"Олар соғыс туралы айтқысы келмейтін, көбіне отанды сүюге шақыратын". Ардагерлер өскелең ұрпақ жадында

Ұлы Отан соғысының ардагерлері... Олар бүкіл ғұмырын сарп етіп, еліне жеңіс алып берді. Ал тірі қалғандар зұлмат шайқастар мен өлшеусіз адам қазасын қынжыла еске алады. Tengrinews.kz порталының "Победители" жобасына ардагерлердің ұрпағы ҰОС қаһармандарының ерлігін жолдап, қайта жаңғыртып жатыр.

Қос майданның қаһарманы

"Сұрапыл соғыс кезінде ерлік пен мейірімділік көрсете алған аталарымыз бен әжелерімізге арналған естелік...

Менің атам, Аяғанов Тастан 1907 жылы Көкшетау облысы Рузаев ауданының Раисовка ауылында дүниеге келген. Ұлы Отан соғысы басталғанда, ол колхозда жылқышы болып жұмыс істеген. 1941 жылдың маусым айында, соғыстың бірінші күндерінен бастап, майданға аттанған. Әскери билетінде 87-ші теміржол батальонының құрамында қатардағы жауынгер болғаны туралы жазба сақталыпты. 1942 жылдың қаңтар айынан бастап, Волхов фронтының құрамында Ленинградты неміс басқыншыларынан қорғап, блокаданы бұзуына дейін шайқасқан болатын. Кейін, 2-ші Белорус фронтының құрамында Польшаны азат ету шайқастарына қатысқан. Варшава және Познань қалаларын фашист басқыншыларынан азат еткен соң, 1945 жылдың наурыз айында атам соғысқан полкты эшелондармен Белоруссия, Ресей, Қазақстан арқылы Петропавл, Омбы, Новосибирск, Чита станцияларынан өткізіп, Маньчжурияда милитаристік Жапонияға қарсы басталған соғысқа жіберді. Соғыста атамызбен болған бір оқиға әкелеріміздің есінде қалған болатын. Жапонияның капитуляция актіне қол қойғанына қарамастан, қазіргі Қытай жерінде көптеген жапон әскерлері орманды жерлерде тығылып, жасырын партизандық соғысты жалғастырға еді. Атамның командирі оған карабиннің орнына автомат беруге бұйрық беріп, командир, тұтқындалған жапон офицері және атам үшеуі ормандардың ортасына кіріп, қалған жапондарды тұтқынға берілуге шақырған. Нәтижесінде, орманнан жүздеген жапон жауынгері мен офицері қаруларын тапсырып, тұтқынға түсті. Осы операция үшін оған командирлік тарапынан Қызыл Жұлдыз орденін табыстауға ұсыныс жасалған. "Варшаваны азат еткені үшін", "Жапонияны жеңгені үшін", "Германияны жеңгені үшін" медальдарымен және ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен марапатталған болатын. Атам 1945 жылдың қараша айында туған еліне оралып, зейнетке дейін колхозда жылқышы болып еңбек етті. Төрт ұл бала өсіріп, немере сүйіп, 1989 жылы дүниеден озды.

Мылтықсыз майдан мен мейірім

Соғыс кезінде тылда да өмір қиын қасіретке толы болды. "Бәрі де майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін" деген ұранмен әжелеріміз жұмысты таңдамай, дем алмай, жер жыртып, мал бағып, маңдай терін төгіп, барлық ауыртпалыққа шыдап, еңбек еткен болатын. Оған қоса, 1943-1944 жылдары біздің ауылға Солтүстік Кавказдан ингуш халқының өкілдері жер аударыла бастады. Жолшыбай әбден аштықтан тозған, суықтан үсіген, жақындарын жоғалтқан, қақаған аяз басқан даланың ортасында қалдырған адамдарды әжелеріміз өз үйлеріне кіргізіп, қамқор болған. Мені кішкентай сәби кезінен тәрбиелеген әжем (анамның анасы), Қуанышева Көкіш, осындай бір жанұяны қабылдап, өз баспанасын және азығын бөліп берген екен. Сол жанұяда ауырып келген бір қария бар еді. Қарияны әжем денсаулығы жазылғанша емдеп, пана болды. Осындай қамқорлыққа риза болған қария, әжеме алғыс ретінде өз ағаш тасбиғын сыйға тартты. Сол тасбих бүгінге дейін біздің отбасымызда сақтаулы. О дүниеге аттанған бабалармызыдың батыл істерін, адам баласына деген кішіпейілдікті еске алып, біз, қалған ұрпақ, әр жыл сайын 9 мамыр күні олардың аруақтарына Құран бағыштап, ас беріп, алғысымызды айтып отырамыз. Олардың "Еліміз тыныш, ұрпағымыз аман болсын" деген армандары орындалды. Осы бейбіт өмірді қадірлейік, ағайын!

