Оқи отырыңыз

Өзіңе ұнаған кәсібіңмен шұғылдансаң, өз ұлтыңның туын көкке көтере алсаң – бақыт деген осы!

Автор: Асқар Жұмаділдаев

— Редактор бағаны —

Массагетте қалай блог жазамын?
Массагетте қалай блог жазамын?

Автор: Ербол Жұмабайұлы

Статус: Massaget.kz порталының Экс-бас редакторы

Материал жіберу БЛОГ ЖАЗУ
Негізгі / Арнайы жобалар / 9 мамыр – 2019 / Майданға аттанған жас мұғалімдер

Майданға аттанған жас мұғалімдер

Майданға аттанған жас мұғалімдер

Ұлағатты ұстаз болсам деген арманмен педагогикалық оқу орнына түскен өрімдей жас жігіттер балғын дәурен, бал шағының сұрапыл соғысқа тұспа-тұс келерін сезді дейсіз бе?

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Қазақстанның  1,2 миллионнан астам  ұл-қызы  майданға аттанды. Қазақ елінің әрбір төртінші тұрғыны әскерге немесе тыл еңбегіне тартылды. Сол зұлым майданнан әрбір екінші  жерлесіміз  оралмады. 530-дан астам қазақстандыққа “Кеңес Одағының батыры” атағы берілді, Ұлы Отан соғысына қатысушылардың  тоғызы “Халық қаһарманы” атанды.

9 мамыр мерекесіне орай, “Қазақстандықтар – Кеңес Одағының Батырлары” аталатын антологияны зерделей отырып, назарларыңызға “Кеңес Одағының Батыры” атағын алған ұстаздар тізімін ұсынып отырмыз. Батырларымызды біліп жүрейік, өнегелі өмірін үлгі тұтайық, жастар!

1. Мәлік Ғабдуллин

15.11.1915 Көкшетау облысы, Зеренді ауданы  —  02.01.1973 Алматы

Белгілі қазақ жазушысы, әдебиет зерттеуші, қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор, КСРО Педагогика ғылым академиясының академигі Мәлік Ғабдуллин “Кеңес Одағының Батыры” атағын 1943 жылы алды. Саналы ғұмырын ғылымға арнаған  М.Ғабдуллин 1935 жылы Қазақтың Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық институтын бітірген.

2. Лесбек Бәйімбетұлы Жолдасов

11.02.1920 Сарыағаш ауданы, Қызыләскер ауылы – 12.08.1980 Қызыләскер ауылы

Соғыс және еңбек ардагері Лесбек Бәйімбетұлы “Кеңес Одағының Батыры” атағын 1945 жылы наурыз айының 24 жұлдызында алған. Ол соғыста Қызыл тулы 316-атқыштар дивизиясы құрамында Сумы, Белгород, Орел қалалары маңында, Дунай жағалауында болған ұрыстарға қатысты. Дунай өзенінен өту кезіндегі ұрыста рота командирі Жолдасов асқан ерлік көрсетіп, жаудың 60 солдаты мен офицерін жойды. Соғыстан кейін педагогикалық институтты бітіріп, туған ауылында мектеп директоры болды.

3. Жәнібек Ақатұлы Елеуісов – Кеңес Одағының ең жас Батыры

1925  Ресей, Алтай Республикасы, Усть-Кан ауданы, Тұрат ауылы

Жәнібек Ақатұлы Қазақстанда 1942 жылы мектепті бітірген соң 6-гвардиялық атқыштар дивизиясының 25-гвардиялық атқыштар полкі құрамында Воронеж майданында ұрыстарға қатысты. Алғашқы ұрыстың өзінде пулеметшілер бөлімшесі жаудың 40-қа жуық әскерін жойып, 95 әскерін тұтқынға алды. Елеуісов жаудың 5 әскерін жойды. Ол Десна, Днепр және Припять өзендерінен өтудегі жойқын ұрыстарда ерекше көзге түсті. Осындай ерліктері үшін Елеуісовке 1943 жылы 16 қазан күні “Кеңес Одағының Батыры” атағы берілді. Ол кезде Елеуісов бар болғаны 18 жаста еді. 

