Соғыс туралы өлеңдер

Соғыс туралы өлеңдер
Фото: planeta.com

Қасым Аманжолов 

Үстімде сұр шинелім, 
Ақсаңдай басып келемін. 
Қанды кырғын, қызыл от, 
Қаптап жүр ажал дегенің. 

Үстімде сүр шинелім, 
Ақсаңдай басып келемін. 
Қағып-соғып жығар ма 
Оңайлықпен мені өлім! 

Үстімде сүр шинелім, 
Ақсаңдай басып келемін. 
Баяғы Қасым, бір Қасым, 
Баяғы күйім, өлеңім.

Үстімде сүр шинелім, 
Ақсаңдай басып келемін. 
Ұмытса да достарым, 
Ұмытар ма мені елім! 

Сырбай Мәуленов 

Қараңғыда көрген жоқ оны ешкім де, 
Келе жатты ұрланып соғыс түнде. 
Келе жатты ол қап-қара, бүйі болып, 
Жолбарыс боп жалаңдап жол үстінде. 
Келе жатты ол қан сасып үсті-басы, 
Күн сәулелі егіннің үстін басып, 
Жалғыз көзді обаған жалмауыздай, 
Келе жатты ол ысқырып, ұшқын шашып. 
Келе жатты ол мың-миллион қабірімен, 
Освенцимнің от шашқан тамұғымен. 
Танкпенен таптады көгершінді, 
Шегіршінді қопарды тамырымен. 
— Қоштас,— деді ол,— туған ел, жеріңменен, 
Тастарды да күйдірді темірменен. 
Миллиондаған жандардың атын жойып, 
Құлақкесті құл етті нөмірлеген. 
— Қоштас,— деді ол,— біржола 
күлкіменен, 
Таң нұрымен, 
Кешкі аспан бұлтыменен. 
— Қоштас,— деді ол,— Жаңбырдың жас иісімен, 
Тауларың мен шыңына күн түнеген. 
Соғыс келді батар күн жалқынымен, 
Өзендердің көктемір толқынымен. 
Қаратастың қатыгез қабағымен, 
Сары құмның сары жез салқынымен. 
Қара жерді қапсырып бауыр басқан, 
Өртенеді ерте-кеш жанып аспан. 
Қара ағаштар қабірге қарауыл боп, 
Қара түнде қабарып жалын шашқан. 
Шомылады лапылдап жалынға күн, 
Қанаттары қып-қызыл қайыңдардың. 
Жолақ-жолақ іздері қанды жастың, 
Дүниені қаптаған тарғыл тасқын. 
Қорғасындай ериді. 
Күлкі жанып, 
Шартылдайды аспанның бұлты жанып. 
Қалың оттың ішінде жап-жалаңаш, 
Көзін тырнап жатады ұйқы жанып. 
Соғыс селдей жайылған қанды тасқын, 
Апат болды басына кәрі-жастың. 
Соғыс қиып өмірін жігігтердің, 
Махаббатын ұрлады қарындастың. 
Өлді олар еш қызық көре алмады, 
Жер бетіне жас дәнді себе алмады. 
Олар қайта еліне оралмады, 
Күзде піскен егінді ора алмады. 
Олар өлді тек аспан сау болсын деп, 
Олар өлді туған жер бар болсын деп. 
Олар өлді ақ арман сөнбесін деп, 
Олар өлді өзгелер өлмесін деп. 
Олар жұтқан ауаны құлатпадық, 
Олар жыртқан даланы жылатпадық, 
Олар өліп кеткенмен, өлмейтұғын 
Даңқыменен Берлинде бір аттадық. 

Мұқағали Мақатаев 

Жасылмен бояп қойған ба?! 
Жап-жасыл таудың бөктері 
Қырлар да, мынау ойлар да, 
Жап-жасыл болып көктеді. 
Соғыстың соңғы көктемі. 
Көп болды, жасыл тауларға, 
Жап-жасыл бұлттар шөккелі. 
Әкелді шуақ бар маңға, 
Соғыстьң соңғы көктемі. 
Соғыстың соңғы көктемі, 
Көп болды нұрын төккелі. 
Жап-жасыл анау аспан да, 
Аспан да, сірә, көктеді. 
Бойына таудың асылып, 
Шұғыла тұрды, көк меңі. 
Қызғанып, гүлін жасырып, 
Қылтанақтар да көктеді. 
Соғыстың соңғы көктемі. 
Жап-жасыл шыбық, тал-дағы, 
Орманның жасыл шекпені. 
Қуанта, бірақ, алмады, 
Сонау бір үйді шеттегі, 
Соғыстың соңғы көктемі... 

Фариза Оңғарсынова 

Бесікте жаттым уілдеп, 
сол бір сұрапыл соғыс күндерде, 
қан кешіп біздің әкелер 
сонау батыста жырақ жүргенде. 
“Жан папа” деген бір ауыз 
сөзді айта алмай қалғандар көп қой, 
бір мен бе?.. 
Жиырмада, қыздар, 
жайқалған гүлдей көз тартып бейне жанасың, 
сол жиырма жаста құшақтап мені қалыпты жалғыз анашым. 
Тұңғышым деген мына мен шіркін кенжесі де боп қалыппын, 
жаза алмай жүрек жарасын. 
Үмітпен әр кез алданушы едім 
Келер деп менің папам да 
(балалық жүрек сезбеді оныңкеткенін мәңгі сапарға). 
Өсірді мені сол ана гүлдей мәпелеп, ержеттім, 
тұрдым қатарда. 
Бақытты балғын сәбилер бүгін жетелеп жүрсе әкесін, 
қызыға қарап, күрсіне қарап, жанынан үнсіз өтесің. 
Еркелік көрмей, мейірім нұрынаң саған көңіл мың толқып, 
елжіреп кетеді екенсің… 
Оралмай кетті әкелер біздің сонау бір ұзақ сапардан, 
бейуақыт сөнді албырт жүрек пен алаулап тұрған от арман. 
Әкенің жүзін көңілге түймей, бесікте ғана қалыппыз, 
жаутаңдап ұзақ есікке қарап өткен күндерге қанықпыз. 
Жұмыстан апам келетін дәйім жанарына нұр тұндырып, 
сәби жаныма дақ салмау үшін әдейі екен-ау бұл қылық. 
“Жеңіспен папаң 
оралар ертең”, -дейтін ол бізді қуантып, 
үмітсіз,үнсіз жүруден, достар, күту деген мың артық. 
Жеттік-ау бір күн жеңіске біз де, тойлады бүкіл
халқымыз,
жеңістің күйі – ерліктің күйі даланы кернеп шалқыды.
Алаулап тулар, алқызыл тулар,
жарқылдап жеңіс жұлдызы,
жан әкем бірақ оралмай кетті,
көре алмай кетті ұл-қызын.
Біз жүрміз бүгін шым-шытыр жолын қуалап үлкен өмірдің,
аялы сол бір алақанды аңсап,
солады кейде көңіл-гүл.
Алаңдардағы алаулы туды көрген сәттерде тоқталам:
әкемнің, сірә, мен үшін
төккен қаны емес пе екен деп қалам.

Т. Раушанұлы