде Нұрзия: «Құрметті қолданушылар! Алдыңғы жазбамды дұрыс түсініңіздер» деп ақталған жазбасын жариялапты. Ешқайсысымыз сыр білдірмедік. Кешкілік уақытта «Айна ТВ» жобасының кезекті жазбасы жарияланғанда, алаштықтар: «Нұрзияның дауысы алтын қорда сақталатын болады» деп әзілдеп жатты.

Порталдың болашағын қалай елестетесіз?

Тіл-көзден сақтасын, бұл жоба әлі талай биіктерден көрінеді. Қазіргі таңның өзінде портал кеңінен танылып, үздік ресурстардың біріне айналып үлгерді. Меніңше, бастамасы жақсы, алдағы күндер бұдан да керемет болатынына үлкен сенім артамын.

Туған күнге тілегіңіз

Бір жылда бірнеше мың жанды өзіне баурай алған порталға ұзақ ғұмыр мен шығармашылық табыстар тілеймін! Алға, Massaget.kz!

Сұхбаттасқан: Айгерім Сматуллаева

Сурет: жеке мұрағаттан