4. Ысқақ Ыбыраев

10.05.1911 СҚО Қызылжар ауд. Қаратал ауылы – 13.07.1965 СҚО, Шал ақын ауд. Ыбыраев ауылы

Ысқақ Ыбыраев 1930 жылы Петропавл қаласындағы педагогикалық училищені бітіргеннен кейін Есіл ауданындағы Орталық, Бірлік, Жарқайың аудандарында 12 жыл мұғалім болды. 1942 жылдың  қазан айында Прибалтика майданына жіберіліп, 50-полк рота командирінің саяси бөлімі жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. Висла-Одер операциясы барысында Ыбыраевтың взводы жаудың берік ірі қорғаныс тірегін басып алып, ерлік көрсетті. Оған 1945 жылы 27 ақпанда  “Кеңес Одағының Батыры” атағы берілді.

5. Нағи Ілиясов

06.11.1920 Қызылорда Тереңөзек ауд. "Қызыл коммуна" ауылы – 06.05.1987

Нағи Ілиясов 1929-36 жылдары Арыс және Ташкенттегі балалар үйінде тәрбиеленген. 1936-39 жылы Орта Азия Мемлекеттік университетінде (Ташкент) оқыды. 1939-41 жылы Ташкент маңы Жоғары Шыршық ауданындағы мектепте мұғалім болды. 1941 жылы туған еліне оралып, 37-Жәдігер мектебінде неміс тілі мен тарих пәнінен сабақ берді. Кеңес әскері қатарына 1942 жылдың қаңтарында шақырылды. 1945 жылы 24 наурызда Будапешт қаласын (Венгрия) азат етуде көрсеткен ерлігі үшін “Кеңес Одағының Батыры” атағы беріліп, Ленин ордені мен «Алтын Жұлдыз» медалі коса тапсырылды. 1945 жылы Мәскеуде Кызыл Алаңда өткен Жеңіс шеруіне қатысты.

6. Махмет Қайырбаев

01.01.1925 ШҚО Бесқарағай ауд. Семиярка ауылы – 1996 Павлодар қаласы

Қайырбаев мектептен кейін Павлодар педагогикалық училищесін бітірді. Соғыс басталғанға дейін Семиярка ауылында мектепте мұғалім болды. Ол 18 жасында Александр Невский орденінің иегері атанды. 1944 жылы 19 тамызда Литвадағы Шяуляй қаласының батыс жағында болған ұрыста жау әскері танкімен шабуылға шығып, Кеңес әскері қорғанысын бұза жарып, Шяуляй қаласына кіруге ұмтылды. Қайырбаев өзінің 15 жауынгерімен қоршауда қалып, шайқасып жатқан полк батареяларының біріне көмекке келді. Қайырбаевтың басшылығымен жауынгерлер жаудың 7 шабуылына тойтарыс беріп, бір батальон әскерін жойды. Қайырбаевқа 1945 жылы 24 наурыз күні көрсеткен ерлігі мен тапқырлығы үшін “Кеңес Одағының Батыры” атағы берілді.

7. Қанаш Қамзин

29.11.1919 Павлодар обл. Ақсу ауд. Жолқұдық ауылы – 14.04.1944 Молдавия

Қамзин 1941 жылы Абай атындағы Алматы педагогикалық институтын бітіріп, 1943 жылдан бастап қан майданда болды. 1944 жылдың жазына қарай лейтенант Камзин 52-ші ату дивизиясының 429-шы ату полкіне басшылық етті. Молдавияны жаудан босатуда және Днестр өзенінің маңында өткен шайқаста ерекше көзге түсті. 1944 жылдың 13 қыркүйегінде Қанаш Камзинге “Кеңес Одағының Батыры” атағы берілді.