Естелікті жазған – немересі Аяғанов Замирбек,
"Еуразиялық Топ" ЖШС-ның жер қойнауын пайдалану бойынша бас маманы

"Менің атам, Григорий Петрович Иванченко, 1925 жылы Медведевка ауылында дүниеге келген. Оның балалық шағы өте қиын, бұралаң кезеңге дөп келді. Мысалы, ол білім алу үшін, көрші ауылдағы мектепке 5 шақырым жолды артқа тастап, жаяу баратын. Әсіресе, қыста екі ауылдың арасында қатынау қиынға соғатын. Бір күні, ессіз далада мектепке бара жатқан бала Гришаның алдынан қасқыр шығыпты. Қуанышқа орай, бұл оқиғаның арты жақсы аяқталды.

Атамды 18-ге толмай жатып әскерге шақырыпты. Әскери қызметке дейінгі алғашқы дайындықты ол Шапошников атындағы Тамбов құрлық әскерінің училищесінен өткен. Ал одан кейін, оны Подмосковьеге парашюттан секіру даярлық жұмыстарына жіберген. Атамның айтуынша, бұл жерде оларды жау тылының үстінен түсу үшін дайындаған. Ол өзінің оқу үлгерімі мен сабақ барысында офицерлердің жауынгерлерге не үйреткіндігі жайлы іркілмей айтатын. Ал майдандағы оқиғалар жайлы әңгіменің шеті шыққанда орнынан тұрып кетіп қалатын. Ол әңгімелердің соншалық қорқынышты екенін қайталап айта беретін.

Мен ол кісінің өңірлік газетке жазған естеліктерін сақтап қойдым. Сол оқиғаларға кезек берсек: "1945 жылдың қаңтарында бізді тағы да вагонға тиеп Үшінші Украин майданына жөнелтті. Біз Венгрия, Чехословакия, Аустрия жерінде соғыстық. Бұл кезең менің өмірімдегі ең қиын күндердің бірі болды. Себебі, мен бірнеше майдандас досымнан айырылдым. Барлығы жараланып жатыр. Ал мені құдды біреу сиқырлап қойғандай, жаңбырша жауған оқ денемдегі етті сырып та өткен жоқ. Тек өкпем сыр беріп, жиі ауырды".

Григорий Иванченко Жеңіс күнін Аустрияда қарсы алды. Оның ҰОС ордені, мерейтойлық төсбелгілер сияқты марапаттары бар. Соның ішіндегі ең құндысы – Будапештте фашист танктерін ойрандауға қатысқаны үшін маршал Сталиннің берген марапаты.

Мен "Память народа" сайтына атам жайлы деректерді жазып, оның сол кездегі соғысу бағытын тауып алдым. Сонымен қатар, бұл жерде "Ержүректігі үшін" медалі не себепті берілгендігі туралы да ақпарат бар екен. Былай деп жазыпты: "Наградить заместителя командира отделения первой автоматной роты гвардии сержанта Иванченко Григория Петровича за то, что 14 апреля 1945 года во время отражения контратаки противника огнем из личного оружия и броском гранаты убил четырех немцев".

Мен атамның не себепті соғыс жайлы айтқысы келмегенін енді түсіне бастадым. Себебі, бұны оқудың өзі қорқынышты. Мен Ұлы Отан соғысы кезінде біздің Отанымыз үшін соғысқан барлық батырға ризамын және сол жауынгерлердің қатарында менің атам болғанына мақтанамын. Майдан даласында қолға қару алып, шыбын жанын шүберекке түйіп, соңына дейін соғысқан жауынгерлерге, майданнан тыс тылда жүріп маңдай терін төккен еңбек ардагерлеріне бас иеміз.

Алексей Чабанов, "Алюминий Казахстана" АҚ Павлодар алюминий зауытының еңбек күзеті бөлімінің басшысы

"Әкемінің баға жетпес суретіне қараған сайын, құйындаған естеліктер көз алдымда бұрқ ете қалады. Әкем бізге соғыстың ауыртпалығын жиі айтып отыратын. Есіне ызғарлы жылдарды алған сайын біз де әкемізбен бірге күңіренуші едік. Біз оған арнайы әскери альбом жасап, ішіне соғыстағы ерлігі үшін алған бағалы құжаттарын, ескірген суреттерін, жауынгерлік ерліктері үшін алған командирдің алғыс хаттарын, марапаттардың куәліктерін салып қойдық.

