Батырлық пен ерлік туралы нақыл сөздер

Батырлық пен ерлік туралы нақыл сөздер
Фото: Азаттық радиосы

Қазақ халқы елінен шыққан әрбір батырын құрмет тұтатын халық. Ал, бұл батырлық мирасқорлық жолымен берілмейді, оған әрбір адам жеке басының ерлігімен ғана жете алады. Мұндай құрметті атаққа ие болып, соған сай болудың өзі бір ерлік. Жырына қосып қанша ақын батырлықты, батырды жырласа да, шегіне жете алмайды. Назарларыңызға осыған сай батырлық, ерлік жайында айтылған ұлылардың ұлы сөзін ұсынамыз.

Жігітті жылы сөз ширатпайды, сын ширатады.

Мұхтар Әуезов

Батыл жүрек барлық қиындықтарды жеңеді.

Мигель де Сааведра Сервантес

Ермін деген жігітті
Кеңшілікте сынама.

Махамбет Өтемісұлы

Бізде азамат сыны – ерлік, ерлік өзі – елдік сыны.

Мұхтар Әуезов

Батыр болса, бола білсін қайырлы,
Кеудесі кең, ақыл-ойға пайымды.

Мақтымқұлы

Қолын кессең бір сөз айтпас,
Шын қаһарман ер жігіттер.

Мақтымқұлы

Жексұрын, жаман қылықтың алдындағы қорқыныш нағыз батылдық.

Бенджамин Джонсон

Күрес, майдан, ерлік тілер жігіттен.

Мұса Жәлел

Ешкім іштей батыр болып тумайды. Батырлық та мінез секілді өскен орта, көрген тәрбиеге байланысты қалыптасады.

Бауыржан Момышұлы

Батырлық – тәуекел мен ақылдың есебінен шығуға тиіс. Тәуекел кейде ақылды да ақтап алады. Ал, ақылсыз тәуекел ешкімді де ақтай алмайды.

Бауыржан Момышұлы

Қабырғасын қаусатып,
Бір-біртіндеп сөксе де,
Қабағын шытпас ер керек,
Біздің бүйткен бұл іске!

Махамбет Өтемісұлы

Ерлік, қайрат үнемі ірі жұмыста көріне бермей, күндегі уақ-түйек жұмыста да көрінуі керек.

Жүсіпбек Аймауытов

Адамгершілік кімде болса, соны ер деп есепте.

Ахмед Иүгінеки

Тоқтамға келгіш ер жүрек болыңдар: бұл табыстың кілті.

Қаюм Насыри

Нағыз ер болсаң, сол атаққа ие бола біл.

Сайф Сараи

Ерлік қолдың күші де, семсерді сілтей білу өнері де емес, ерлік – өзіне-өзі ие болып, әділ болу.

Сағди

Наркескен қайырылмайтын қылыш болса,
Мінезі, ақыл, өнерлі дұрыс болса...
Ақылды, сабырлы ер деп соны айтамыз,
Еткені берекелі жұмыс болса...

Ақансері Қорамсаұлы

Қазанат қамшы тигізбейді,
Азамат жоғын білгізбейді.

Кенен Әзірбаев

Батыр жауда сыналады,
Жуас жайда сыналады.

Маxмуд Қашғари

Батыр − ол адамзат қоғамының мүддесі үшін, сын сағатта қолынан келген барлық мүмкіндікті жасай алатын адам.

Юлиус Фучик

Батырлық, сергектік, ерлік әр жерде-ақ, әр жағдайда-ақ қажет болса да, олар өнерден туындап жатпаса зая кетпек.

Александр Васильевич Суворов

Адамды қандай істе болса да ұстамдылықта, ойындағысын тайсалмай айтуда, қайсы бір мұқтаждыққа төзуде, шыдамдылықта, батылдықта ерлік көрсете алатындай жағдайға қоймайынша оны ержүрек етіп тәрбиелеуге болмайды.

Антон Семенович Макаренко

Батырлықты ұятсыздықпен және алаңғасарлықпен шатастырмау қажет.

Жан Жак Руссо

Ерлік қауіп-қатерді батылдықпен жеңуден емес, оны қаймықпай қарсы алудан тұрады.

Жан Поль

Ерлік – жан дүниенің ұлы қасиеті.

Николай Михайлович Карамзин

Ерлік – аяулы қасиет, онымен адамдар қауіп-қатер үстінде тамаша істер істейді.

Аристотель

...өзінің құштарлықтарына билігін жүргізген адам да ер.

Демокрит

Ерлік – үрейді жирене жек көру.

Луций Анней Сенека

Ер жүрек адамды оққа байлауға да, оққа айдауға да болады.

Василий Александрович Сухомлинский

Ең қиыны – күн сайынғы, көп жылдық еңбек ерлігі.

Василий Александровия Сухомлинский

Ойдың алғырлығы, қайраттың іскерлігі бәрінен де мәндірек.

Николай Гаврилович Чернышевский

Туған ұлдан не пайда – қолына найза алмаса, атаның жолын қумаса.

Махамбет Өтемісұлы

Н. Үсенова