8. Хамит Қожабергенұлы Көбіков

1916 Алматы обл., Панфилов ауд., Сарыбел ауылы – 08.01.1973 Алматы

Көбіков соғысқа дейін Басқұншы орта мектебінде мұғалім болды. 1942 жылдан соғыс аяқталғанға дейін майданда болды. Көбіков басқарған зеңбірек ерлерін Сталинград түбінде, Днепр мен Одер жағалауында, Берлин мен Прага көшелерінде талқандады. Киев қаласы түбінде Днепр өзенінен өту үшін қатты ұрыстар жүріп жатты. 23-гвардиялық моторлы атқыштар бригадасы артиллерия дивизионының кұрамында шайқасып жүрген Көбіковтің расчеті осы ұрыста жаудың миномет батареясы мен бірнеше пулемет ұясын жойып, адам жағынан да едәуір шығынға ұшыратты. Одер өзенінен өтер кездегі ұрыста да Көбіков расчеті жаудың 3 танкісін, 30-ға жуық әскері мен офицерлерін жойып, 4 бронды машинасын істен шығарды. Оған 1945 жылы 10 сәуірде “Кеңес Одағының Батыры” атағы берілді.

9. Темір Жәнтекеұлы Масин

1907 жылы, Бөкей Орда ауданы – 1947 жылы, Орал қаласы

Темір Масин мұғалім, мектеп директоры, аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі, МТС бастығының саяси жұмыс жөніндегі орынбасары болған.
Кеңес әскері қатарына 1941 жылдың шілдесінде шақырылып, 1-Беларусь майданы 3-армия құрамында шайқасқа қатысты. 1944 жылы 1 шілдеде Могилев-Минск тас жолын жаудан қорғаудағы ерлігі үшін капитан Масинге “Кеңес Одағының Батыры” атағы берілді.

10. Серікбай Мүткенов

1913 Павлодар облысы, Чкалов ауылы — 1944 Украина, Ризино ауылы

Серікбай кедей отбасында дүниеге келіп, мектепке құрдастарынан кейін барғанымен, өзінің зеректігі арқасында оқуды жақсы аяқтайды. Жетіжылдықты бітірген соң, бастауыш мектеп мұғалімі қызметін атқарады. Сонымен қатар, Павлодар педогогикалық училищесін тәмамдаған.
Ол соғысқа аттанғаннан кейін Днепрді азат етуге қатысып, ұрыс барысында 40-қа жуық гитлершілердің көзін жояды. 1944 жылы 9 ақпанда Серікбай Мүткеновке “Кеңес Одағының Батыры” атағы берілді. Ол Ризино ауылының түбіндегі ұрыс барысында 1944 жылы 15 қаңтарда қайтыс болды.

11. Қазыбек Бейсенұлы Нұржанов

1919 Қарағанды, Ақтоғай - 1945, Беларусь, Волковыск қаласы

Қарқаралы педагогикалық техникумын бітіріп, Шет ауданында мұғалім қызметінде болды. 1939 жылы Кеңес әскері қатарына шақырылып, Волга, Десна, Сож, Днепр, Друть, Березина өзендерінен өткен барлаушы Нұржановтың майдан жолы ерлік пен даңққа толы болды. Волковыск қаласы үшін болған ұрыста қаһармандық ерлік көрсетті. Оған 1945 жылы 24 наурызда Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. 

12. Жолдыбай Нұрлыбаев

20 мамыр 1922 ОҚО Үнімкер ауылы – 30 каңтар 1945

Жолдыбай Нұрлыбаев 1939-40 жылдар аралыңында қазіргі Қазақ ұлттық университетінің филология, тарих және география факультетінде оқиды. 1940-41 жылдар аралығында Жетісай ауданында тарих және география пәнінің мұғалімі қызметін атқарған. Соғысқа аттанғаннан соң, Сталинградтық шайқаста ерлікпен көзге түседі. 1945 жылы Берлиннен 200 шақырым жердегі шайқас барысында мерт болады. Оған 1945 жылы 24 наурызда Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. 