Менің әкем Николай Захаров 1924 жылдың 15 тамызында Қарағанды облысы Қарқара қаласында туған. Тұрмыста көп қиындық көрген. Тоғыз жасында отбасы Павлодарға көшіп, әкем сол жақта сегіз сынып оқиды. 

Соғыс өрті бірнеше қаланы жалмап үлгерді. Өз жасы үшін аса дарынды әкем, 1941 жылы 31 желтоқсанда Түмен қаласындағы зауыт-фабрика жұмысын үйрететін мектепке жөнелтіліп, қырнаушы мамандығын игеріп шығады. 

1942 жылдың қыркүйегінде әкем мергендер дайындайтын мектептің курсанты атанды. Кейін оны 15-ші атқыштар полкына далалық кабель желілерінің маманы етіп тағайындайды.

Әкемнің майдандағы жолын 1943 жылы маусымда  үшінші Белорус фронтының гаубица артиллериясында байланыс бөлімінің командирі ретінде бастайды. Соғыста көрмеген мехнаты жоқ. Мынау күнделігіндегі жазбасынан үзінді: "1944 жылдың маусымы. Полковник Турченконың қолбасшылығымен сегізінші гвардиялық гаубица артиллериясының бригадасы Витебск қаласының оңтүстігінде қорғаныста болды. Жау күні-түні артиллериядан оқ атып, әуеден бомбалап жатты. Соған қарамастан  фронт қарымта соққылар жасап, негізгі шабуылға дайындала бастады. 1944 жылдың 24 маусым күні жойқын-жойқын авициялық және артиллериялық шабуылдан кейін әскері мен техникасы әлсіреген гитлершілер Витебск қаласын тастап, кері шегінді. Арынды қуғын жасағаннан кейін, фашистер алдын-ала дайындалған қорғаныс шебіне бекініп үлгермей, 1944 жылдың 13 шілдесінде Вильнюс қаласын, 1 тамызда Каунас қаласын тастап кетуге мәжбүр болады. Біз әрдайым Жеңіске сендік!".

Әкем Берлинге дейін жете алмады, себебі сегізінші гвардияны кері Қиыр Шығысқа жапон милитаристеріне қарсы дайындық жұмыстарына жіберді. Сержант Николай Захаровтың гвардиясында жауынгерлік әрекеттері үшін берілген біраз марапаты болды: "Әскери қызметі үшін", "Кенигсбергті алғаны үшін", "Германияны жеңгені үшін", "Жапонияны жеңгені үшін".

Үйге әкем 1947 жылы бірақ келді. Әділетті, бірбеткей, еңбекқор болған әкем жауапты қызмет атқарды. Бейбіт заманда азапты аурумен алысты. 1993 жылы 11 мамырда өз өміріндегі ең ұлы мереке, Жеңіс күнін көріп өмірден өтті". 

Александр Захаров, "Алюминий Казахстана" АҚ Павлодар алюминий зауытындағы
қойма жұмыстары  №1 бөлімінің басшысы

"Сафоновтар – үлкен әулет. Біз бәріміз Қарағанды облысы Шет ауданында тудық. Әулетте ер адам көп болды. Андрей Николаевич – менің туған атам және Евстафий Тимофеевич – немере атам. Тағдырдың жазуымен, атам тылда қалып, зауытта жұмыс істеді, себебі Жеңіс үшін тек жауынгерлер ғана емес, оларға техника, қару-жарақ, амуниция дайындайтын да адам керек. Ал Евстафий Тимофеевич 1942 жылы әскерге алынып, бүкіл Еуропаны кезіп өтті. Басында қатардағы жауынгер болды, кейін аға сержант, командир атанды. Екі рет жараланса да, майданға қайта оралып, Берлинге дейін жетті. Ал соғыстан кейін туған Шет ауданында есепші қызметін атқарды. 

Атам Андрей Николаевич 80 жыл жасады. Өмірінің соңғы жылында бүкіл туған-туысымен қоштасқандай, аралап шықты. Өлім алдында ауруханада жатып, үйге қашып кеткен. Ақыр соңында өзі күткен раушан күлдерін құшақтаған күйі өмірден өтті. Атам өте мықты, сергек адам болатын. Германиядағы туысқандары сыйға тартқан "семеркасын" жүргізгенді жақсы көретін. Сосын жас жігіттермен сайысқанды ұнатушы еді. Атап өту керек, атам қазақша жақсы сөйледі. Әлі есімде, пойызбен кетіп бара жатқанымызда вагоннан бір ақсақал тауып алып, танысып, қазақша әңгімелесіп отыратын. Сондай әңгімешіл адам еді. Ол тек соғыс туралы айтқысы келмейтін. Біздің үлкен әулет оны жадында сақтайды, құрметтейді, жақсы көреді". 