13. Біліс (Плис) Нұрпейісов

1919 Қызылорда, Қазалы ауд, Біліс өзені бойында – 1945 Берлин

Біліс Нұрпейісов 1935 жылы Төрткүлдегі Қарақалпақ мұғалімдер институтының физика-математика факультетіне окуға түсіп, оны бітірген соң медициналық училищеде, Тақтакөпірдегі орта мектепте қызмет істеді. 1940 жылы Мелитополь Әскери әуе училищесінде оқыды. 1943 жылы майданға аттанып, сол жылдың күзінде жас ұшқыш Дунаевский және атқыш-радист А.Волков үшеуі Жоғары қолбасшылықтың ерекше кұпия тапсырмасымен бірнеше майдан шептері және жау қорғаныстарынан өтіп, Берлинді суретке түсірген. Алыс қашықтыққа ұшып, әскери стратегиялық нысандарды суретке түсіріп, оларды жойғаны үшін Нұрпейісовке Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. 

14. Бейсен Сейітұлы Оңтаев

1922 ОҚО Арыс қаласы  21.06.1991

Бейсен Оңтаев балалар үйінде тәрбиеленген. Шымкент ауылшаруашылық техникумын бітірген соң, сонда қызмет еткен. 1943 жылы соғыс әскері қатарынан табылған Бейсен Днепр түбіндегі шайқаста ерекше көзге түседі.
Әскери нұсқауларды үлгілі орындап ерлік көрсеткені үшін 1943 жылы 30 қазанда Оңтаев Бейсенге Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Шымкент педагогикалық институтын бітіргеннен кейін, орта мектептің директоры қызметін атқарды. 

15. Есмұрат Сыйқымов

1922 Алматы облысы Ақсу ауылы   13.9.1943 Беларусь

Соғысқа дейін Қапал кентіндегі педагогикалық училищеде оқыған. 1943 жылы күзде 74-атқыштар дивизиясының полктері артиллериялық күшті атыс даярлығынан соң жаудың қорғаныс шебінің бір телімін бұзып өтті. командирі Сыйқымов шабуылдаушылардың алдыңғы қатарында болды. Шабуылдаушы жауынгерлерді жау әскері оқпен жусатып салды. Жалғыз қалған Сыйқымов жаудың автоматшылар взводымен екі сағаттан артық шайқасты. Батальон шабуылға шығып, деревня азат етілді. 60-тан аса жау әскерін жойған Сыйқымов осы ұрыста қаза тапты. 1943 жылы 16 қазанда Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Туған жері Ақсу атындағы көшелердің біріне Сыйқымов есімі берілді.

16. Рақымжан Тоқатайұлы Тоқатаев

5 қаңтар 1923 Алматы обл., Қаракемер ауылы  6 желтоқсан 2011

Рақымжан Тоқатайұлы еңбек жолын Есiк қаласында ұстаз болып бастады. 1945 жылдың көктемiнде Карпат жотасында болған ұрыста 13 немiс танкiн атып жойды. Сол шайқаста көрсеткен ерлiгi үшiн «Кеңес Одағының Батыры» атағына ие болып, III дәрежелi «Даңқ орденiмен» марапатталды.
1942 жылы Кеңес әскерiнiң қатарына алынып, Отанды қорғауға барды. Екi рет «Халық ағарту iсiнiң үздiгi» белгiсiмен және Жоғарғы Кеңестiң құрмет грамоталарымен марапатталған.
Соғыстан кейiн Рақымжан Абай атындағы пединститутының физика-математикалық факультетiн бiтiрiп, бiлiм беру жүйесiнде дәрiс берiп, еңбек жолымен ұстаздықтан мектеп директорына дейiн өттi. Есiк қаласында Тоқатаев Рақымжан директор болып қызмет жасаған мектепке Р.Тоқатаев аты берiлдi.

17. Қыдыран Александрұлы Туғанбаев

04.11.1924, Алтай респубикасы — 17.12.1943, Запорож ауданы

1943 жылдың мамырында соғысқа аттанып, Днепр шайқасында көзге түскен. Ерлігімен барша әскерге үлгі көрсеткен. Алған жарақаты негізінде 1943 жылы 17 желтоқсанда қайтыс болды.

18. Ыдырыс Үргенішбаев

07.10.1912 Ақтөбе обл. Шалқар ауд. — 06.10.1943 Белоруссия

Ақтөбе педагогикалық училищесін бітірген соң, мектеп директоры қызметін атқарды. 1942 жылдың қаңтарында соғысқа аттанды. Өзі қатысқан шайқастарда Үргенішбаев 90 әскердің көзін жойған. Оған Кеңес Одағаның Батыры атағы 1944 жылы 5 қаңтарда берілді.

19. Ахмедиар Құсайынов 

10.05.1924 БҚО Бөкей Орда ауд. — 05.05.1986

1942 жылдың шілдесінде әскерге, ал 1943 жылы соғысқа аттанады. Минометші болған Құсайынов ерлігімен танылады. Оған 1943 жылдың 1 қарашасында Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Соғыстан кейін Орал қаласында тұрды. 1949 жылы Құсайынов Алматы педагогикалық институтын бітірді.  

20. Қожабай Жазықов

1920 Ақтөбе обл., Көктүбек ауылы —23.10.1982

Мектептен соң Ақтөбедегі педагогикалық училищесін сырттай оқып бітіріп, Амангелді  ауылында мұғалім болды. 1942 жылы қаңтарда Жазықов Кеңес әскері қатарына шақырылды. Жазықовтың барлаушылар взводы Волье деревнясы маңында жаудың шегініп бара жаткан бөлімдеріне тосқауыл жасап, немістердің 120 әскері мен офицерін жойды. 1943 жылы 5 қарашаға қараған түні Жазықовтың взводы Днепропетровск облысының Тегеловка ауылы маңында жаудың бірнеше есе басым қорғаныс бөлімін жойды. Осы ұрыста жау 200-дей әскері мен офицерінен, оқ-дәрі тиеген екі автокөлігінен айырылды. Жазықовтың барлаушылары 60-қа жуық гитлершіні тұтқындады. 1944 жылы желтоқсанның 24-інен 25-іне қараған түні рота командирі және үш офицері бар 70-тен аса адам қолға түсірілді. 25-гвардиялық атқыштар дивизиясы 22-жеке гвардиялық барлаушылар ротасының взвод командирі Жазықовтың ерліктері мен тапқырлығы үшін 1945 жылы 28 сәуірде Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Соғыстан кейін Жазықов Орал педагогикалық институтының тарих факультетін бітіріп, мектепте мұғалім қызметін атқарды.

0
Рейтинг: +1

Дайындаған: Айымгүл Оралқызы
Фото: vk.com
Қосылған күні: 03 мамыр, 05:13

Соңғы аудармалар

Қайсар До Бон Сун  #7
Қайсар До Бон Сун #7

До Бон Сун – ерекше қыз. Өйткені, оның бойында тұқымқуалайтын қасиет алпауыт күшке ие. Ол тек қыздаға беріледі. Бұл қасиеті үшін өзінен ұялатын қыз қалайша барлық қиындыққа қарсы тұра білді? Оған қолдау көрсеткен кім? 

BTS - Go Go
BTS - Go Go

Топ: BTS немесе Beyond The Scene  Дебют: 2013 жыл,...

VROMANCE feat. Obroject -
VROMANCE feat. Obroject - "Ғашықпын" (Fall In Love)

Массагет сайтында жарық көріп жүрген "Қайсар До Бон Сунның" сезімге толы саундтрегін назарларыңызға ұсынамыз.