Андрей Сафонов, "Шұбаркөл көмір" АҚ президенті

"Менің атам Ахмет Ташетов Зауральеде 1927 жылы туды. Ұлы Отан соғысы басталғанда отанын сүйген барлық жауынгер сияқты майданға аттанғысы келді. Бірақ оны денсаулық жағдайына байланысты жібермеді. 

Ол үйге оралып, өзінің бар жиған қаржысын майдан жауынгерлерінің отбасыларына көмектесетін қорға аударады. Кейін бұл ақша танк сатып алуға жұмсалады. Бұл жайт "Комсомольская правда" газетінің 1944 жылдың 17 маусымындағы санында Сталин атынан жарияланды. 

Атақты бір сәт те ойламай, фашистерді тезірек жеңуге өз үлесін қосқан атамыз Ахметтің абыройы ұрпақтан ұрпаққа жетіп келеді".

Алибек Байгебелов, "Евразийская группа" ЖШС-ның
бизнес-процестер моделін қолдау бойынша департаменттің жетекші маманы

"Биыл қаламыздың орталық көшелерінде аталарымыздың суретін асқан абыроймен көтеріп өтетін боламын. Ұлы Отан соғысына бірден екі ағайынды бауырлар аттанды – Қожахмет және Нұрғазы Альмагамбетовтар. 1942 жылы ұлтшылдарға қарсы қиян-кескі шайқастар жүріп жатты. Қожахмет ауыр жараланып, Ленинград облысындағы госпитальге жіберілді. Бір апта өткен соң, қайтыс болып, Ленинград облысындағы бауырластар зиратында жерленді.

Нұрғазы 28-ші Қызылтуорденді атқыштар дивизиясының құрамында Невель қаласын азат ету ұрысына қатысты. Бұл шайқаста біздің қаһарман Мәншүк Мәметова қаза болған еді. Невель қаласын азат еткен соң, дивизия аты 28-ші Невельдік Қызылтуорденді атқыштар дивизиясына ауыстырылды. Нұрғазы 1945 жылы 17 ақпан күні Латвия жерінде, Жеңіске үш ай қалғанда қаза болды. Бауырластар зиратына жерленген. Ол уақытта ешкім ұлтқа бөлінбеген, бәрі иін тіресе бірге болған". 

Ерик Альмагамбетов, "Соколовская" шахтасы басшысының орынбасары

"Менің атам Бақыт Биманалин 1923 жылы дүниеге келген. 18 жасқа толмай-ақ майданға өз еркімен аттанған. Ақтөбе облысы, Алға ауданы, Максим Горький атындағы колхоздың тумасы еді.

Бақыт Биманалин

Сұрапыл соғыс кезінде талай майданда шайқасқан. Соның бірі – жауға жойқын тойтарыс берген Курск түбіндегі кескілескен шайқас. Менің атам сол ұрыста пулеметшілер тобының командирі болған. Майданда ауыр жарақат алып, денсаулығы нашарлаған. Ерлігі мен отанға деген сүйіспеншілігі үшін Қызыл жұлдыз орденімен марапатталған. Сондай-ақ қаһармандығы үшін бірінші және екінші дәрежелі медальдарды тағынған. 1944 жылы ауыр жарақатынан кейін атамды майдан даласына жібермеген. 80 жылдардың ортасына дейін совхозда еңбек етіп, еңбек демалысына шықты".

Тимур Казмухаметов, "Казхром" ТҰК АҚ Донской рудник тау-кен байыту комбинаты, еңбекті қорғау және еңбек гигиенасы бөлімі бойынша жұмыс орындарындағы жетекшілерді бағалау жөніндегі инженері

Tengrinews.kz соғыс жылдарында ерлік танытқан ата-апаларымыздың ерлігін насихаттау мақсатында "Победители" жобасын қолға алған болатын. Оған кез келген қазақстандықтар атсалыса алады. Ол үшін соғысқа қатысқан, соғыс жылдарында еңбек еткен ардагерлер ерлігін және естеліктерімен бөлісе алады. Ол үшін сайтта көрсетілген анкетаны толтырып, аты-жөнін, туған жылын, майдандағы және өзге де еңбек жолы жайлы қысқа ақпарат жазып, суретін жүктеу қажет. Сондай-ақ WhatsApp бойынша "жеңісті" +7-70-09-05-1945 нөміріне жазба жіберуге болады. Жоба ERG компаниясының қолдауымен өтіп жатыр.